Қостанай қаласындағы жалпы білім беретін 23-мектептің оқушысы Инсар Сәбиев бұл жарыста жеңімпаз атанды. Инсардың спортпен шұғылдана бастағанына сегіз жылдай уақыт болған.
– Бүгінгі жарыс өте тартысты өтті. Қарсыластарымның екеуі де осы қаланың балалары болды. Бапкерлерімнің кеңесінің арқасында таза жеңіспен ұттым, – дейді Инсар.

Владислав Альмеев те өз салмағы бойынша қарсыластарын жеңіп, бірінші орынды иеленді. Ол қаладағы №7 мектептің оқушысы. Владислав пен Инсар Сауран дзюдо клубында Ербол Шәкіровтің қол астында жаттығады.
– Жеті жылдан бері дзюдомен айналысып келемін. Бұл жеңісімді үздіксіз жаттығудың нәтижесі деп білемін, – дейді Владислав.
Айта кетейік, турнирге облыстың әр өңірінен 12 команда қатысып, жас балуандар 18 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті.

– Жарысқа Қостанай қаласынан төрт команда, сондай-ақ Арқалық, Рудный, Лисаков қалалары мен Әулиекөл ауданынан спортшылар келді. Турнир жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Балалар жақсы өнер көрсетті. Шамамен екі аптадан кейін Әулиекөлде облыстық дода өтеді, – деді жарыстың бас төрешісі Евгений Мовчан.
Аталған турнирде бірінші және екінші орын алған жас спортшылар қазан айында Павлодар қаласында өтетін республикалық чемпионатқа жолдама алады.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Айдын Төлеубай
