Шаңырақтың шаттығы

Шаңырақтың шаттығы

Шаңырақтың шырайын кіргізіп, отбасылық құндылықтарды дәріптеген өнегелі жанұялар аз емес. Қазақ қашаннан жанұяның жылуын сақтап, мерейін асқақтатқан. Отбасының бірлігі – отанның беріктігі, ағайынның татулығы – атамекеннің тұтастығы. Осы отбасының құндылығын дәріптеу үшін елімізде 2014 жылдан бастап «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өтіп келеді.

Бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын насихаттай түсетін, тағылымы мол бастама әлі үзілген емес. Бұл байқауға қатысқан отбасылардың барлығы да – нағыз мерейлі жеңімпаздар.

Биыл да 15 мамыр – халықаралық отбасы күні «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының басталғаны жарияланды. Конкурсқа қатысуға өтініш 15 маусымға дейін қабылданды. Облыстық турға қатысуға облыстың барлық аймақтарынан барлығы 95 өтінім келіп түсті. Шілде айында комиссия отырысы өтіп, «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары, сондай-ақ «Дәстүрлі отбасы», «Салауатты отбасы», «Қайсар отбасы», «Өнерлі отбасы»номинациялары бойынша лауреаттар анықталды.

Осы байқауға Денисов ауданынан Қадырбаевтар отбасы қатысты. Отбасының ұйытқысы Бақытжамал Қадырбаева көп балалы ана, тыл еңбеккері. Бақытжамал әже соғыстың ауыр жылдарында дүниеге келген еді. Балалық шағы да тәтті болмады. Жолдасы екеуі 7 бала сүйді, қызығын көреміз дегенде отағасы ауырып қайтыс болды да, отбасының бар нығметі бір өзінің мойнына артылды. Жеті баланың үлкені Гүлзейнеп 18-ге толмаған еді. Ал кенжесі Гүлнар үш-ақ жаста болатын. Қазақ әйелі қашан да қайсарлығымен, ақылымен даралана білген. Бақытжамал апа ештеңеге мойымай балаларын ешкімнен кем қылмай бір өзі жеткізді. Жұмыстан да қалмай бар баласын оқытты.

– Әкеден ерте қалсам да жетімдіктің дәмін татпадым. Оның бәрі де анамның арқасында. Бәріміз бауырмал, бір-бірімізге мейірімді болып өстік. Үлкеніміз кішімізге қарап, анамызға барынша көмек беретінбіз, – дейді Гүлнар Қадырбаева.

Қазір Бақытжамал апа жапырағын жайған бәйтеректей. Балаларынан 12 немере, 8 шөбере сүйіп отыр. Үш баласы зейнеткер, өздіре де ата-әже атанғалы қашан. Немерелері еліміздің әр жерінде жемісті еңбек етіп жүр. Шөбересінің өзі отан алдындағы борышын өтеп, елге аман-есен келген.

Бақытжамал әже өмір бойы еңбек еткен. Денисов ауданының Фрунзенск ауылында тұрады. Осы ауылдан ешқайда кеткісі жоқ. Жастық шағы да осы ауылда өтті. Құс фабрикасында еңбек етті.

–Біздің отбасымызда бәріміздің басымызды қосатын дәстүрлі екі мереке бар. Оның бірі – 9 мамыр Жеңіс күні болса, екіншісі – анамыздың туған күні. Күнтізбенің осы екі күнінде бәріміз міндетті түрде қара шаңырақ, анам отырған үйге жиналамыз. Анам бәріміз үйге келгенде бір жасап, қуанып қалады. Ал біз анамыздың қасында балалыққа оралып, барлығын ұмытып, рахаттанып қаламыз. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген осы шығар, – дейді Бақытжамал әженің кенжесі.

Енді байқаудың облыстық кезеңінің лауреаттарын марапаттау рәсімі салтанатты түрде тамыз айында өтеді. Облыс әкімінің грамоталары мен сыйлықтары табысталатын болады. Шараға облыстың түкпір-түкпірінен 11 отбасы шақырылды. Бұл отбасылардың әрқайсысы шығармашылық, спорт және отбасылық және ұлттық дәстүрлерді сақтау саласындағы бірегей жетістіктерімен ерекшеленген. Облыстық кезеңнің жеңімпазына 1 миллион теңгенің сертификаты табыс етіледі және олар ағымдағы жылдың қыркүйек айында Отбасы күні қарсаңында Астанада өтетін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының лауреаттарын марапаттау рәсіміне қатысады.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Жаңалықтармен бөлісу