Аманкелді ауданындағы су тасқынының толастар түрі көрінбейді. Табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккен халықтың қазіргі жай-күйінен тұтас ел хабардар болып отыр. Осынау қиын сәттегі Аманкелді ауылының азаматы, жеке кәсіпкер Данияр Достиярұлы Кайнековтің ерлігін атап өтпеске болмайды.
Өзінің жеке меншігіндегі тракторымен ауыл тұрғындарына қыс бойы көмек беріп келді. Енді кешелі бері әлек салған тасқында да екі күннен бері хабарласқан адамдарға тынымсыз жәрдемдесумен жүр. Қарапайым азамат мұны ел алдындағы перзенттік парызы санайтынын айтады.
«Біздің қолымызда тиегіш тұрғаннан кейін халықтың жаны қысылып жатқан кезде үйде жатып алғанымыз жарамас. Дәрменіміздің жеткенше елге пайдамыз тисін деп тыным көрмей жүрміз. Жалғыз мен емес, «Аман су» мекемесі де қолдан келгенін аяп қалып жатқан жоқ. Өзіміздің Аманкелдінің жүргізушілерінің бәрі көмектесіп жатыр. Аллаға шүкір, ауылымыз ұйымшыл. Бұл қиындықты да көппен бірге жеңеміз!» – дейді кәсіпкер.
Ауыл тұрғындары да осы жанашырлығы үшін Даниярға зор алғысын айтып отыр.
«Әуре-сарсаң болып, түнімен көз ілгеніміз жоқ. Данияр ініміздің үнемі: «Апай, сіз қай маңайда тұрасыз? Бара жатырмыз!» деп шарқ ұрып жүргені көңілімізге медеу болды. Кеше кешкісін тағы да хабарластым. «Данияр, тағы көмегің керек, келесің бе?» дегенім сол еді, есік алдына түскен бір КамАЗ құмды суға батып тұрған жерімізге әп сәтте апарып берді», – дейді Бақыткүл есімді ауыл тұрғыны.