“Өзендер тасыса, өңірлер суға кетуі мүмкін”. Тұрғындар дабыл қағып жатыр (ВИДЕО)

“Өзендер тасыса, өңірлер суға кетуі мүмкін”. Тұрғындар дабыл қағып жатыр (ВИДЕО)

Қостанай облысының оңтүстік өңірлері, яғни Арқалық қаласы, Аманкелді, Жанкелдин аудандары тасқын судан қатты зардап шегуі мүмкін. Ел азаматтары, қалың жұртшылық осылай деп дабыл қағып отыр.

Қар күрт еріп, бірнеше елді мекен қызыл су астында қалып, шалғайдағы тұрғындардың қиын жағдайда қалғанын бұған дейін де хабарлаған едік. Шұғыл шара қабылданбаса, жағдай одан бетер ушығып, тасқыннан зардап шегетін ауыл-аймақтар саны еселене түсуі мүмкін.

Белгілі қоғам белсендісі Жомарт Түбекбаев фейсбук-парақшасында қазіргі ахуал мен жорамалды қауіп-қатер туралы алаңдаушылығын білдіріп, жазба қалдырды.

«Бірәлі елді мекенінен Жангелді Ғапбас жіберген хабар бойынша, Жыланшық өзені қатты тасып жатыр. Себебі күзде жаңбыр көп түсіп, жерде тоң қалың болды. Бес-алты күнде Торғай, Жалдама өзендері тасиды, бойында отырған Арқалық, Аманкелді, Жанкелдин аудандарының шаруаларын мал-жанымен қауіпсіз жерге көшірмесе, үлкен опат болуы мүмкін», – деп дабыл қағады ол.

Оның айтуынша, мұндай қарқыны қатты ғаламат тасқын 90-шы жылдары, Торғай облысы кезінде болған. Сол тасқын дәлме-дәл қайталанғалы тұр. Қазірдің өзінде Арқалық, Аманкелді суға малшынып жатыр. Мұндай бейнет торғайлықтардың да басына түсуі ықтимал. Жанкелдин ауданы әкімдігіне хабарласып, өңірдегі қазіргі ахуал туралы ақпарат алдық.

“Торғай-Шеген-Ақшығанақ бағытындағы көтерме жолдың 2-5 шақырымы аралығында еріген қар суы жол бетімен жүруіне байланысты, 200 тонна инертті материалдар жол жиегіне төгілді. Осы бағыттағы жолдың 15 шақырымында да еріген қар суы,  су ағарлардан өтіп үлгермей, көтерме жол үстімен жүріп жатқаны анықталып, тиісті шаралар қабылданды. Көлік қатынасы тоқтамаған, бірақ кеше сағат 17-18.00 аралығында 13 шақырымынан қайта су көтеріліп грейдерді жырып кетті, қалыпқа келтіру жүргізуге мүмкіндік бар, бірақ басты ағын су  өткенін байқап отырмыз”, – делінеді аудан әкімі Шота Оспановтың хабарламасында.

Оның мәліметінше, қазіргі уақытта Шұбалаң-Қарасу бағытындағы көтерме жолдың үстінен еріген қар суы бірнеше жерден жол үстімен өтіп жатыр. Тиісті техникалармен бөгеу және қалыпқа келтіру жұмыстары Торғай-Шеген-Ақшығанақ автожолын қалыпқа келтіріп барып жүргізілмек. Ал Тәуіш ауылының ішіндегі еріген қар суы су ағарлардан өтіп үлгермеуі салдарынан жиналып, 4 мотопомпамен суды басқа бағытқа бұру жұмыстары облыстық төтенше жағдай департаментінің және Жаркөл ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкерлерінің күш біріктіруімен жүргізілу үстінде.

“Жалпы айтқанда, ауылға шығатын жолдардан жоғарыда айтқандай қар суының өтуі ғана орын алып тұр, ал елді-мекенге, жеке тұрғын үйлерге төнген қауіптің алдын алу жұмыстарын жүргізудеміз. Аудандағы жететін 5 өзеннің ішінде тасқын судың Жыланшық өзеніне келуі бар, әзір елді-мекенге төндіріп тұрған жоқ, жағалардағы шаруалармен қауіптің алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілді”, – делінген аудан әкімі ақпаратында.

Қазір біз сөз етіп отырған қай өңірде де күндіз-түні толассыз күрес жүргізіліп жатыр. Зардап шеккен мекендерге барлық күш құрылымдары жұмылдырылған. Облыс әкімі де, ТЖД басшылығы да су басқан оңтүстік өңірлерде жүргенін қайталай өтейік. Жағдайды бақылауда ұстап, үнемі ақпарат беріп отыратын боламыз.

Жаңалықтармен бөлісу