Аталған жобаға Ш.Уәлиханов атындағы №1 жалпы білім беретін мектебінде оқушылар мен ата-аналардың қатысып, түрлі танымдық, тәрбиелік және шығармашылық іс-шаралар ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінді.
«Кітап оқитын отбасы – бақытты отбасы» атты отбасылық байқау өткізіліп, ата-аналар мен балалардың кітапқа деген ортақ қызығушылығын арттырды. Байқауда отбасылық кітап оқу дәстүрі насихатталып, кітаптың ұрпақ тәрбиесіндегі орны бағаланды.
«Отбасымызбен бірге кітап оқимыз» әдеби оқу сағатында оқушылар ата-аналарымен бірге сүйікті шығармаларын оқып, олардың мазмұны мен тәрбиелік мәні туралы ой бөлісті. Бұл іс-шара отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасын нығайтып, бірлесіп кітап оқудың маңызын көрсетті.
«Әжемнің ертегісі –тәрбиенің бастауы» тағылымды кездесуі барысында ұлттық құндылықтар мен халық ауыз әдебиетін дәріптеуге басымдық берілді. Ертегілер мен өнегелі әңгімелер арқылы оқушылар мейірімділікке, адалдыққа, үлкенді құрметтеуге тәрбиеленді.
«Менің сүйікті кітабым» кітап көрмесі мен «Оқыған кітабым – алған тағылымым» атты шығармашылық іс-шарада оқушылар өздері оқыған шығармаларын таныстырып, сүйікті кейіпкерлері туралы әңгімеледі.
Осылайша, балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға, өз ойын еркін жеткізуіне және көркем әдебиетке қызығушылығын арттыруға мүмкіндік жасалды.
«Бір отбасы – бір кітап» оқу челленджі де отбасылық кітап оқу дәстүрін кеңінен насихаттауға бағытталды. Ата-аналар мен балалардың кітапты бірге оқып, алған әсерлерімен бөлісуі отбасындағы рухани байланысты нығайтуға ықпал етті.

Сондай-ақ «Кітаппен өткен бір кеш», «Оқырман отбасы – өнегелі отбасы», «Кітап – отбасының рухани қазынасы» құралыптас тәрбиелік іс-шаралары арқылы оқушылардың кітап оқуға деген ынтасын арттыру, бос уақытын тиімді ұйымдастыру және отбасылық құндылықтарды дәріптеу жұмыстары жалғасын тапты.

Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақмарал Шалдыбайдың айтуынша «Кітап оқитын әулет» жобасының басты ерекшелігі – кітап оқуды тек мектеп қабырғасындағы міндет ретінде емес, әр отбасының күнделікті өміріндегі игі дәстүрге айналдыру. Себебі кітап оқитын ата-ана – баласына үлгі, ал кітаппен дос болған бала – болашағынан үміт күттіретін саналы ұрпақ.
«Кітап оқитын ұрпақ – кемел келешектің кепілі. Кітап оқитын отбасы – рухани бай отбасы. Ал рухани бай отбасы – білімді, тәрбиелі, парасатты қоғамның негізі. Алдағы уақытта да мектебімізде «Кітап қитын әулет» жобасы аясындағы жұмыстарды жүйелі жалғастырып, оқушылар мен ата-аналарды кітап оқуға баулу, отбасылық оқу мәдениетін қалыптастыру бағытындағы игі бастамаларды дамыту көзделуде», – дейді Ақмарал Ибаділдәқызы.
«Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген дана халқымыз кітаптың адам өміріндегі маңызын ежелден жоғары бағалаған. Кітап оқу – адамның ой-өрісін кеңейтіп, дүниетанымын байытатын, рухани құндылықтарын қалыптастыратын игі дәстүр. Осы орайда жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, отбасылық кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және ата-ана мен мектеп арасындағы байланысты нығайту мақсатындағы «Кітап оқитын әулет» жобасы да ерекше маңызға ие.
Мұрат Жүнісұлы Арқалық қаласы
