«Ұлылар — ұлттың ұстыны» облыстық ашық жазба айтыстың алтыншы жұбына да кезек келді. Алдарыңызда — Амангелді ауданының намысын қорғай келген ақын Ернұр Әуезхан мен Қостанай қаласының үміткері Ерназар Есенгелді. Қос дарынның жыр-жарысын бірге оқып, лайық бағасын бере отырайық!
Ернұр:
Өлеңнің соғу үшін алдаспанын,
Өнерде ешкімменен жауласпадым.
Өңірдегі жиса егер өлеңшіні,
Өзімде үлесімді жөн қосқаным.
Ассалаумағалейкүм, оқырман ел,
Бармысың, бірге туған қандастарым?
“Оқы, оқы, Рабыңның атыменен
оқы”, — деп Құран айтқан алғаш бәрін.
“Бір Аллаға сыйынып оқылық”, — деп,
Ыбырай елге арнаған бар дастанын.
Атамның мерейтойы екен биыл,
Мектебі сенде ашылған алғашқы оның.
Атамызға арналған бұл айтыста
Құдай десем, қалайша жанбас бағым?
Сөздің басы “Біссіміллә” , “Рахманнан”
Алланың атыменен ал, бастадым.
Тобыл боп ақпасамда сарқыраған,
Есіл боп тулайын бір арқыраған.
“Қостанай таңы” дода бастап берсе,
Қостаудың бөтен емес салты маған.
Ыбырай атамызды кім білмейді,
Атына қанық оның жарты ғалам.
Болашақ ұрпақ үшін мектеп ашып,
Білімін жан емес қой сарқымаған.
Бүгінгі ұрпақ бақытты, мирас көріп,
Бастау алған білімдей бал тұмадан.
Ауылдан алыс жақта жүргесін бе,
Азамат болады екен халқына алаң.
Алтынсарин атамның елі аман ба
Алтынның сынығындай жарқыраған?!
Елін сүйер азамат — ер ғажабы,
Ер ғажап болса, тимес елге азабы.
Ернұрмен бәсекеге түспек екен
Есенгелді абыздың Ерназары.
Ержетіп қалыпты ғой бұл інім де,
Ешкімнен деме жырды кем жазады.
Екеуіміздің бүгінгі сөз сайыста,
Ең мықтысы, бауырым, төрге озады.
Ендеше кезек бердім інімізге,
Естілсін есті сөздің елге азаны.
Ерназар, намысыңды қолдан берме,
Ернұр түгіл, өзіңде ел назары.
Ерназар:
Айбек деген ағамыз — мақтаны елдің,
Шәкірті едің айтысы ақтаңгердің.
Мансабын аяқтап жатқан кезде,
Суырылып, орнын өзің басқан едің.
Ұстазыңның жолын қуған шәкірт болып,
Арқалықтан Астанаға тартқан едің.
Ондағы ойың — сүбелі еңбек ету,
Қалам тербеп, газеттен бақ тапқан едің.
Өнеріңмен талай-талай бәйге алып,
Бас жүлденің дәмін де татқан едің.
Жас тұлпары ардақты Арқалықтың,
Аманбысың, алдаспан ақтаңгерім!
Көгімде қыран құсым қалықтаған,
Жерім кең, шұрайлы алып далам.
Бұл жерде кімдер келіп, кім кетпеді,
Бүгінде елім дамып, шарықтаған.
Ыбырайлар салып кеткен сара жолмен
Білімділер оқудан жалықпаған.
Сол мектептің сарқытын ішкендер бар,
Сәлім мен Ақылбектер таныс маған.
Бүгінде 75 пен 80 жылдық мерейлі жыл,
Біреуіне Құранды бағыштағам,
Біреуінің кешінен қалыспағам.
Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы,
Өлмейтұғын өнері қарыштаған?
Руханиятқа қосқан көп үлестері
Болашаққа нық қадам бағыттаған.
Кезекті бұрайын мен ағамызға,
Айтысып, міне, бүгін додамызда.
Кезекті бердім сізге ізетпенен,
Көсіліп, кеңге жайып шабамыз ба?
Айтыстың келтіріп сәнін бірге,
Дәмін де кіргізе аламыз ба?
Шабайық бәйге алған сәйгүліктей,
Жан салмай алды-арты, арамызға!
Ернұр:
Кезегімді алайын, берсең, інім,
Шекісер деген едім ерше бүгін.
Ағаңды мақтап ала жөнелдің ғой,
Ақтаңгер бірісің деп сен серінің.
Адалдығым өнерге деп білемін,
Ағаларды үлгі етіп ерсе құлын.
Ақтаңгер болу үшін ұстазымдай,
Айтыста керек көпті еңсеруім.
Ақтаңгер болу қайда, айналайын,
Ақтай алсам сол бақыт ел сенімін.
Қыздырсам айтысыңның аламанын,
Қызырлы ел, айтарымды саралағын.
Ыбырай атам жайлы сөз қозғалса,
Оқытқан дейміз қазақ балаларын.
Ал оның ел білмейді тұңғыш болып,
Кітапхана негізін қалағанын.
Арнайы кітап қорын жинастырып,
Жасады қолдан келген бар амалын.
Оқу-құрал шығарып балалар мен
Оқырманның жасады қалағанын.
Орыс, Шығыс әдебиет аудармасын
Әкеліп, толықтырды саналарын.
Осындай еңбектерін атамыздың,
Керек қой, бүгінгі ұрпақ, бағалауың.
Арманын аманаттап келер күнге,
Заңғары болып қалған замананың.
Ыбырай шамшырақ қой жарық берген,
Келешек ұрпағына бағыт берген.
Атаның жолын үлгі етіп жүрген,
Ерназар, жан емессің сауыққа ерген.
Кітапхана маманы екенсің ғой,
Келесің ұлыларды дәріптеумен.
Өзіңе кезек бердім, айта отыр
Ойларыңды ағаңа тауып көрген.
Бүгінгі кітапхана жайы қалай
Кешегі атам жолын салып берген?
Ерназар:
Қашанда ақтайтын ел сенімін,
Ақын болар екеніне мен сенемін.
Шекісіп мен сізбен неғылайын,
Пұшпағында келеміз бір кеменің.
Болар елдің баласы батыр дейтін,
Текті елден шыққаным білсе мұным.
Ерім дейтін жалғанда ел болмаса,
Қапияда қалад-ау сөнсе Нұрым.
Жырлаймын, жырла десең, көмкеріле,
Сенемін үмітпенен ертеңіме.
Жарты жылдың көлемі болып қалды
Кітапхана ісінде жүргеніме.
Ыбырайдың жолын қуып, дей алмаймын
Ыбыкендей болу-ау қайда бізге.
«Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей-ақ,
Қол созамыз алысқа, айға біз де.
Ыбырайдай болуды армандайтын,
Жастарымыз жоқ емес, мәлім сізге.
Ыбырайды танытқан бар қазаққа
Серікбай, Ақылбек пен Сәлімдер де.
Осындай ағаларым болмаса егер,
Ыбырайды білер ме мәлім ел де.
Кітапханашы болғаныма өкінбеймін,
Мен қазір көп шындықты пікірлеймін.
Қағазбастылықтан әлі де құтыла алмай,
Мен қалай бұл жұмысты шүкір деймін?
Келмеген Сидоров пен Ивановты,
«Келді» деп қағазға мен үтірлеймін.
Шешімді таппай әлі осы істің,
Өтіріктен болып кеттік өкінбейтін.
Жақсы іс ойлардан ойдан туып,
Тәуекелге мен бардым белді буып.
Оқырмандар клубын ашытым және
Ыбырайдай атамыздың жолын қуып.
Аш қасқырдай кірісіп, бұл жұмыспен
Оқырманды көбейттім сол Тредспен.
Зейінді жастарымыз көбейсін деп,
“Зейін” деп атын қойдым сол себептен.
Қазірде бұл ортамыз жандануда,
Жастарымыз оқудан алда мұнда.
Ыбырайдың жағып кеткен шам-шырағын,
Жағамыз деп оқырмандар қамдануда.
Оқудан кеткен сірә есеміз көп,
Оқымаудың көрдік қой кеселін көп.
Кітапхананы ғана сындырып, тонамады,
Кешегі “Қаңтар қырғыныңда” есерің көп.
Зұлымды жақсылықпен жеңгейсін деп,
Күштіні күшті болып жеңбейсін деп,
Ахаңдар оқуға ден қойып кетті,
Біз жүрген жолменен жүргейсін деп!
Біз қалайша Жахаңдардай бола алмаймыз,
Оятып бар қазақты теңдей сүйреп?
Қазақты дамытатын оқу ғана,
Оянсын бар қазақ та, сөнбей жүрек.
Ереке, мына өзіңде не жаңалық?
Күтуде жауап сізден мына халық.
Осымен айтысымыз тәмам болсын,
Қазылар шығарғанша бізге жарлық!
Ернұр:
Қапияда қалар деп «нұрым» сөніп,
Ағасына тұрған жоқ інім сеніп.
Менде сенімен ойым жоқ шекісетін,
Айтыста болғаныңда бүгін серік.
Тартысты айтыс оқысын деген едім,
Газеттің беттеріне үңілсе жұрт.
Ағаңызға тудырма күмәніңді,
Лайлайтын жан емеспін бұлағыңды.
Қапияда қалам деп айтатындай,
Оққа байлап тұрмын ба мынау ұлды.
Інім-ау менен секем ала көрме,
Аға боп шашамын бар шуағымды.
Өсіргелі жүрмесем мерейіңді,
Өшіргелі тұрғам жоқ шырағыңды.
Бөрі жейді, бауырым, бөлінгенді,
Бар ойың ағаңызды жеңу болды.
Кітапхана жағдайын сұрап едім,
Демедің тәуір сөйлеп «жолым болды».
Кітап оқу мәдениетін дамытуға,
Президент жарлық жасап, көңіл бөлді.
Кітапхана саласын дамытады,
Үкімет назар салып өңірге енді.
Зерделі ұлт боламыз күні ертең,
Патшамыз айтқан сөзі сенім берді.
Айтылған олқылықтың орны толар,
Сенікі кемшілікті теру болды.
Сидоров пен Ивановты іздемейсің,
Жағдайың жақсарады сенің де енді.
Ініні жан емеспін сыйламайтын,
Қатесі болса, қатты қинамайтын.
Осыменен айтысты тәмәмдадым,
Өлеңнен болса да ел сый қалайтын.
Аман жүр, Ерназардай ақ бауырым,
Шаңырағына түсуді би қалайтын.
Тілегім сол, күнге жет, айналайын,
Тредстен оқырман жинамайтын.
