Жазба айтыстың алғашқы айналымы мәреге таяды. Соңғы екі жұптың сөз сайысы ғана қалған еді, бірақ амангелділік ақын Еламан Тұрсын айтыстан бас тартып, торғайлық айтыскер Злиха Кенжеғозинаға жеңіс беріліп отыр.
Ендеше, құрметті ағайын, бірінші кезеңді Алтынсарин ауданының әмбебап дарыны Серікболсын Әбікенов пен арқалықтық жас ақын Думан Елубай түйіндейді. Бұлар түйінге татырлық тамаша өнер көрсетті деп сеніммен айта аламыз! Оған өздеріңіз де көз жеткізіңіздер!
Думан:
Білім – бұлақ, лайланып ластанбаған,
Болмайды ма білімнен қашқан надан?
Ассалаумағалейкум, сәлем бердім,
Ақындарға айтыс деп басқан қадам.
Серікболсын серілер жолыменен,
Жүрген жігіт жаңылып, жасқанбаған.
Ілһам-шабыт келгенде жазған жыры –
Жаралғандай шуағын шашқанда таң.
Әуелетіп Әміредей ән салғанда,
Ұйып тыңдар тіршілік, аспан, ғалам!
Есенбісің, ағам-ау, жыр жолында
Кең пейілді құшағын ашқан маған.
Сен – ағамсың, мен – інің болсам-дағы,
Айтыс – өнер емес қой жас таңдаған.
Ал, қазағым, көсіліп шапсын бүгін
Өзің баптап бәйгеге қосқан балаң!
Елім деген айналдым ұлылардан,
Ұмытылмас ұрпаққа жыры қалған.
Серік атам сескенбей сексен жасты,
Күтіп алды алаңсыз, күліп алдан.
Ақын атам Ақылбек жетпіс бесте,
Дүниенің қыр-сырын біліп алған.
Қос ақынның өлеңін оқып талай,
Өлеңменен өмірлік білім алғам.
Өлеңі мен ақылы ақындардың –
Бірі қорған мен үшін, бірі қалқан.
Шешендердей тамызып сөздің майын,
Ақындар бар қозғайтын елдің жайын.
Қызыл тілді қанжар ғып қайрағандар,
Тілгілеуде тайсалмай тілдің жайын.
Ақын сөзі су емес сылдырлаған,
Дәлелдеуге мен соны келдім дайын.
Ақындардың жырының арқасында,
Қарап едік қараусыз жер жағдайын.
Жағымпаздар, жалақор, жексұрындар,
Жұқтыратын қазаққа дертің уайым.
Ада болған кеселден адамдар аз,
Жұғып жатыр дамылсыз әр күн сайын.
Дер кезінде дерттерге дәру табар,
Болса егер ақындарға жар Құдайым!
Ел ертеңін алаңдап ойлап жүрген,
Ақындардың ойлар кім хәлін, жайын?
Сол жайында дерегің болса егер,
Ағажан-ау, сен сайра, мен тыңдайын!
Серікболсын:
Атағы шарлап ұлттың кең даласын,
Қашаннан алып қойған ел бағасын,
«Қостанай таңы», қара шаңырағым,
Қай-кімнен тарихыңмен кем қаласың?
Өзгеден оңашалап орыныңды
Беделдің биігінен берді Алашың!
Ұлт ділі, ұлт өнері, ұлт мүддесі
Дегенде жанып түсер, беу, дарасың!
Ақындар шабытына қамшы басып,
Шаттық-бақ, таңбалатып шер-наласын,
Жазба айтыс жыр-жауһарын жалпақ елде
Жаңғыртып келе жатқан сен ғанасың!
Жасынан жыр-сапардан іздеген құт,
Жан едік көрсетпеген түзде кемдік.
Жампоздар атындағы аламанға
Жетектеп өлең-күлік біз де келдік.
Қаламға айырбастап домбыраны,
Ізгілер бастап берген ізден ердік.
Доданы қыздырар деп, Думан бауыр,
Мен-дағы күтейінші сізден ерлік.
Сұлу сөз, оқалы ойлар ғанибет қой
жатса егер мыңды тәнті, жүзді елең ғып.
Бола алсақ сен де мықты, мен мықты —
Үмітті үздіктіктен үзбегендік!
Отырған халық бізден нақ дәметіп,
Жырласақ тақырыпты тақталы етіп,
Онда біз ондыққа дәл тигеніміз,
От ауыз ақын деген атқа бекіп.
Бір анық: биыл не көп — мерейтой көп,
Жер-жерде дүбір жара жатқан өтіп.
«Ұлылар — ұлт ұстыны» деп төл газет,
Таңдапты бес ұлыны мақтан етіп.
Ыбырай, Жамбыл және Әлихан бар,
Тұр деме Мәриям, Кеңкең сапта нетіп?
Әлбетте сен сөз еткен Секең, Ақаң —
Ақындар ұрпақ жүрген жаттап оқып.
Ағайын алдындағы қос тарлан ғой,
Жаратқан Аллам өзі атпал етіп.
Алайда тақырыпта аттары бар
Алыптарды шығыпсың аттап өтіп.
Тұрғаным бір мәнісін білгім келіп,
Құрғаным емес мұны қақпан етіп.
Сүбені соңына әлде сақтадың ба,
Жырлауға тек тарихи жаққа кетіп?
Әрбірін көретұғын қазағы бақ,
Ұлылар — оразды ұлттың ажары нақ.
Ыбырай Алтынсарин — сарқылмайтын,
Сан ұрпақ сусындайтын таза бұлақ.
Жүрегі ғасыр соққан Жамбыл алып,
Артында қазыналы ғазалы қап.
«Ұлтыңа қызмет қылу мінезден» дер
Мін келмес Әлиханның сөзі анық-ақ.
Ардақты жыр анасы Мәриям апа
Тамсантқан тұтас елді жазары ұнап.
Кең тыныс Кеңшіліктің жойқын жыры
Секілді дауыл күнгі мазалы бақ…
Осымды, Думан інім, жалғап көрсең,
Өзіңше жақсы толғау арнап көрсең,
Жырыңа күш бітер ме ед ғажабырақ.
Думан:
Тигізе алмайтұғын көздегенмен,
Құлпырттың әсем қылып сөзді өлеңмен.
Өлеңге қоспадың деп жампоздарды,
Қатедей түзеп жатсың көзге көрген.
Аруақты кісілерден аттағам жоқ,
Ол үшін жарамайды-ау сөзге келген.
Көзге шыққан сүйелдей, ағажан-ау,
Ұстайтын сөз таппадың өзге жерден.
Ұмытқам жоқ тұлғаларды, қам жемеші,
Ұмытпаймын өлгенше, сөз берем мен.
Аруақтарды, ағажан, жырладым деп,
Өзіңді биік көрме өзгелерден.
Нысанаңнан ауытқып кете көрме,
Нағыз жігіт болсаңыз сөзге мерген.
Құмар біздің өлеңге ел дегенің,
Айтарым бар өлеңмен елге менің.
Өткен жолын елімнің есіме алсам,
Айналады көз жасым көлге менің.
Құдай қолдап, қазағым аман қалды,
Дауылдардан қарағай теңселетін.
Ыбырай жаққан білімнің шырағының
Білеміз әлі күнге сөнбегенін.
Қан майданда Жамбылдың жыры болып,
«Ленинградтық өрең» боп жеңген едім.
Әділетсіз заманда Әлихан боп,
Қазақ үшін бәріне көнген едім.
Майдандағы Мәншүктің ерліктерін
Мәриям боп жыр жазып берген едім.
Аума-төкпе кезеңде өз жерімде
Келімсектен қорлықты көрген едім.
Қаһар шашқан қайғы-мұң оралма деп,
Қайта келмес жеріне көмген едім.
Кез келгенде қырандай көк аспанда,
Қанатымды сермейтін кеңге менің.
Кең пейілді қазақтың жүрегіне
Кеңшіліктің жыры боп енген едім.
Ағамды мен тұлғалар тағдырынан
Сыр шертіп, ой толғар деп сенген едім.
Әй, бірақ та мін іздеп мына менен,
Тапқандай ғой өзіне ең керегін.
Кеңкең, Секең достығы жайлы, аға,
Тыңдай отыр Думанның сен дерегін.
Содан соң жалықпастан жалғап көрші,
Жырыңды жалғағандай мен де сенің.
Мөп-мөлдір өлең тізген Мәриям апа
Жайында бар ма айтарың елге сенің?
Ол екі дос — тарихтай көп дерегі,
Талай сын мен соқпақтан өткен еді.
Елі үшін тек қаламының сиясы емес,
Маңдайының терін де төккен еді.
Жастайынан Нұрханның жырын жаттап,
Өлеңге құмар болып өскен еді.
Құлын-тайдай тебісіп бір ауылда,
Бала күннен көп қызық кешкен еді.
Серік атам өзі бір сұхбатында,
Кеңкеңді былайша ескереді:
«Жасқанбай жайған алып жыр қанатын,
Тіл семсерін тигізбей бұлтаратын.
Ақын тойы жасалды қарт Торғайда,
Алпыс жасқа толғанда Нұрхан ақын.
Кеңшілікпен сонда біз жаяу тарттық,
Кедейлердей байлықтан құр қалатын.
Жолымызда жолығып егде шопыр,
Есте ғой жөнімізді сұрағаны.
Жайымызды айтқасын, шопыр бізге:
– «Бос орын жоқ,
Шөп үстінде барсаңдар, жүр, қарағым», —
Деген шақта ойланбай мініп алдық,
Жөніміз жоқ өлеңнен құр қалатын.
Тойда адам лық толы, көбі сыртта,
Сығылып ішке кіріп, бір қарадым.
Нұрхан жайлы баяндап сахнада,
Сырбай еді сол сәтте тұрған ақын.
Келіп тойға Ғафу да Алматыдан,
Өлең өрді Нұрханның жырлап атын.
Кеңшілікпен екеуміз арнау оқып,
Сахнаға шығуды шын қаладым.
Уақыт болмай сол жолы жұрт алдында,
Оқытты тек өлеңін бір баланың.
Менің әлі-ақ кезегім келер түбі,
Ел алдында өлеңім жырланатын».
Осылайша екі дос бала күннен,
Болып өстік жанымыз жырға жақын.
Ал, аға, ендігі кезек сізде,
Мәриям апа жайында жыр жазатын…
Серікболсын:
Ә, бәсе, сөзің жаңа жөнге келді,
Шашаулы шумақтарың дөңгеленді.
Ширыға түссін деп ем дәл осылай,
Әйтпесе сені дұшпан көрмегем-ді.
Ат-жөнсіз «сен жақсыға» сала берсек,
Шымырлау кім жазады оңды өлеңді?
Бұл жолы жауаптырақ, сауаттырақ
Жыр құрап, бұрқырапсың өрлеп енді.
Әйтпесе әрненің бір басын шалып,
Бармас па ең тақырыпқа кең көлемді.
«Ауытқып нысанамнан» кеткен кезім
Өнердің додасында кем де кем-ді.
Көндірсем айтқаныма қарсыласты,
Сол дер ме сөз ырғаста жеңбегенді?
«Шымшылап», ес жиғызып алмағанда,
Мандытып айтар едің елге неңді?
Жә, жарайды, бостан-бос егеспелік,
Егеспелік өрекпіп, «өңеш керіп».
Нені айтпадық, нені айттық — соны екшелік,
Бірімізді біріміз теңес көріп.
Кеңшілік пен Серіктің достығынан
Тарқатыпсың тәп-тәуір сен естелік.
«Кеңшіліктей қазақта ақын аз» деп,
Классиктің жатады көбі ескеріп.
Небір мықты «Кеңкем!» деп аласарды,
Жалын-ақын жадына елес беріп.
«Өз алдына өлеңнің мектебі!» деп,
Тебіренді небір дүр белес көріп.
Кеңшілікке тереңдеп көрген жазғыш,
Өлеңдегі қуатым демес берік.
Сөйткен ақын есімін ардақтауға
Облыстың төрінде, е, не істедік?
Атында оның не көше, не мүсін жоқ,
Бұл олқыға жауапкер емес пе едік?
Жылда күллі қаламгер думандайтын,
Бір тұрақты фестиваль арнасақ та,
Тілегіміз қалмақшы неге іште өліп?
Шыны керек, әлі күн бұл тұрғыдан
Еш өңірмен әдеби теңеспедік.
Қозғай түссең қоздайтын «қыжыл» көп қой,
Айттың-ау деп бізді ешкім жемес дедік…
…Сөз бұрайын ал енді Мәриямға,
Солай қыл деп отырсың кеңес беріп.
Мәриям ана дейміз ғой үлгі мықты,
Тағдырына бұрмас ем бұл «ғұрыпты».
Жаралғаннан жан болып тұзы жеңіл,
Жүрегіне қасірет тұндырыпты.
Сыздық атты күйші еді сүйген теңі,
Ару шақта ай жүзді, күн қылықты.
Әуелі ұлы, кейіннен жары мерт боп,
Жиырмасында өзегін мұң жұлыпты.
«Көзімде жас, кеудемді қайғы керіп,
Шабақталып, жүрегім қанға батты», —
деп өлеңге жас жесір үн қылыпты.
Елден ұзап, Алматы барған сәттен
Өз ісінде атанып шын білікті,
Мойындалып, сейіліп ескі нала,
Көздерінде кемді күн нұр күліпті.
Серғалидай бесаспап сері өнерпаз
Апамызбен бас құрап, бір жүріпті.
«Халық жауы» дейтұғын қара тізім
Жұтып тынды ұзатпай бұл жігітті.
Жас байланған жанарын өлең сүртіп,
Тасқа айналған жүрегін жыр жібітті.
Бұдан соң да сан мәрте мұң тұмшалап,
Жыртық-жамау көңілін қылды күпті.
«Қара тонын қайғының арқау етіп,
Өксіп жүріп, о, халқым, өлең өрдім», —
деп музаға балапты нұрлы үмітті.
Жиырма жыл «төрт әріп» тізімге алып,
Аңду сапты адамдай тым күдікті.
«Сұмдығы» көп күнделік жазбаларын
Нойыс күштер жоқ етіп, жым қылыпты.
Сөйте жүре ақынның қалды артында
Көптеген жыр кітабы құнды, мықты.
Фаризадай, Күләштай ақын қыздар
«Жыр-анам» деп мың тағзым білдіріпті.
Ал қазір ше?
Жерлестер аты-жөнін
Біледі әйтеу… Одан соң тынды-бітті:
Шынын айтшы, ақынның өлең де емес,
Шумақ та емес,
бір жолын кім біліпті?
Тұлға-болмыс өлеңмен өлшенер ме?
Қамти алмас хас шайыр, шоң шебер де.
Біздің ниет — там-тұмдап дерек беру,
Көп ақпардың жетсе деп бөлшегі елге.
Мәриям апа «Аңыз ғой гүл туралы»,
Жүрегінде халықтың ол семер ме?
Тек әйтеуір «жазғаның мардымсыз» деп,
Өтінерім, өктемсіп, өршеленбе…
Ал, бауырым, ала ғой кезегіңді,
Толықтырар ниетің болса егер де.
Думан:
Бұрындары айтысып көрмеп едім,
Аға, сендей өлең-жыр өрмеп едім.
Бірақ егер ағалық ақыл айтып,
Кемшін тұсын түзесең, жөн көремін.
Бірімізден біріміз мін іздесек,
Түсіріп аламыз-ау ер беделін.
Жасың менен, ағажан, жолың үлкен,
Тіл семсерін мен саған сермемедім.
Әй, бірақ та сен шымшып алмағанда,
Айтар сөзі жоқ деп пе едің елге менің?
Кемеңгер Кеңшіліктей қалам ұстап,
Жыр жазуды арман қып мен келемін.
Мәриямның мөп-мөлдір жырларынан
Моншақ қылар маржанды терген едім.
Жүрегіммен жазылған жырларыма
Жол сілтеп жүрген әлде сен бе менің?
Өлеңім өмір сүрсе менен кейін,
Бәлкім, тең түсерсің, әй, бірақ жеңбегенің.
Кесек-кесек ой тастап, бұқпай тілін,
Ақындықтың жүрсің-ау жықпай туын.
Жыр жолында көшіміз қалыс қалмас,
Сарқылмаса сандықта жыр байлығым.
Шырылдап білеміз ғой шарқ ұрғанмен,
Жалғыз жанның үнінің шықпайтынын.
Кеңшілікке фестиваль арнап жатса,
Жандар көп-ау қос қолдап құптайтұғын.
Кеңкеңнің мүсінін тастан емес,
Екеуміз тұрғызайық жырдай бүгін.
Сонда облыс көшені бере жатар,
Ақындарды кез келіп тыңдайтұғын.
«Қиындық көрмей өмірден,
Өмірдің құнын кім білген?» –
деп жырлаған ақын қыз
Жайлы ақпар білдім мен.
Ағам айтқан әр сөзге
Құлағымды түрдім мен.
Өлең де емес, шумақ та емес,
«Бір жолын, — дейсің, аға, — кім білген?»
Әрине, көбі білмес, сондықтан
Жаттатып жырын бір-бірден.
Сақтайық ақын мұрасын,
Деген ой бар түртілген.
Рақмет, аға, жыр анасын сен бүгін
Қауыштырдың жұртыммен.
Рақмет саған, төл газет,
Ұлыларды ұмытпаған ұлтыммен!
Көмбе жыры көмейінен төгілген,
Жыр дәнегі жүрегіне егілген,
Ағамменен айтысымыз бүгінгі,
Шықса деймін оқырмандық көңілден.
Биік шыңда кездесерміз әлі біз,
Қиын жолдан жан болмасақ шегінген.
Кім мықтыны тек оқырман шешеді,
Болса егер жеңген менен жеңілген…
Серікболсын:
Жырымыз тұңғыш жарқ етті бүгін,
Жазбаша айтыста… шүкірлік!
Бір-біріміздің, мәрт, өткір інім,
Томағамызды сыпырдық!
Жап-жақсы сайыс, тәп-тәуір айтыс
Жасай алдық деп сенем мен.
Аққу да болып,
боп та құмай құс,
Байладық қанат өлеңнен.
Сыпайылықтан елі шықпадық
деп өтірік те соқпалық:
Кері зарядтай тебісіп қалып,
Келісіп барып тоқтадық!
Айтыстың шарты солай ғой бірақ,
Одан кім кемдік іздесін?
Сөйтсе де саф сөз, орайлы ой құрап,
Көсіле алмасақ, бізге сын!
Маңыз ба жүлде сірә да ақынға,
Құр пайданы ойлау — күрделі іс.
«Қостанай таңы» мұрағатында
Қалудың өзі бір жеңіс!
Сасамыз онда бекер біз неге,
Уыста тұрса тәтті үміт?
Ендеше, бауыр, екеуімізге де
Сырт қарамады сәттілік!
