5-жұп — Батырлан Сағынтаев пен Нұрқанат Бұқабаев

5-жұп — Батырлан Сағынтаев пен Нұрқанат Бұқабаев

Құрметті жырсүйер қауым! Баршаңызды тағы бір жұптың сөз-сайысын тамашалауға шақырамыз! Бұл жолы қостанайлық жазба өлең өкілі, айтысқа алғаш рет ат қосып отырған Нұрқанат Бұқабаев және Арқалықтың арқалы ақыны, танымал айтыскер Батырлан Сағынтаев бәсекеге түседі. «Ұлылар — ұлттың ұстыны» облыстық жазба айтысының тартысты бәсекелерінің бірін осы қос ақын жасай алды деп есептейміз! Сіздер қалай ойлайсыздар? Оқып шығып баға беріңіздер!

 

НҰРҚАНАТ:
Біссіміллә! Бастадым жырдың басын,
Арай болып ақтарыл нұр тұнғасын.
Аман-есен бармысың, арда қазақ,
Өлтіріп ап іздейтін дүр тұлғасын.

Күн күледі қуансам. Күрсінер маң
Мұң басқанда, жырымнан сілкінер жан.
Жазба айтыс жайында білсе егер,
Қуанар-ау абызым Жүрсін Ерман!

Жүкең жайлы көсілу былай тұрсын,
Бес алыпқа арналған бұл айтысың.
Тазартайық, жаңғыртып бұл қоғамды
Жақсылығын асырып, сынай тұсын.

Жасты көрсе уайым жоқ, тырбанбаған,
Қоғам болған әр кезде жұбанбаған.
«Қазбілімнің» қанатын қайырғанда,
Кәрлендің-ау, сеземін, Ыбан-бабам…

Орден толсын мақтанның омырауы,
Бар даңғойға тағдырдың қылбұрауы.
Үніңменен аласта нас пейілді,
Уай, бабамның сыңғырлап қоңырауы!

«Жасын берсін Жамбылдың! Жасын берсін!»
Қабыл болды. Көкейің расын көрсін:
Жабылары жасампаз, Құлагер қат,
Марапатқор, кіл мақтан масыл дерсің.

Әлиханы қаптаған — дәрмені жоқ,
Сәлемі жоқ сәнденген сәлделі көп.
Партияны өткенде біреу ашты,
Уәде беріп көпірік әурелі боп.
«Аманатпен» атаман алыспаймын,
Жүрем дейді жанында сәулелі боп.

Жагорқызы дер бірден Мәриямды
Көресің сен айтатын кәрияңды.
Ақын қыздың анасы атанған жан
Жырын білер адам қат кезсең дағы,
Сахараны, тауларды, самиянды.

Ақындығы алапат Кеңшілігім,
Жыр болып та нұр болып келші бүгін.
Керек кезде тас керең қайран қоғам,
Кеңшілікті білмеуің — кемшілігің.

Аман-есен бармысың, Батырланым,
Ғылым-білім қазанда сақырладың.
Арқалығың аман ба, арда емген,
Жасай бергін «шайқалмай шатырларың».
Көсіл, қане, шәкірті ақтаңгердің,
Шашырамай жыр-сусын сапырғаның.

БАТЫРЛАН:
Жанарда алаулаған отым барда,
Жар болсын қалам алған сәтімде Алла.
«Қостанай таңы» болып ел жаршысы,
Жазба айтыс жасап жатыр ақындарға.
Талқысы тартыс сөздің табылып тұр,
Ал, көңілім, ғазал таппай ғапыл қалма.
Ақ сөйлеп, адал айтып жыр жазайын,
Ақтарып ой қазынасын оқырманға.

Туған ел тағылымға тұнғам ұям,
(Ұлдары өр мінезді, қыздары ұяң)
Ыбырай жаққан алау нұрға бөлеп,
Ұшқыны жарқырап тұр жыр-Мәриям.
Әлихан бар алаштың серкесі еді,
Жайылған даңқ-атағы қырға қиян,
Ұлылық ұлағатын ұмыттырмас,
Сыр шерткен тарих деген дүр-қарияң.

Өлеңде жан емес ем талабым кем,
Талабым жарассын тек таланыммен.
«Бір құдайға сыйынып» Ыбекемнің
Жырларын жатқа оқыдым бала күннен.
Өрісім кең болса деп өнеге алып,
Өрекпіп өлеңдегі өр ағынмен,
Жамбылдың домбырасын қолыма алып,
Тұтқанмын Кеңшіліктің қаламын мен.

Болмысы Би-ағаңа тартып туған,
Қаламын Сералиннің сарқыт қылған,
Сексен жыл толды Сәлім Меңдібайға,
Еңбегі елден ерек артық тұлғаң.
Айтылса айып емес бұл айтыста,
«Қостанай таңы» көпті қамтып тұрған.
Ұстыны болған тұлға төл газеттің,
Жазғанын жамиғы елге нәр, құт қылған.

Армысың, ақын аға Бұқабаев,
Ел сөзі, ер сынынан мұқамайық.
Жазыпсың марапатқор, масылдарды,
Жақсы сөз, жақсы ойларға жұтамайық.
Ашып айт, жалпылама жамандамай,
Алаштың кеткені жоқ құты азайып.
Дерексіз сөз керексіз қоғам үшін,
Турасын айта алмасаң тұтады айып.

Сұрапсың Арқалықтың амандығын,
Ақ пейіл ол да болса адалдығың.
Қаламыз қарсаңында мерейтойдың,
Жетпіс жыл арқалаған заман жүгін.
Ақ таңым қайта туып Шәмші ән қылған,
Арайлап төкті сәуле алау күнім.
Өркендеп ел өссін деп жүрміз тілеп,
Өткеннің қайталамай жамандығын…

Нұр-аға, жырға құмар қалпың барда,
Қуантшы үміт артқан халқыңды арда.
Тұрсын-мәмет көкеңнің ізін бассаң,
Тиіссің тозаң баспай жарқылдауға.
Енді елге ұсына бер ұлағатты ой,
Кеудеңде көшіп шықпай жан тұрғанда.
Жүректен шыққан жырың жұпар шашып,
Жүз есе қымбат күміс, алтыннан да.

НҰРҚАНАТ:
Құдай ғана құтынан айыратын,
Даудың басын бір сөзбен қайыратын
Көк түріктің ұрпағын тентіреткен,
Зобалаңы алмады лайық атын.

Дей көрмегін көкейде кемді ойлар,
Шындық керек теперіш теңді байлар.
Қазағымның азабын айтпады ма,
Асыл туған Сералин, Меңдібайлар.

Деп отырсың «күл шашпа, жалпылама»,
Тиіп кетсе, ғафу ет, жалқыға да.
Менің сөзім табады нысанасын,
Түсін түстеп «оларды» талқылама.

Қарекетке берілер қарай ақың,
Қараңғылық қасымын — арай атым.
Мадақ айтпай, сын айтсам, тіксінбегін,
Емеспін мен өйткені сарай ақын.

Бас газеттің түйістік мүйісінде,
Ой-барымта, сөз толғау күй үстінде.
Қалқып шығар қаймағы сауған сүттің,
Қара малдың қайырған күйісінде.

Сондықтан да таси түс, Батырланым,
Әр тармақта салмағың, жатыр жаның.
«Қостанайдың таңында» қауышқан, дүр,
Арқалықтың арайлы атыр таңын.

БАТЫРЛАН:
Нұреке, ақын десем өлеңге ұста,
Қайырым келіп жетті сенен қысқа.
Жазған-ай, жазғаныңыз алты-ақ шумақ,
Келісті болар десем кемел нұсқа.

Қайтейін, қатырмадың сыныңды да,
Оқырман жазғаныңды ұғынды ма?
Қаймағын сауған сүттің не қыласың,
Өз жырың жұғымды да жұғынды ма?!
Кез келген сөзді жазып, кетпе қапы,
Кез болдың жазба айтыста жырындыға.
Бас газет мүйіс беріп тұрғанында,
Баспалап жасырыну бүгін кінә.

Өсірген тәрбиелеп сан алыпты,
Ыбекем нұрландырған сана, рухты.
Торғайда тұңғыш мектеп ашқанында,
Білімнің керектігін бабам ұқты.
«Баланы оқытуға аш қасқырдай
шабам» деп танытыпты даналықты.
Бюджетке аш қасқырдай ауыз салған,
Көрсетті қазіргілер қаралықты.
Мысалы, Қостанайда білім бөлім
басшысы күдіктіге саналыпты.
Қаржыны алаяқ боп жымқырды деп
Тергеліп, тек жақында қамалыпты.
Оқушы бала қалай тәрбиеленер,
Осындай көріп өскен жаңалықты.
Қамқорлық танытар жан жемқор болса,
Қалай қалыптастырамыз саналы ұлтты.

Бұл жағдай көп мысалдың бірі ғана,
Талайдың ел деп айтар тілі ғана.
Білімді алға бастар деген басшы,
Біліксіз болып шықса ұры ғана,
«Ұлтқа қызмет білім емес мінезден» деп,
Әлихан жөн айтыпты-ау жұмылаға.
(«Сананың солғындығы – мінезсіздік»
Есте тұр Кеңшіліктің жыры да, аға.)
Білімді зиялылар толып жатыр,
Ұлтшылдық мінезінен бүгін ада.
Білімді шенеунік көп шет елде оқып,
Қазақты жүретұғын қырына ала.
Білімді байлар да аз ба елді еске алмай,
Тұратын теріс қарап құбылаға.
Қазақтың қазыналы әр жықпылы,
Қамбалы қырман еді қыры дала.
Сол байлық ұлтқа жетпей, ұртқа кетсе,
Жұнттай боп жұтып жеген ұры-қара.
Жатқаны жер тоналып, ел қаналып,
Мінезсіз дүмшелерден ділі қара.

Білімге мінез қоссаң кем күш пе бұл,
Желікпес жұтамын жер тістегір.
Бас ұрып елдің көбі бұл заманда,
Басылып Есілде тұр, Ертісте жүр.
Кім білген саясат па, басқа ма әлде,
Қазаққа қазір өзі өң, түс те бір.
Мінезсіз ұлтқа айналтып бара жатыр,
Ертенің ойламаған еңкіш тобыр.

Нұреке, халықтың бір баласы едің,
Өзіңе артқандар көп дара сенім.
Шарқ ұрып шайырлықпен жыр жазғанда,
Тарқаттың талайлардың нала, шерін.
Тілшілік қызметпен жүргеніңде,
Хабарды күтуші еді тамаша елің.
Бұл күнде әр нәрсенің басын шалып,
Болып тұр байыпсыздау бар есебің.
Ақылсыз жан емес ең, ойың толық,
Әр істің ажыратар ара шебін.
Білімің жеткенменен талай жерге,
Мінезің келмей жүр-ау, аға, сенің…

НҰРҚАНАТ:
Арыныңды тасытты алты шумақ,
Сараңдықтың сөзіңнен салты тумақ.
Әр нәрсенің басын бір шалды дейсің,
Бауырым-ау, емес ең қалпы тулақ.

Тағдыр жазса маңдайға егер дейді,
Ер жігіттің басына не келмейді.
Көп оқыған, іздемпаз қалпың сенің,
Қарапайым нәрсені неге ілмейді?!

Тіршілікпен тілшілік дәуірлегем,
Кеудем болмад(ы) мақтанпаз дәу үрлеген.
Қайта тұрып, шабуға қақым барда,
Уайымдама, бауырым, тәуірленем!

Кеткен кезде басымнан бағым тайып,
Мойындаймын, не түрлі тағылды айып.
Сырттан ғана білгенің-түйгенің аз,
Мінезімді сөз етпе, Сағынтаев!

Мендегі мін жетеді, дамылдайық,
Қысыр сөзге, қайтесің, салынбайық.
Құдықтағы құланды мазақтаған,
Құрбақадай болмашы, Сағынтаев!

Бұл өнерде бықсымай жалындайық,
Нақ жазатын қауым боп, қалыңдайық.
Жамбыл бабаң із салған төл өнерді
Қызғанбашы, өтінем, Сағынтаев!

Сала бар ма бұл күнде былығы жоқ,
Болам деген адамға құрығы көп.
Тартып алмақ ет өңдеу комбинатын,
Қостанайда көргендей ұрыны дөп.

Кәсіпкерді тағы бір шырылдаған,
Қолдайтын жан сырт беріп, бұрылмаған,
Кеше көрдім, япыр-ай, бизнес бар ма,
Рейдерлердің қақпаны құрылмаған?

Жиырма бес триллион теңге қарыз
Қара халық банктерге. Елге парыз.
Қайтарады бересін, төлемесе,
Шот бұғаттап, жазылар демде арыз.

Әлихандар көтерген Алашорда,
Жұрнағысың, үкімет, аласарма!
Ахаң-Жаһаң соқпағын тапқан жандар,
Билік үшін бір күні таласар ма?!

Жүрегінің жүр қазір оты барлар,
Әр салада, әзірше, шоқыларда.
Ойран болған жаңғырар Отырарлар,
Адалдықтың қыл жарған соты барда.

Кеңшіліктің жырынан нәр алғандар,
Биігіне Мәриям бара алғандар,
Тоғыз мыңы жыр жаттап топқа түсті
«Тұлпар мініп, қолына ту алғандар».

Мият болған бүгінде тоғыз мыңым,
Жалт еткенде сейілді нағыз мұңым.
«Ұлт ұстыны – ұлылар» айтысында,
Сол жастарды мадақтау маңыз бүгін.

Деп осылай жадырап жатқанымда,
Лезде болды бір ойға батқаным да.
Шекті мөлшер өсіпті зейнетқордың,
Еһ, үкімет, білмедім, шатқаның ба?!

Жасың болса егерде жиырмада,
Қарайсың ба екі бас сиырға да.
Миллионның алтауы болу керек,
Жарымай жүрсең-дағы тиынға да.

Артылғанын алмайды зейнетқордың,
Ұққаным сол, соры көп бейнетқордың.
Жә-жә, көтер басыңды, еңбекқорым,
Үкіметке жетер деп сөйлеп көрдім.

Өлерменге бұйырсын лағыл қайық,
Бар бақытты бағалап, шатылмайық.
Бас газетке мың алғыс көсіл деген,
Ал, аман бол, бауырым, Сағынтаев!

БАТЫРЛАН:
Сырт емес, сырыңызға қанық едім,
Ойымды ұқпапсыз-ау әлі менің.
Қатты айтып, қайратыңа қайрау бермей,
Таппай тұр татымды сөз қалың елің.
Болма деп құрбақадай құр далақтап,
Бұзыпсыз айтар сөздің әр, реңін.
Айтқанды көтерер бар, көтермес бар,
Тақпаушы ек танығанның бәріне мін.
«Шабысын шамырқанбай көрсетпес деп,
Азырақ шаужайыңнан қағып едім».
Есебін тапқан ерге ерсі де емес,
Сын айтса сыпайылап, тауып ебін.

Тартысып озғанменен талай ұлдан,
Жүрме деп жатқаным жоқ маңайымнан.
Батыра айтқанымнан батпан пайда,
Сөз шықты кеудеде алтын сарайыңнан.
Сынасақ, сырт бермегін өкпеңді айтып,
Қызғаншақ жаннан жоқ деп көп айырмаң.
Өнерді өресіз боп қызғанбаспын,
Жат көріп, жандай болып жол айырған.
Өлеңнің өз баласы едің сен де,
Ар үшін ат салысқан ағайын жан.

Ұсынып ұлтымызға өмірлі өлең,
Ұмсынып тұрсын алға көңіл-дөнен.
Жазыпсың жазықсыздың мәселесін,
Ақынсың елім деген, жерім деген.
Айтыпсың алпауыттар қылған ісін,
Қалтарыс қапылыста көрінбеген.
Шет қалмай шайыр болып жүр осылай,
Қарасын қалың қазақ сенімменен.
Жырыңның тармақтары тамыр сынды
Жаныңды жалғастырсын еліңменен.

Ыбырай меңгерсек деп көп өнерді,
«Өнер-білім бар жұрт» деп өлең өрді.
Ұлы ұстаз ашқан мектеп бастау болып,
Бұл күнде бізде болдық ел өнерлі.
Айшылық алыс жолдың хат-хабары,
Желіден телефонмен жедел енді.
Ат арбамен ай-жылдап жүрген қазақ,
Отарбамен кезіп жүр не көлемді.
Адамзат құстай самғап ұшақпенен,
Кез келген жерге барып келеді енді.
Балықтай емін-еркін суға сүңгіп,
Мініп жүр көк теңізде кемелерді.
Аңсаған игілігі Ыбырайдың,
Өнермен, білімменен келе берді.
Ғибрат, ізгілікті ұмытпай тек,
Ғылыммен кеңіткенде керегеңді,
Құстай ұшып, балықтай жүзген шақта,
АДАМ боп өмір сүру керек енді.