«Ұлылар – ұлттың ұстыны» атты облыстық ашық жазба айтыстың келесі жұбымен таныс болыңыздар. Бұл жолы Қамысты ауданының намысын қорғайтын ақын Нағашыбай Ақылжан мен Аманкелді ауданының атынан қатысып отырған журналист Бейбіт Нұрмұханның сөз сайысын назарларыңызға ұсынамыз. Қос айтыскер дәстүрлі жобамызға тұңғыш рет қатысып отыр. Соған қарамастан, екеуі де өздерінің ой ұшқырлығы мен қалам қарымын таныта білді. Қос талапкер тартысына сіз де бағаңызды беріп көріңіз. Ал жеңімпазды байқаудың қорытындысы шығарылған кезде арнаулы комиссия анықтайды.
Нағашыбай:
Бісміллә, көтерем деп жүгіңді, елім,
Шабытымның босаттым бір ілгегін.
Жазба айтыстың жалауын көтерсе егер,
Жарқ ететін шағым ғой бүгін менің.
Тойларың құтты болсын, тойшыл қазақ,
Қуанып әкелгендей ұлың келін.
Ассалаумағалейкүм, ақындарын
Төрге қарай шығарған тұғырлы елім,
Айтыссыз тойы қызық өтпейтұғын,
Армысың, қазақ дейтін дүбірлі елім?!
Аң-құсын атып алған орай келген,
Өмірден өтпеп пе еді талай мерген.
Ассалаумағалейкүм, Бейбіт бауыр,
Бата алған Амангелді арайлы елден.
Өзіңмен айтысарда мен әуелі,
Ютубтан сұхбатыңды қарай келгем.
«Әкем де журналист боп өткен» дедің,
Еңбегі мен ерлігін маңай көрген.
Сұхбаттың басын жақсы бастағанмен,
Ортасында отырдым «қап-ай» деумен.
“Ақын болу оңай” деп айтыпсың ғой,
Ешкім, сірә, қақпапты олай кердең.
“Өлең сөздің патшасы” деген Абай,
Патшадан асқақ болды қалай кеудең?!
Әр саланың болады қиындығы,
Жөн емес бәрін оңай санай берген.
Бауырыма таң қалдым көрмей жатып,
Кезігіп, жолықсам да талаймен мен.
«Әкемнен қалып кеткен тілшілік» деп,
Әңгімеден басқасын оңай көрген.
Бейбітжан, піскен десем, шала екенсің,
Өзге емес, өз алдыңа нар екенсің.
Өзіңді тоқтатпасам бүгін енді,
Тұтастай ақындықты жоқ етерсің.
Оңай болса, кәнеки, айтысып көр,
Мықты болсаң, сынақтан әрі өтерсің,
Ақындықты оңай деп бағаласаң,
Қиындықты көрмеген бала екенсің.
Бейбіт:
Бісміллә, жырдан асқан ғажап бар ма?
Жазба айтыс жеткізер ғажаптарға.
Бейбіт ұлың бейбіт күнде сөз бастаса,
Тосқауыл қоя алады азаптарға.
Онлайн сәлем бердім телефоннан,
Телефонсыз жүрмейтін қазақтарға.
Ардақты қалың елім егеменді,
Қоймайды тебірентпей өлең елді.
«Қостанай таңы» газетіне мың рахмет,
Жаңғыртқан жазба айтыс — төл өнерді.
«Ұлылар — ұлттың ұстыны» деп,
Атауы неткен ғажап көрегенді.
Айтыс деп атты бүгін тағы таңым,
Өлең деп ұзақ жолды жорытамын.
Әкемнен тиіскенің қай сасқаның,
Сөзіңді қалай енді қорытамын?
Үлкендерге тиіспе, айналайын,
Әйтпесе мал жүніндей қарытамын.
Жұрттың әкесіне тиісе берсең,
Өз әкеңді дұрыстап танытамын.
Төгілтіп, көсіліпсің тереңінен,
Болжамды жасап көріп тере білген,
Уағалейкумассалам, Нағашыбай,
Сөздерді өткізетін елегінен.
Зерделеп мен жайында ізденіпсің,
Көп тауып ақпараттың дерегінен.
Алайда мән бермепсің басты жайға,
Нақ көрмей мәліметтің көлемінен.
Ақындық оңай дедім, сөзім рас,
Емес ол тасығаным кемерінен.
Жазушы сөзін айтып жеткізген ем,
Қиылып қалмап еді эфирінен.
Сұхбатты қайтадан бір қарашы,
Айтылған түсінерсің себебінен.
Сералин Мұхамеджан туған жерден,
Қарсылас екенсің ғой маған келген.
Киелі Қарабалық мекені еді,
Дауылпаз дүлдүлдерді түгендеген.
Дегенмен қалай ғана ытқып шықтың,
Тұлпар ғып қызыл тілді көгендеген.
Ол жақта ақын сирек болушы еді,
Қастерлі жыр қадірін бекемдеген.
Танылған өнерімен Қожамқұлов,
Театрдың іргетасын шегендеген.
Сералин журналист боп топты жарған,
«Ауыл» деп газет ашып кемелінен.
Солардың жолын жалғап жүр ме десем,
Басқаша жолмен кеттің дөңесінен.
«Шала» деп бірімізді сынағанша,
Шығатын сөз айтайық ел үдесінен.
Нағашыбай:
Білдей бір теларнаның тіл шебері,
Қайтейін тіл шебері жүрсе кері.
“Ақындық оңай” деген қате сөздің,
Бір емес табылады мың себебі.
Өлеңді сырт жағынан сараламай,
Ұйқас пенен буынды білсең еді.
Бейбіттің өлеңдерін оқып тұрып,
Ақындық оңай десе кім сенеді?
Тарих жайлы қозғасаң, бері қарағын,
Тізгінімді қолыма енді аламын.
Қарабалық секілді батыр өткен,
Қобыланды ұрпағын көр, қарағым.
Шыңдаулет, Құдайсүгір билерім де,
Дау шешіп орнатпап пе ед тең қоғамын.
Сералин, Серәлі мен Қапандардай,
Еңбегі ұшан-теңіз бел баланың.
Ақындар аз өткен деп айта көрме,
Тылсымдарын жырлаған кең даланың.
Қосылбай, Алыпқара ақындарым,
Ел жұртын жырға қосқан кермаралым.
Ол аз десең, Нұрхандай ақын өткен,
Еленовті білмесең, неңді аламын?
Тарихты өзгертетін түрің бар ғой,
Қатесін түземесем сен баланың.
Қарабалық жерінен бәрі шыққан,
Ол жерде туылмаған мен ғанамын.
Көрейік, шорқақсың ба, ұшқырсың ба,
Дәл соны анықтайтын түстің сынға.
Ал енді өзім жайлы баяндайын,
Қапыда қалып кетпей тіс қуысында.
Қамысты ауданы еді шыққан жерім,
Топырағы толып тұрған күш тылсымға.
Сейітжан, Мұқандардай ақын өткен,
Бұл Бейбіт тарихты оқып іс қылсын да.
Менің де қос бауырым ақын еді,
Төл өнерден қалған жоқ тыс туысым да.
Әй, бірақ “ақын болу оңай” деген,
Бейбіттер мына бізді пысқырсын ба…
Бейбіт:
Нағашыбай, қадамыңды дәл етерсің,
Ұйқас пен буынды айтып ән етерсің.
Шын ақын ұйқас, буын қумас болар,
Бұл сөзді терең ұғып мән етерсің.
Ақындық ол жүректе, айналайын,
Өлеңді шын ұқпайтын жан екенсің.
Әйтеуір ұйқас пенен буын қуған
Қуғынбайдың өзіне тән екенсің.
Көп нәрсе қуа берме сондықтан да,
Қуып-қуып өзіңді кәрі етерсің.
Әй, бірақ саған не деп ақыл айтам,
Бірдеңе қуып тағы дәм етерсің.
Қуам десең, қуа бер, рұқсат бердім,
Шынымен көп қуатын бәле екенсің.
Тұлғаны біраз қозғап ақтарыпсың,
Солайша өз сөзіңнен ақталыпсың.
Тілменен түйрелеуді мақтан қылып,
Арасында «сұм» ойдан сақтаныпсың.
Екінші кезеңде де ақындықты,
Жиірек сөз етумен жан тауыпсың.
Әдейі жаңылғандай болып едім,
Сол сөзден ұстағандай мақтаныпсың.
Қатемді түзетуге әуес болып,
Соғанда өз әліңше жан салыпсың.
«Қостанай таңы» мені түлеткен жер,
Шыққаны талай жайсаң, кіл алыптың.
Байқасам, тарих жайын гуголменен
Теруге машықтанған бір қалыпсың.
Нағашыбай:
Сөзіңнен байқамадым күшті орасан,
Өзің кеп белгі беріп нұсқамасаң.
Сен маған “көп қуатын бәлесің” деп,
Болмай ма шабытыңды қыстамасаң?
Айтыста сөз қумасаң, не қуасың,
Боласың қара өлеңге ұста қашан?
Сен өзің екі күнде бір жазасың,
Жауапты қайтарасың қысқа қашан?
Айтыстың қатал заңы өткізбейді,
Ісіңе дәл осылай тыс қарасаң.
Сөйте тұра біздерді “қуғынбай” деп,
Қайтейін қаламыңды ұштамасаң?
Дұрыстап айтысатын түрің жоқ қой,
Өзіңді қуып жүріп ұстамасам.
Бейбіттей бауырымның күйі бөтен,
Айтысқа қатысқаны биыл екен.
Менің шыққан жерімнен шатасқанда,
Қарабалық ауданы түйіні екен.
Әй, бірақ “мен әдейі жаңылғам” деп,
Сөзінен секіргені кейін екен.
Бұл айтыс ерекше айтыс болғалы тұр,
Қуғынбай мен қашқынның жиыны екен.
Өзіңді екі күнде бір ұстаймын,
Сөзіңді ұстау одан да қиын екен.
Өмірде бір жыларсың, бір күлерсің,
Бастысы, болашағың нұрлы болсын.
Бізге де қоштасатын сәт келіп тұр,
Осы жерден тоқтатып жырды, көршім.
Бейбіт бауыр, аман жүр қайда жүрсең,
Өлеңің теңдесі жоқ құнды болсын.
“Қостанай таңыменен” мақтандың ғой,
Шыққан жердің қадірін шын білерсің.
Тілшілік қызметіңді атқарарда,
Сәлім Меңдібаевтар үлгі болсын.
Бұйыртып жолын қуған шаңырағыңа,
Ақылбек Шаяхметтей ұлды берсін.
Елім деп еңіреген ер бола алсаң,
Еңбегіңді бағалар бір күні ел шын.
Сен “Қостанай таңымен” мақтанғандай,
Сенімен мақтанатын күнді берсін!
Бейбіт:
Жақсы сөз шықпас мүлде кәпір болсаң,
Сөз бастайын ел қалың нөпір болсаң.
Бұл жігіт астамшылап сөйлеп кетті,
Болмайды-ау бұны сөзбен нақ ұрмасам.
Мені ұстап алам дей ме, не деп кетті?
Жөн болар бос сөзбен бас қатырмасаң.
Кімді ұстау керегін мен айтайын,
Бәрін ұстап тұратын шатыр болсаң.
Балаларды қорлайтын жандарды ұста,
Ізгілікке бір қадам жақын болсаң.
Әйелдерді ұратын ездерді ұста,
Бұндай сәтте жөн болмас ғапыл болсаң.
Халықты тонап жатқан ұрыны ұста,
Сол кезде мойындар ем хәкім болсаң.
Менсіз де ұстайтындар көп емес пе,
Осы жерден тоқтай сал, мақұл қылсаң.
Күшіңді дәлелдегің келіп жатса,
Дайын тұр өлең жүйрік атын қонсаң.
Осыларды ұстап ал, батыр болсаң,
Осыларды ұстап ал, ақын болсаң!
Әлі талай көрерміз жарысты мың,
Әлі талай көрерміз алысты мың.
Нағашыбай, осымен қош-аман бол,
Сөзін айт әрқашанда намыстының.
Бір Алла жар болғай деп тілек еттім,
Намысты ұлы болғай Қамыстының!
