3-жұп — Әсет Ақылжан мен Нұртілек Әубәкір

3-жұп — Әсет Ақылжан мен Нұртілек Әубәкір

«Ұлылар — ұлттың ұстыны» облыстық ашық жазба айтыстың келесі жұбын таныстырайық. Әсет Ақылжан біз ұйымдастырған алғашқы жазба айтысқа қатысып, оқушы кезінде-ақ жарқ етіп жұрт назарына түскен еді. Бүгінде Қамыстының қарымды ақынына айналды. Жобамыздың тұрақты қатысушысы биыл да бәйгеге қосылып отыр. Ал оның алғашқы айналымдағы қарыласы — жазба айтыстағы жаңа есім, Жангелдин ауданы Торғай ауылының жас талабы Нұртілек Әубәкір. Қос дарынның өнеріне қолпаш көрсетіп, баға бере отырайық, оқырман!

 

Әсет:

Баласы сөз бастаса Бестөбенің,
Жұртымның түсірмеспін еш беделін.
Ассалаумағалейкүм, арда қазақ,
Есінен шығармайтын ескі өнерін.
Жазба айтыс болады деп естігенде,
Қатарға қосылуды қош көремін.
Себебі оның — оқушы болғандағы
Балғын күнім түседі еске менің,
Ең бірінші жазба айтыс көзімді ашқан,
Байыбын ұқпағанда ештеңенің.
Айтысып көрсем деген арманымды
Орындап бергеніңді ескеремін.
Сондықтан осы газет себеп болған
Қосылып кетуіме көшке менің.
“Қостанай таңы”, орның бөлек маған,
Күрделі күрмеуімді шешкен елім,
Алғашқы махаббатым айтысыма,
Алғаш боп тұсауымды кескен елім!

Айтыстың тізімінің ретін көріп,
Нұртілек те қосылды өкіл болып.
Ассалаумағалейкүм, ақ құрдасым,
Ақ құрдасым отырсын бетін беріп.
Мен сені баяғыдан танушы едім,
Бар қырыңды көрсеттің не түрленіп.
Жайдарманшы, блогер, жүргізуші,
Атыңды да шығардың рэпер болып.
Сценарист, әрі вайнер, әрі ақынсың,
Таң қалдым талантыңның шетін көріп.
Сенімен жұп болғанға қуаныштымын,
Екеуіміз де жас едік, өтімді едік.
Ауыз толтырып айтатын қырларың көп,
Айтыстың тақырыбы секілденіп.

Нұртілек, дарындысың, шабытты-ақсың,
Шабытпен біраз жерге барып қапсың.
Арқалық пен Торғайда көп жүресің,
Екі ортаны тоздырып жалықпапсың.
Бұл күнде Арқалықта жаңалық көп,
Сен болсаң үнсіз ғана қалып қапсың.
Бір қыз суға кетті деп ел шулап жүр,
Сол жағын өзің айтшы анықтап шын.
Артынша бір баланы көлік қағып,
Мектепті де өртепсің, дамытпапсың.
Атақты блогерім мұның қалай,
Еліңе жанашырлық танытпапсың,
“Рилс” түгілі “сторис” көре алмадық,
Байқасам, басыңды да ауыртпапсың.
Жайдарманшы дегенде жан салмаушы ең,
Тым болмаса әзілмен қағытпапсың.
Әзілқой, блогерден түк шықпапты,
Нұрекең енді өзгеше бағыт тапсын.
Ақын болып арқаңмен көтеріп көр,
Ақыры басқа болып жарытпапсың.

Мен сенің білуші едім талабыңды,
Білмеймін қалай жауап аларымды.
Күніге “сторис” пен “пост” саласың,
Подписчик пен көбейтіп қаралымды.
Маған енді қызығы, блогерім,
Қолыңа аласың ба қаламыңды,
Біз құсап жазасың ба, жоқ әлде сен
Инстамен бересің бе жауабыңды?

 

Нұртілек:

Құдайдың пендеге берген жаны бар,
Мен ақынмын ба, білмеймін, танып ал.
Қалам ұшы арасында қозғалса,
Қалқам, менде Міржақыптың қаны бар!
Әсетім-ай, даңғыл дара жолың бар.
Сол жолыңда оңың менен солың бар.
Жаным ашып достығымды білдірем,
Бағың шапса, қатар жүрер сорың бар.
Әр түпкірде жүрсең де алаң етем,
Сондықтан амандықта болыңдар!

Мақтауымды асырып, жамандықты жасыратын,
Әсет деген буырқанған, тасқын ақын,
Жас та болса ортасына бас болатын.
Бүгінгі жеребенің соқырын-ай
Екі досты бір-біріне қас қылатын.
Менің де айтарым бар, жауаптарым
Кездікпен кезек тұрып атылатын.
«Арқалықтың жағдайында үнсіз» дедің,
Арқа десе, жүрегім шарқ ұратын.
Мен де осы елдің перзентімін,
Әр сөзім де екі кетпей нақ тұратын.
Мен саған шенеунікке ұқсаймын ба
«Бәрі жақсы» деп отырып тас қылатын?

Айғырмын үйір алып кісінеген,
Бөтенді тістелеген тісіменен.
Етік киген атамның жолы ауыр,
Жүргенім жоқ жеңілді үстіменен.
Қаламың қарымды болса, досым,
Сол қалада сен де оқып өстің, білем.
Маған ғана артасың неге олай,
Басып та жүргенім жоқ түкті кілем.
Екі жолды арнауға жетпей қапсың,
Шаруасы жоқ баладай кісіменен.
Бір-екі қиындықта ештеңе етпес,
Боялса да аспаның түске күрең.
Үкіметте 30 жылын арнаса да
Арқалықты әлі бұзып бітірмеген!

Арқадан сен кеткен соң бұйығыппын,
Өзгеріпсің танымастай дерсің маған.
Фанаттармен бос босып жиын қыппын,
Блогенмін, жайдарманшы, ән де жазам.
Заманның ағымымен бірге жылжып,
Майда-ұсақ ақшаларды тиын қыппын.
Тасқын да сырт жақтан келген жоқ па,
Сол халықпен бірге болып, күйініппін.
Өзімізден қазақ тілді блогерлер
Шықса екен деп ниетпен сыйыныппын.
Сбор жасап жыртығыңды жамап кетті,
Мен де солай болам деп түйін қыппын.
Ұйқылы-ояу қалғып түс көріппін,
Су жетпей өңешіме түйіліппін.
Ал енді қандай наз айта аласың,
Мен Қосабаймын, Сүйіндікпін.
«Топжарған» деп өлең жазған Тұрғынбекпін,
Кеше ғана атамыз Меңдібайдай
Мақаламыз жетпей жатып қиылыппын.
Болмашыға сына бермей, тіке жүрем,
Ашудан да, күнәдан да тиылыппын.
Мен бөлекпін, дарамын, дүйім жұртпын,
Қаһарлы, үрейлі, құйын, жұтпын.
Сыйым осы десең қабылдай біл,
Сен үшін бақытпын да қиындықпын.

 

Әсет:

Тұлпарсың “Шап!” демесе қызынбайтын,
Керілдің ханның кербез қызындай тым.
Ойпырым-ай, неткен тіркес, неткен ұйқас,
Оқырманның жанарын жүз ұрлайтын.
Мен сенің өнеріңді білмеппін ғой,
Мызғымайтын талай жыл мыжылмайтын.
Өлеңің де Арқалық секілді екен,
30 жыл отаса да бұзылмайтын.

Сұрап едім Арқалық қалам жайлы,
Шенеунікше “жақсы” деп бағамдайды.
Ол рас, мен де оқыдым Арқалықта,
Жұмыр етім «жұртым» деп алаңдайды.
Блогер болғаннан соң сұрап едім,
Әйтпесе ортақ сол бір маған қайғы.
“30 жылдай бұза алмай келеді” деп,
Үкіметке өкпесін тағы арнайды.
Өлкемізді су басып кетті дедің,
Біздің халық көріп жүр көп ондайды.
Бірлесіп тасқынды да тоқтатқанбыз,
Торғай үшін тосқауыл бола алмайды.
Елдің де өз ішінде кикілжің көп,
Аңқау ел арамзаға арандайды.
Көше емес, көршіңе де көз салып қой,
Көзіңді жұма берсең бәрі алдайды.
Бастысы, ішімізден жау шықпасын,
Біздер үшін ең үлкен болар қайғы.
Сырттандар ішімізден сырт бермесе,
Сырттан келген ешбір жау ала алмайды.

Қалықтап екі аяғың жерге жетпей,
Тоқтарсың “мықтымын” деп термелетпей.
Меңдібай, Сүйіндік пен Тұрғынбектей,
Ел үшін еңбек еткен ер бөлек қой.
“Міржақыптың қаны бар” дегеніңмен,
Жұрт үшін айтылмады ең керекті ой.
Ахаң, Жаһаң газетті шығармап пе ед,
Рухымыз өлмесін деп көрге жетпей.
Қоғабай, Мұхамеджан Сералиндер,
Жатпайтын тебінгісін терге бөкпей.
Ақылбек, Сәлім, Серік ағаларым,
Олардың көрмесіндей көрме жоқ қой.
Бауырым, осылардың жолын қусаң,
Газетті ала алмайсың сен бөлектей.
Тұрақты қызметің жоқ ақыры сенің,
Ес жиятын кез келді нөлге жетпей.
“Қостанайдың таңына” жұмысқа кір,
Ол жақта дәл өзіңдей пенде көп қой.
Бұйырса бүгін көзге түсіп жатсаң,
Өзің де бастайсың ғой төрге беттей.
Газетті қарайтындар сирек қазір,
Оқырманды жинайтын қол керек қой.
Өзіңнің жазылушың көп еді ғой,
Аласың контент жасап елді өбектей.
Тым болмаса газетті жарнамала,
Телміріп телефонды ермек етпей.
Бір күндік “историяңның” пайдасы жоқ,
Тарих үшін мәңгілік еңбек етпей.

 

Нұртілек:

Айтыс деген расымен алым-салық,
Кезегіңді күту де барымталық.
Құр босқа кетпесімді біліп тұрмын,
Көпіріп отырсам да жағым талып.
Себебі сөз түсінер бір өзің бар,
Ойыңнан өткізесің бәрін анық.
Бір-бірімізді, досым-ау, сөге бермей,
Мақтайық, көтерейік қарымта ғып.
Машинасы бар адамдар «жол берейін,
Рахмет» деп өткендей фарын жағып.
Жайнап жаздай жарқырап жүре берші,
Айтыстың ортасында топты жарып!

Бұл айтысты мәңгі есте сақтап алам,
Жадымнан өшірмей жаттап алам,
Том-том кітап дерсің, досым, сені,
Ұстатпай ешкімге қаптап алам,
Холодильник секілді қойып қоям.
Анамдай айтып жүрем, «ашпа, балам»,
Жаның ашып мені де ойлап жүрсің,
Жұмысымның жайын біліп хәл сұраған.
Түлкідей бұлаңдаған бұл қоғамда
Аш қалмас ешқашан қасқыр ағаң.
Трампты әкелсең де сол газетке,
Бола алмайды жарытып басшы маған.
Алаштың ізбасары бір өзіңсің
Түспейтін қолынан қағаз, қалам.
Айың туып сенің де кезің келер,
Өмір деген көлденең жақсы-жаман
Галстукты тағып алып директор бол,
Ақкөңіл ашықсың ғой аңқылдаған.
Маған да көп уайым қыла берме,
Нанымды тауып алам, сатып алам,
Адамдар көп өз есімін жаттамаған
Мен НҰР-мын сондықтан тақта қалам!

Алшаң басып жүргенде қазағымның даласында,
Күлгеніңде жөтел қысып қаласың ба?
Етік киген ердік қой саптап алып,
Әй, жігітім, тура кетіп барасың ба?
Бәз біреуге мін артпа, жамандама,
Нәзіктікті сүймейтін бала бар ма?
Арам оймен жолама бойжеткенге
Айналып келеді алды қызыңа да.
Бауырыңның итерме кеудесінен,
Қай ініңмен жаға ұстап белдесіп ең?
Заманың пенделерді соқыр етіп,
Құшағын көре алмай жерлесінен,
Мына дала мұқтаж бір Қосабайға,
Кейкі мен Ахметке ұқсамай ма?
Ержүрек, білімді шықса бір жан,
Әкім қылып әкелер ем Қостанайға.
Биік қоясың арыңнан ұраныңды,
Үзіліп түскен жерге тұмарыңды.
Сыртқа шығып, бір есіңді жиып ал,
Бағыштап баба басы құраныңды.
Қара, досым, уық ілген шаңыраққа,
Еркексің, намысыңды қаңыратпа.
Табасың бақытыңды, әлсіз болма,
Атыңды шығарасың атырапқа.
Ашуыңды түйіп сал сандығыңа,
Бірлікті паш етіп барлығына.
Серілердің өзі сырланып сірә қалсын,
Қызықсын ұшқан құс, жанды қарға!

 

Әсет:

Жүрген соң жаның ашып жер мен ел деп,
Айтыста төгілмексің терме, өлең боп.
Ендігі сөге көрме деп отырсың,
Сыбап алу емес ед(і) мендегі ермек.
Тиісу — ол айтыстың шарты емес пе,
Отсаң да сыпайылық сен бедел деп.
«Жігіт болсаң, бопсаға шыда» деген,
Қорқытпа айғайыңнан енді өлем деп.
Айтыс деген тартысты сөз көкпары,
Тартыссаң, жеңілмейсің сен де жер боп.
Көруге келген елге қызық қайда,
Көкпар да аяқталса нөл де нөл боп?

Тарихты қозғап отсың, достым, өткен,
Сенікі ескі мезгіл, ескі көктем.
Біздерді таң қалдырды аяқ асты,
Атыңның үш әріпін кескін еткен.
“Мен “Нұрмын” тақ менікі” дегендей-ақ,
Дәл былай сөйлей алмас ешкім өктем.
Бауырым, қай заманда қап кеткенсің,
Көзіңді ашып-жұмғанша бес күн өткен.
Егер де бар мақсатың тақ болса егер,
Жол болсын есіміңді кеш түлеткен.
Тезірек “Тоқтілек” деп өзгертіп ал,
Тірлік қылғың келсе егер қос білекпен.
Бәсе, Арқалық жайында сұрап едім,
30 жыл артқа кетіп бос күні өткен.
Еліңнің жағдайы былай тұрсын,
Елбасы ауысқанын естімеп пе ең?

Директор қызметін маған артып,
Басыма тілеп отсың жаңадан құт.
Алайда мен кресло көздемеймін,
Сенген елдің жағдайын шала қамтып.
Өйткені көзді жұмып, көре алмаймын
Патша көңіл халқымнан параны артық.
Ұрысып-керісетін кеңсесінен,
Айтысып, тартысатын алаң артық.
Мен басшы болмасам да сен айтқандай,
Ел үмітін келемін адал артып.
Айтыстың жанкүйері жұртым үшін,
Бір ауыз ақын деген бағам артық,
Патшадай сахнасына көтергенде,
Мен үшін алтын тақ жоқ одан артық.

Алыстан көрінетін шоқылардай,
Нұртілек бас көтерді жатып алмай.
Мен саған бүгін риза боп отырмын,
Құшағыма басқым кеп отыра алмай.
Жасқанбай жазба айтысқа кіріп келдің,
Өлеңіңді оқырман оқығандай.
Бұйырса, тоқтамастан топ жара бер,
Алдағы додалардан қапы қалмай.
Жазба айтыста жолыққан бір бөлек қой,
Айтысайық жұптасып сахнамда-ай.
Аламанға түсуден тартынбайтын,
Өзіңдей аз ер жүрек ақын ондай.
Осымен, ақ құрдасым, аман жүрші,
Төбеңнен төге берсін рақым Алла-ай.
Блогер болсаң дағы, бізді ұмытпа,
Хабарда бол айтысқа шақырардай.
Әлеуметтік желіге кім шықпай жүр,
«Газетке шықты» деген аты қандай!

 

Нұртілек:

Үзілмей қонақ, біздің үйге кеп тұрыпты,
Көршім дағы құбылаға бет бұрыпты.
Алып ұшар балалығым үй алдында,
Үй алдында өскен талай текті, мықты.
Тұрғыш рет айтысып көріп тұрмын,
Талап етер сөздегі ептілікті.
“Торғайлық ақын бала” деп таныса,
Жүлдесіз де осы атақ жеткілікті!

Күнделік аша санап бестерімді,
Сағынам балалық кештерімді.
Көрпесі жайлатын қысқа-келте,
Әлі де білмей жүрмін не істерімді…
Үйімде қайнаулы әлі қара қазан,
Ішінде кеше аулаған ала сазан.
Ән шырқайтын балаларың қайда екен,
Қайда екен айтатын жарапазан?
Балғын шақта алаңсыз дым білмегем,
Жарыса өсіп даладағы бір гүлменен.
Биыл да өсіп қаппын алаңдамай,
Былтыр киген киімді кімге берем?
Ер жетіп, ақыл кіріп бала басы,
Арадай жүрген жері бал арасы.
Мектепте киіп барған қалпағы бар,
Әлі де түспейді оның панамасы.
Ортасына жетіп қалды бұл айың да,
Орнымнан бел көтеріп тұрайын да.
Дайындап балашаққа арпа-бидай,
Өзге емес, өзім айтам өз жайымда…

Досым менің, тамырым, жақыным,
Шыға берсін көмейіңнен жарқын үн.
Ойып алар орының бар ортаңда,
Қажалмасын шауып қысқан тақымың.
Сендей сері елімізде аз боп тұр,
Таусылмасын ойың менен ақылың.
Қашалады сенің жазған нақылың,
Көріскенше аман жүрші, бауырым.
Милісайдан шыққан менің ақыным!