«Ұлылар — ұлттың ұстыны» облыстық ашық жазба айтыстың алғашқы айналымы жалғасып жатыр. Олай болса, 2-жұптың өлең сайысын оқырман назарына ұсынайық. Арқалықтық танымал ақын Бағила Балмашева мен Қостанай қаласының дарыны Бақытжан Әлкебаев «Ана мен баланың» жарасымды айтысын жасады. Жыр-өлең шеберлері тұшымды сөз, татымды ой айтып, өрнекті өлең өре білді деп сенеміз. Бірге оқиық, ағайын! Бастысы, «Қостанай таңы» сайтына ұдайы зер сала жүргейсіздер!
Бақытжан:
Арман боп Таиланд, Дубай, Бали маған,
Үйде жатқам, тосап жеп малинадан,
“Жазба айтыс” деген чаттан бір хат келді,
Қарасам, қарсыласым — Бағила анам!
Қатыспай жатып бірден қайтқаным ба,
Тағдыр солай, тағдырға тағы иланам.
Балмашева баяғыдан белгілі ақын,
Ұтылып-ақ тұрмын ғой фамилиядан.
Тәуекел, не де болса көрейінші,
Мықтылармен күрессе, дамиды адам!
Өтпей қалсам, мақтанып айтып жүрем
«Жеңілдім, — деп, — Бағиладай богинядан!»
Шақ келсе де жиналып, бекінетін,
Тірлік жасап жүргендеймін өкінетін.
Өзіңіздей көп қырлы тұлға болсам,
Арай-нұрын төгетін бетіне күн.
Ұстаз, ғалым, журналист, айтыскерсіз,
Шаруаның білесіз көп ретін.
Біз бейшара бір жұмысты қарық қылмай,
Дауылпаз иттей жүрміз тек үретін.
Кешкі сағат оннан кейін соны ойласам,
Алмадай қызарады екі бетім.
Сіз секілді жан-жақты болам қалай,
Жасырмай айтасыз ба секретін?!
Бағила:
Бақытжан, жасың кіші баламдайсың,
Байқасам, көп нәрсеге алаңдайсың.
Өлеңге салар өзге өрнегің бар,
Зерлі сөз сылаңдайды санаңда айқын.
Анам деп құрмет қылған сыңайыңа
Ақынмын ізет қылмай қала алмайтын.
Өзіңді сонша төмен санамасай,
Ақынға жан емеспін арандайтын.
Жап-жақсы өз алдыңа шабысың бар,
Мәстек ат емессің ғой шаба алмайтын.
Өлеңдей өрнек салғам шиыр жолға,
Ақындық деген түстім қиын жолға.
Ешқандай секрет жоқ өмірімде,
Алланың қолдауы бар қиын жолда.
‘Еңбектенсең, емерсің» деген бар ғой,
Сақталсын талап, еңбек миыңда ол да.
Малинаның қашық бол тосабынан,
Зиянды денсаулыққа, үйір болма.
«Балам» деп еңбегіңді бағалармын,
Пейілі кең балаға аналардың.
Ағымнан ақтарылып дәл өзіңе,
Мен бүгін ой сарайын аралармын.
Біз үлгі алып жетілдік әр ісінен
Алдыңғы буын асыл ағалардың.
Мерейтойы қат-қабат келіпті ғой
Серік, Сәлім, Ақылбек ағалардың.
Бақилық болса дағы Сәлім ағам,
Бір Алла жарылқаған дарын адам.
«Қостанай таңы» түлеп сол кісімен,
Есімі болған елге мәлім ағам.
Қырық жыл қызмет қылып газет үшін,
Тер төгіп, салған барлық жанын ағам.
Өңірдің шежіресін жазған кісі,
Өлшеусіз еңбегінен тәлім алам.
Өзгеше сөз зергері Серік ағам,
Еңбегі әдебиетке керім адам.
«Кейкі батыр» дастанын оқығанда,
Санамда ойлар толқып, желіп алам.
Махамбет, Жәңгір ханды жырлауынан
Келешекке керемет сенім алам.
Ел үшін жазған әрбір еңбегінен
Санама саялысын теріп алам.
Оқыса шығармасын Ақылбектің,
Ой түймес санасына жақын кеп кім?
Ақсұлудың тағдырын талдап берген
Ағайдың әр сөзіне мақұл деппін.
Ешкім еңбек қылмайды еріккеннен,
Сөз айтпаспын өзгеге зеріккеннен.
Өз алдына еңбегі балаларға
Ағамның сөз жауһарын теріп берген.
«Дауылпаз иттеймін» деп қамықтың ғой,
Сөзіңнен мен өзгеше мән ұқтым ғой.
Осыншама өмірден түңілгендей,
Балам-ау, бір қылықты таныттың ғой.
Кезім жоқ сіздей жасты қолдамаған,
Ақын ба ой пернесін толғамаған?
Көңілдің құтысынан бал тамызып,
Жырыммен сіздей жасты қорғалағам.
Мен бүгін асылдармен мақтанамын,
Сырымды осылайша ақтарамын.
Өзіңе ұсынайын сөз кезегін,
Балам-ау, арта берсін бақ-талабың!
Бақытжан:
Бойымда бар да шығар рас тектілік,
Байқамайды көбі бірақ «жас» деп күліп.
Талай-талай додаға қатысқанмен,
Жіберді талай рет тас тептіріп.
Басында «шоу жаса» деп сұрайды да,
Басқызбайды, өздері «бас» деп тұрып.
Күліп алып, бағаларда: «Жоқ, — дейді ғой, —
Өлеңіңде тарихи аспектілік».
Сондайды көрген кезде құтым қашып,
Жанарым мөлдірейді, жас кеп тұнып.
Қазанаттай шабуға тырыссам да
Жеңілісімді жіберед әсте ұқтырып.
Қазылар қазылығын жасағанда,
Шығарады әйтеуір мәстек қылып.
Игі іс жасайын деп барда сана,
Ызыңдадым еліктеп сары масаға.
Сөзімнің салмағы жоқ, зілсіз, жеңіл,
Өйтпесем, айтыңдаршы, бар ма шара?!
Айтысқа жас буынды тартқым келед(і)
Көбінде қызығушылық қалмаса да.
Сол үшін әзілдеймін, шоу қыламын
Одан менің жұлдызым жанбаса да!
Қызыл-жасыл алдамшы дүнияда
Жастарда таңдау көп не таңдаса да.
Тым болмаса, шоу көруге келіп тұрса,
Үлес қосқаным шығар сәл боса да!
Солай-солай, бұйырса, үйренеді,
Ұқсап бағып ақырын, болмаса да.
Бұл жайында айтыңызшы ойыңызды,
Менікі әлде әшейін далбаса ма?!
Түсінігім осындай мүлде бөлек,
Ешкім жоқ бірақ оны жүрген елеп.
Жан-жағымнан қолдайтын дос таба алмай,
Қамаламын «мұң» деген түрмеге кеп.
Ана-жүрек түсінер деп айтқаным ғой,
Әйтпесе, бұл әңгімем кімге керек?!
Сонда да берілмеймін, жана берем,
Жазба айтыс па, жай айтыс па — бара берем.
«Дүниені жапқанда қараңғылық»,
Жыр әлемін жаныма пана көрем.
Серік ақын жұбатады жырыменен
Сол үшін оны биік, дара дер ем!
Ақылы мол Ақылбектей аталардың
Соңынан мен қалмаймын барам, ерем!
Меңдібайұлы Сәлім тұлғамыз ғой,
Ұлыларға жүректе қалады өлең.
Ұлтты ойлаған, жұртты ойлаған қайраткерлер
«Не істесем де ұрпақ үшін ғана» деген.
Бірақ та мен олардай бола алмаспын,
Сондықтан Бақытжан боп қала берем!
Бағила:
Балам-ау, осыншама налымағын,
Білесің бойыңа өлең дарығанын.
Өмірдің қызығы бар, шыжығы бар,
Түсінерсің соқпақтары тағы барын.
Жассың ғой, менің жарты жасымдасың,
Мұң жұтып, құлазыма, жалынамын.
Жауыннан соң күн шығар күлімдеген,
Осыны ұғынғайсың тағы, жаным.
Еңбектеніп, біліммен сусындай бер,
Белгілі түбі елге таныларың.
Боларсың еліміздің текті ұланы,
Алдыңда бағындырар көп қыр әлі.
«Еліктеймін, — дейсің-ау, — сары масаға»,
Ойыма бір шығарма кеп тұрады.
Ахмет атамыздың шығармасын
Бұл анаң мысал қылуға ниет қылады.
Бір малшы жайлауда мал баққан екен,
Маужырап ол ұйқықтап жатқан екен.
Сұр жылан оқталыпты шақпақ болып,
Ұйқыға кетер сәтін баққан екен.
Мұны аңғарған сары маса оятпақ боп,
Малшыны жақсылап бір шаққан екен.
Масаны шапалақпен ұрған малшы,
Осыдан маса ажал тапқан екен.
Маса боп ызыңдарсың, шаға алмайсың,
Қалауын көп көңілдің таба алмайсың.
Жыландардан қалсаң да арашалап,
Әділдік шам-шырағын жаға алмайсың.
Жылан-қоғам талайды жұтып алған,
Осындай ой көңілдің құтын алған.
Жаныңның мөлдір екен әйнегі, ұлым,
Сақтасын Алла соны шытынаудан.
Өмірмен мен де өзіңдей күресемін,
Өзімше соқпағына ілесемін.
Сыртым бүтін болғанмен, ішім жалын,
Жалынды басу үшін жыр есемін.
Өйтпесек мүлдем мынау азар қоғам,
Дұрыс қой бар нәрсені базарлаған.
Өмірде дарын көп қой сүйенішсіз,
Бауырын, білсең, балам, жаза алмаған.
Тағдырдың талдап жүріп мың себебін,
Сырласып айтамын ғой бір себебін.
Жастарға тәлім болсын тәжірибем деп,
Қарлығаш қанатымнан жыр себемін.
Жолыңды аш,
Жүрегіңнен толға, балам,
Бұл анаң жасықтықты қолдамаған.
Берейін сөз кезегін тағы өзіңе,
Ақ көңіл, ниетіммен қорғалаған.
Бақытжан:
Жұмыр басты пендемін жалғандағы,
Балаңыздың көп, шіркін, армандары.
Көкірегім оянып, көз ашылды,
Шыныменен өткінші, жалған бәрі.
Алғыстан басқа сізге айтарым жоқ,
Жылы сөз керек екен бар болғаны.
Аллаһым сізге ұзақ ғұмыр берсін,
Қуанышпен қарсы алатын таңдарды әлі.
Ананың ақ тілегін алдым бүгін,
Ондай қатты маңызды емес қалғандары.
Осы ойым қап жүр еді күнде кейін,
Бұл айтысты бағындырған шың көрейін.
Ақсаңдап, ашыла алмай жүр едім ғой,
Асқақтап енді қазір тұр мерейім.
Армансыз ақтарылдым анашыма,
Ұйықтаймын енді түскі бірге дейін.
Жырыңызға жылынып, жұбанамын,
Түсіндім, босқа қайғы қуаладым.
Торына түспей енді уайымның,
Қолыма өнер деген ту аламын!
Қуанамын жеңіс бүгін мендік болса,
Сіз жеңсеңіз, одан қатты қуанамын!
Бағила:
Өмірдің күзі бар да көктемі бар,
Соқпақтың да тапқанға өткелі бар.
Баламның ақ тілегі қабыл болсын!
Анаңның жырдан жабар шекпені бар.
Ақын деген халықтың еркесі ғой
Көкірегінде жан емес, кетпені бар.
Адал ниет, пәк жанды ақын халқы
Жүрегінде жыр деген кептері бар.
Өмірде сыйластықта бар мағына,
Жет, балам, желіп жүріп арманыңа!
Елімде бейбітшілік заман болсын!
Басымды ауырпаймын қалғанына!
Көтерер кейде біреу, төмендетер,
Сонда да ақын жүрек өлеңдетер.
Төмендетпек болғандар ниетінен
Табар да өзі түбі төмен кетер.
Налыма, адымыңды ашшы, балам,
Әрқашан жырдан шашу шашшы, балам.
Түңілме тіршіліктен ешқашан да,
Тағдырға ашуыңды басшы, балам!
Кей сәтте байыз таппай шарқ ұрасың,
Тек қана мұңның лебі шарпымасын.
Ақ тілегім, ақ батам, ақын ұлым,
Маңдайың әрқашан да жарқырасын!
Талайды тілегіммен түлеткенмін,
Жоқ менде ақын жанын жүдеткен күн.
Ақ періште секілді ақ ниетім,
Ақ тілектен баршаға үлескермін.
Ең бастысы, еліміз аман болсын!
Жан жарың бір өзіңнің панаң болсын!
Шаңырағыңнан үзілмей сәби үні,
Ел басқарар түбінде балаң болсын!
Алладан қабыл болсын ақ тілегім,
Ғұмырыңа береке, бақ тіледім!
Осымен бұл айтысты аяқтайды
Ақ тілекпен аналық ақ жүрегім!
