Құрметті жырсүйер қауым! «Ұлылар — ұлттың ұстыны» облыстық ашық жазба айтыстың алғашқы жұбымен таныс болыңыздар. Бірінші айналымды аяқтаған Жангелдин ауданының ақыны Амандәулет Манатұлы мен амангелділік үміткер Нұрсаят Ғалымжанұлы Хусайновтың сөз-сайысын назарларыңызға ұсынып отырмыз. Айта кетейік, қос айтыскер де дәстүрлі жобамызға тұңғыш рет қатысып жатыр. Олай болса, талапкерлер тартысына, аға мен іні айтысына сіз бен біз баға беріп көрейік. Ал қай жеңгенін арнаулы комиссия іріктеу кезеңін қорытындылау кезінде анықтайды.
Нұрсаят:
Ассалаумағалайкум, ақын ағам,
Сөз найзасын қолға алған батыр ағам.
Қару емес қамданып қорғайтұғын,
Өлеңімен сақтайтын атырабын.
Сәлем бердім бас иіп өзіңізге,
Көрінбесем де бір мәрте көзіңізге.
Ақын аға дегесін құрметтейміз,
Шығарамыз көңілдегі төрімізге.
Адуынды айтысып таласқанмен,
Құрметтемей ағаны теңіміз не?
Сыйластықпен бастадым алайда мен,
Назар салам қарымды сөзіңізге.
Сәтін салсын, сөз кезегі өзіңізде,
Қарша жауар қайратты сөзіңіз де.
Бастап берген айтысты жалғастырып,
Жауап бергін Нұрсаят ініңізге.
Амандәулет:
Уағалейкум Нұрсаят бауырыма,
Бірдей келдік жазба айтыс ауылына.
Амандасу бұрыннан салтымызда,
Сүннет еткен мұсылман қауымына!
Дәстүрмен амандасып жақындадың,
Ағаңа іні екенді мақұлдадың.
Нағашылар елінің қыранысың,
Танимыз Батпаққара ақындарын.
Жәй басып қалдырмайын көңіл мүлде,
Бірінші айтыс менің де өмірімде.
Торғайдың тумасымын, қарсыласым,
Жетер ақын-жазушы өңірімде.
Екі жақтан берілген дарыным да…
Сұрақ-жауап қайтарып қарымына,
Азулы сегіз жұп боп айтысады,
Тобыл-Торғай ақыны бәрі мұнда.
Ақындық іздеріне ерген екем,
Пендеден жүйелі сөз терген екем.
Көктемнің ең алғашқы жұлдызында,
Қай ақыны өмірге келген екен?
Нұрсаят:
Жалғандықтың жалауын көтермеген,
Ақын болып, бел буып, бекемдеген,
Торғай дала ұлымыз екеуміз де
Ұлылардың ұлысын мекендеген.
Ардақтылар аңсаған азаттықты,
Құрметтілер көксеген қазақтықты.
Сыйлады бесік етіп Тәңір ием
Жәннәттың ағашынан жасап тіпті.
Құрметіне зиялы, ақындардың
Елейміз айтыс құрып жатырғанын.
Арғымаққа сын болар айтып өтсем
Есімін сіз сұраған ақын жанның.
Үш бақытын өлең қып саралаған,
Шын ғашық боп жүрегін жаралаған.
Аққудың киесімен мағына өріп,
Өмір жайлы жай көзбен қарамаған,
Мұқағали туылған науырызда,
Ұлы ақынды арзанға баламағам.
Ес білгелі жаттадым өлеңдерін,
Өзен-өнер жылғасын жағалағам.
Ақпанда туылды деп айтылғанмен,
Біледі екен шындығын ана ғана.
Сынайсыз ініңізді өлеңдетіп,
Қай жерден кетеді деп осы мүлтіп.
Бұл күні Әбіш ақын да туылыпты,
Алғайсыз ойыңызға соны түртіп.
Әлде әуелі сіз соны меңзедіңіз?
Қай ақынды шынымен көздедіңіз?
Кезек берсем ағама ендігіде,
Тағы сынап көре ме сөздеріңіз?
Амандәулет:
Өлеңді өрнек етіп жүйелегем,
Жырыммен тоқтатпастан сүйеген ем.
Жұмбақ шешіп көрдің бе ғұмырыңда?
Үсті-үстіне сұрақты үйе берем.
Астанада тойлаған атын тәуір,
Торғайымнан айтайын жақын ауыл,
Тақырыпта үш тұлға көрсетілген,
Соның бірі еді ғой, ақын бауыр.
Ұйқыдан сол аяқпен тұрғансың ба?
Емес ол Қарасаздың тумасы да.
Азандатып есімін қойған шығар,
Серік болып есімі туғасын ба.
Шабытың жақсырақтау өктем бе еді,
Дайындық үш күніңе жеткен бе еді?
Наурыздың бірі елде көктем еді,
Ақпанның басы саған көктем бе еді?
Адамзатты шынайы сүйемінмен,
Қарсыласқа құлдыйлап тиемінмен.
Төрт құбылам тең болып жаратылғам,
Құтжанның туғанмын жиенінен.
Қара өлең сақтаймын киемінін.
Өлеңіме өзімде иелігім.
Сүбе сөзбен жұмбақпен айтысамын,
Жадыра Құтжанова жиенімін.
Мені Інім шынымен жәй деп пе дің?
Тарихтың ашсаң мейлі қай беттерін.
Өз жұртым Бағиладай Апам отыр,
Інісімін Ақтангер Айбектердің.
Нұрсаят:
Ақпан емес, білсеңіз, туған күні,
Мақатаев туылған думан күні.
Кеңестің заманында сұм тағдырлы
Ақиқат, күні өзгеріп қалғандығы.
Жақыннан сізге мысал айтып өтсем,
Ойыммен балалыққа қайтып өтсем.
Өз әжемнің туған күні сәуірдің 13-нен,
Тамыз айы онына тайқып өткен.
Мейлі Абайдың жиені болсаңыз да,
Жыр-бұлаққа бас салып малсаңыз да,
Сіз бір жеке тұлғасыз заты бөлек,
Бір ақынмен егіз боп қалсаңыз да.
Мақтансүйгіш емес ем, мақтанғанды
Жақтырмадым жұмбақтап айтқаныңды.
Жарайды енді, ЖИ-інсіз жатқа білдік,
Бір қайырып кешеден қайтқаныңды.
Ақынымын кемеңгер қазағымның,
Мәртебе етіп сол жайлы жаза білдім.
Махамбеттен үлгі алып өрнектесем,
Ұлтым үшін мен күнде қазалымын.
Жақын туыс болсам да ақындардан,
Мақтанудан олармен атым қалған.
Қалай дара тұлға мен бола аламын,
Болса егер атым қазақ, затым жалған!
Осал емеспін деп маған қайқып тұрсыз,
Сіз солай мықтылықтан тайқып тұрсыз.
Мен сізге әлсізсіз деп тіл қатпап ем,
Ақталумен мойындап айтып тұрсыз!
Шын ақын мақтанбайды, ақталмайды,
Сағадан сын келсе де датталмайды.
Өз-өзін мақтап әлек болушылар
«Ақтаңгер ақын» деген атты алмайды.
Олардың жыры оқылып жатталмайды,
Көңілге бір батпақтай батпандайды.
Сондықтан сізге айтайын, ағатайым,
Олай болма, әсте бақ тоқталмайды.
Жалыны жастық атқан шақтарымның,
Ғанибет шумақ жазып жатқан жайлы.
Алайда бұл күндердің сұлтанында
Мешітке мұсылмандар апталдайды.
Жұмаға бару керек, соңғы түйін
Жазса ағам, сонда інісі тоқтаулайды.
Амандәулет:
Мақтанып ешқашан да ісінбедім,
Біліп ал дегендейсің ішімдегін.
Тақырыппен ой толғау керек еді,
Не айтып кеткеніңді түсінбедім.
Тоқтамас мақтан емес шабыт кейін,
Құлдилап құламадым ағып кейін.
Мақтансам, екі аудан мақтанышы —
Тұлғалар тұнған өлкем дәріптеймін.
Қарсылас мені топқа қайрап келді,
Жаратқан сый ғып өлең-байрақ берді.
Жұмбағымның шешімін біліп жүргін,
Серік Тұрғынбековтей қайраткерді.
Отырғам жоқ араға салып ұран,
Сексен жасы биылғы алып қыран.
Туған жерін тілге де тиек етем,
Шақшақ Жәнібек Тархан ауылынан.
Тобынан алға шығып озған ақын,
Қаншама туындылар жазған ақын.
Иесі ғой «Парасат» орденінің,
Бұл айтыста есімі қозғалатын.
Бітпеген өркөкірек баста маған,
Өнердің қойнауында баптала алғам.
Сен айтқан кемеңгерлер ақындарды,
Кезінде мен де танып жаттап алғам.
Оқығаның әдеби жанр болсын!
Алдыңнан кездеспейтін дауыл болсын!
Алла қолдап, жолыңнан жаңылмаңыз!
Ал, інішек, жұмаңыз қабыл болсын!
Жарадыңыз, көп екен оқығаның,
Көбейе берсін деймін оқырманың.
Сәттілік, Нұрсаят-ау, тілейтінім!
Өзіме жеңіс ойлап отырғаным…
Нұрсаят:
Өлеңді түсінуге тырысыңыз,
Жетті алыстан от өлең-тынысың.
Бір сарында жазбадым, алуан түрлі
Ой қозғадым, сан сала жүрісіміз.
Көтерген көкжиекке жырдың сәнін,
Ақындардың мерейі жұртқа мәлім.
Мағыналы шумақпен маздататын
Қазақ деген қайратты ұлттың бәрін.
Сау-сәлемет болыңыз, аман-есен!
Аға — сұлтан мен үшін, бала — көсем.
Сыйластықтан айырылмай араласайық,
Іні дейсіз, мен сізге аға десем.
