Журналистерге шынайы қолдау: Өңірлердегі қазақ тілшілері үшін әлемге қақпа ашылды

Журналистерге шынайы қолдау: Өңірлердегі қазақ тілшілері үшін әлемге қақпа ашылды

Еліміздің аймақтарындағы БАҚ өкілдерінің кәсіби шеберлігін халықаралық деңгейде дамытуға Түркітілдес журналистер қоры басымдық беріп отыр. Тек әлемдік деңгейде біліктілігін арттырып қоймай, құқығын да қорғайды.

Желтоқсанның басында Алматыда өткен ІІІ Халықаралық Түркітілдес журналистер медиа форумы соның нақты дәлелі. Еліміздің түкпір-түкпірінен бас қосқан әріптестермен ғана емес, Түркия, Бельгия, Өзбекстан, Қырғызстаннан арнайы шақырылған кәсіпқойлардан тәжірибе алмасу мүмкіндігі туды.

 

Бірлігі бір БАҚ

Сұлу шаһар Алматының әсем табиғаты аясында журналистер алғашқы күні бас қосты. Бұл бұрын-соңды болмаған ерекшелік. Өйткені, осындай ауқымды тәжірибе алмасу іс-шаралары көбіне-көп стандартты жиын, пікір алмасу, тренигтерден бірден басталып кететін. Онысыз да мәжіліс, жиыннан бас алмайтын, үнемі жедел ақпарат пен жаңалықтың жолында ізденісте жүрген БАҚ өкілдері үшін бейресми кездесу, ақ қарға оранған тау самалындағы таныстық өз әсерін қалдырды, әрі журналистердің бірлігін арттыра түсті.

“Шымбұлақ” тау шаңғы курортына барып, Іле Алатауы шатқалындағы 2510 метр биіктікке фуникулярмен көтерілу, «Медеу» спорт кешенінің мұз айдынында коньки теуіп, бой сергітіп, тілшілер қауымы бір серуендеп, ақ дастарханнан дәм татып қайтты. Құшақ жая қарсы алып, Алматы қаласының әкімдігі мен Қоғамдық даму басқармасы тау аясындағы демалысты ұйымдастыруда қолдау көрсеткен.

 

Жаңа тренд, заманауи үдеріс

«Кезінде дәстүрлі БАҚ сайттар мен әлеуметтік желіні дамытуы керек» деп кәсіпқой мамандар дабыл қаққанда дер кезінде қолға алған редакциялар, қазіргі күні блогерлерге дес бермей ақпаратты жедел таратуда алдыңғы қатарда. Ал енді медиада жасанды интеллектке орын бөлу керек. Неге? Әлем бойынша трендке айналған жасанды интеллект қазіргі таңда кәсіби журналистикаға шынайы бәсекелестік туғызып отыр. Бүгінде телевизиялық бағдарламаның жүргізушісін, радио хабарлардың аудио жазбасын, тапсырыс бойынша мәтін жазып беруді осы жасанды интеллект арқылы әзірлеп, дайын астың иесі болудың мүмкіндігі бар. Қазіргі технологияның қарыштап дамыған заманында ештеңеге таңқалуға келмейді-ау. Ал, журналистикада енді қалай пайдалануға болады, бұл туралы «Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер» тақырыбына семинар-тренингінде танымал журналист, ІТ маманы Мейіржан Әуелхан-
ұлы бір сағаттан астам уақыт ішінде тәжірибесімен бөлісіп, тәптіштеп түсіндіріп берді. Биылғы жылы бірнеше тренинг, семинарларда айтылды, тыңдадық, ой түйдік.

Сонымен жасанды интеллекті жедел түрде тәжірибеге енгізуді қазірден қолға алмасақ, мерзімді баспасөзбен қатар әлеуметтік желі, сайттарды, ютуб каналды дамыту мүмкін болмасы анық. Жаңа мүмкіндіктерді іске көшірудің еш қиындығы жоқ. Түркітілдес журналистердің lll Халықаралық форумы қосымша білім, жаңа мақсат, міндеттерді айқындап берді.

 

Журналист өзі жайлы ұмытпауы керек

Шындығында медиа саласында қаншама жыл жұмыс істеп жүріп, психологиялық тұрғыда түрлі әсер ететін жағдайлардың бар екеніне мән бермейді екенбіз.

Журналист БАҚ-тың қай түрінде қызмет істесе де, қатып қалған сегіз сағаттық жұмысты атқармайды, уақытында шектеу жоқ, әскери қызметпен бірдей десе де болады, ыстығы мен суығына қарамай, күн-түн болсын, демалыс күні, мереке, төтенше жағдай – бәрінде де оқиға ортасынан табылып, ақпарат таратады.

Шыны керек, әлемді шарпыған пандемия кезінде өңірдегі журналистердің ісіне беріктігін, жаңалықтың адал жаршысы екенін жұмыс барысында көрдік.

Басқа да әлемде орын алып отырған елдер арасындағы соғыс, түрлі апатты жағдайлардың ортасында журналистер кәсіби міндетін атқарып жүреді.

Осындай қиын-қыстау шақта журналистер қалай жұмыс істеуі керек, психологиялық қысымға қалай төтеп береді, денсаулығымызға зиянын келтірмей жапа шеккен оқырман, көрермен, тыңдарманмен қалай қарым-қатынас жасауы қажет? Журналист – адам, ана, әке, бала. Отбасында зорлық-зомбылыққа да тап болып, ұятты жамылып жүрген қыз-келіншектер де жоқ емес. Міне, осынау өткір мәселелерге Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы семинар-тренингте басымдық берді.

«Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер» тақырыбы тереңінен талқыланды. Психолог-педагог, «Кәусар» психологиялық орталығының құрылтайшысы Жәния Бисенова еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған журналистерге пайдалы кәсіпке де отбасына да қажетті қосымша білім берді.

Түркітілдес журналистер қорының ұсынысымен «Психологиялық қысым, эмоцияны басқару және эмпатия (өзге адамдардың жан дүниесін түсіну мен жай-күйін ұғыну)» бағыттары қарастырылды.

Кәсіби қызметте журналистер түрлі оқиғалардың куәгері болып жатады, әсіресе жүрегіне ауыр тиетін сырқатты жан, бала жайлы материалдар жазу, апатты жағдайлардан жапа шеккен жандар, сот істері, қайғылы оқиғалар –
осының барлығы маманның эмоциялық жағдайына ауыр әсер етеді. Иә, адамдық қасиетті ұстана отырып, ақпаратты әзірлеу қажет, осы сәтте журналист денсаулығын ойлап, эмоцияны басқара білгені жөн, әрі қиындыққа тап болған адаммен сұхбат жасауда респонденттің қалпын да ескергені дұрыс.

Эмоцияны тани білу, ол эмоцияның қандай мәселені шешетінін анықтау, себебін айқындау, сол эмоцияны басқаруда қандай техника, тәсілдің көмектесетінін білу керектігін тренинг барысында бірнеше техникамен тәжірибе
жасап, қолдандық.

Жәния ханымнан білмегенімізді үйреніп, білсек те ұмыт қалдырып, тәжірибеде қолданбай, кәдемізге жаратпай жүрген біраз психологиялық маңызы зор дүниелерді меңгеріп, пайдалы сабақ алдық.

Ең бастысы – ашу-ызадан, негативті ойдан арылып, психологиялық жағдайымыздың қалыпты болуы үшін ой мен сезімге сай дұрыс іс-әрекет жасай білу!

 

«Түркі дәуірі!»

Осы жылдан Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық етеді. Aстанада өткен X саммиттте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жұмыстың негізгі бағыттарын айқындап, түрлі саладағы байланысты орнықтыруға, халықаралық беделімізді көтеруге күш салу керектігін атап көрсетті. Қазақстанның төрағалығы “ТҮРКІ ДӘУІРІ!”, яғни “TURKTIME!” ұранымен өтпек. «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ халықаралық форумы елдік ұранға сай негізделіп отыр. Бұл туралы Қордың президенті Нәзия Жоямергенқызы кеңінен тотқалды:

«Осы форумның тақырыбын «TURKTIME: ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ МЕДИА БІРЛІГІ» деп алдық. Соңғы кезде соғыс, пандемия індеті, жалған ақпараттар әлемдік медиада қаптап кетті. Өкінішке қарай, бұл біздің әлемдік журналистиканың проблемасына айналды. Біз түркі мемлекеттерінің медиа бірлігімен қатар, кәсіби этика, жалған ақпараттармен күрес, фактчекинг жасау, журналистердің кәсіби білімін шетелдерде арттыру, әсіресе, СНН, ББС сияқты, Америкада болсын, Еуропада болсын қалай арттырамыз және ол жобаларды қалай жүзеге асырамыз деген мақсатта ақылдасамыз. Журналистер біреудің мұңын мұңдайды, жоғын жоқтайды, өзінің проблемасын кейде шешуге қауқарсыз болып жатады. Құқығын халықаралық деңгейде қорғау мақсат», – деді Қор Президенті.

Форумның ресми ашылуы әлемге танымал суретші Аңсаған Мұстафаның «Сөйле, сурет!» көрмесімен бастау алды. Жиналған қауым тамсанып, әлеуметтік маңызы зор тақырыптағы суреттермен танысты.

Форум барысында «Жаңа «Жібек жолы» туристік белдеуіндегі Түркі ұйымына мүше елдердің ынтымақтастық негіздері» туралы Түркия Республикасы Туризм министрлігінің Орталық Азия аймағындағы Мәдениет және туризм кеңесшісі Алпарслан Акынджы, «Орталық Азия мен Түркиядағы медианың ақпараттық интеграциясы», Бішкек, Қырғызстан Элтр телеарнасының сарапшысы Сайрагүл Полотова, «Журналистикадағы этикалық қағидалар және тәжірибедегі кедергілер», Түркияның Стамбұл қаласынан журналист Ахмет Түзүн, «Журналистік әдеп және әлеуметтік жауапкершілік», Өзбекстан Парламентінің «Халқ Сузи» – «Народное слово» газетінің жауапты хатшысы Нұрлан Усманов жан-жақты саралап, тәжірибелерін бөлісті. «Түркі журналистерінің еуропалық БАҚ-тағы ортақ жобалары» жайлы www.brukselturk.be сайтының қожайыны, бас редакторы, Бельгиядан келген Юсуф Джинал кеңірек баяндады. Ол өз сөзінде:

«Жібек жолының міндетін онлайн БАҚ өз міндетіне алды. Әрі Түркияда әрі Еуропада журналист ретінде қызмет еткенім үшін өзіміздің мүмкіндіктерді пайдалана отырып, әрі өзіміз үшін әрі түркі мемлекеттері, түркі әлемі үшін әртүрлі іс-шаралар, жоспарлар жобалар жүзеге асыра аламыз. Ол үшін қарым-қабілетімізді, білім-біліктілігімізді біріктіруіміз қажет. Онлайн форматта Түркиядағы әріптестерімізбен бірге жұмыс істейміз. Алдымызды үлкен мүмкіндіктер бар, оны моральдық және материалдық тұрғыда өз пайдамызға жарата аламыз. Елімізді дамытуға мүмкіндігіміз болады», – деді.

Сонымен қатар қазақстандық белгілі медиа басшылар, тренерлер «Медиаэтика», контентті монетизациялау: модельдер, платформалар, стратегиялар жайында, «Қазақ тіліндегі YouTube арна. Монетизация мен ұжым» туралы келелі кеңестер, бағыт-бағдарлар берді.

Түркі елдері мен Қазақстан өңірлерінің қазақ журналистерін жаппай біріктірген форумның жоғары деңгейде өтуіне қолдау болған Түркітілдес журналистер қорымен «Шеврон» компаниясы.

Биылғы тамыз айында Түркітілдес журналистер қоры Германия, Ұлыбританиядағы әріптестермен бірге Дүниежүзілік шетелдік баспасөз ассоциациясын құрды. Оның тізгіні Қазақстанда, төрағасы Нәзия Жоямергенқызы. Қазақ журналистердің кәсіби шеберлігін халықаралық деңгейде шыңдау үшін жаңа жылдан бастап АҚШ пен Еуропа елдерінде дәстүрлі журналистика мен жаңа медиаға қатысты семинарлар, конференциялар мен пресс-турлар ұйымдастыру жалғасын таппақ.

 

«Журналистердің сапарлары, барып келуі, орналасуы, тамақтануы тегін, әсіресе қазақ журналистері үшін оның ішінде аймақ журналистеріне басымдық беріліп отыр. Бұл шаралар жалғасын табады, наурыз айынан бастап Түркі журналистері қорының еуропалық шараларын бірінші Бельгия, Брюссельден бастаймыз, Германия, Британия, Франция әрі қарай жалғаса береді», – деді Нәзия Жоямергенқызы.

2014 жылдан бері Түркия, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан басқа да елдерге қазақ журналистерінің тәжірибе алмасуы үшін тегін сапарлар ұйымдастырылған.

2024 жылы Түркітілдес журналистер қорының 10 жылдығын үлкен халықаралық деңгейде атап өту көзделіп отыр. Түркітілдес журналистер қоры салалық журналистикаға басымдық бере отырып, «Халық банк» АҚ демеушілігімен «Еркін сөз» шығармашылық байқауын 6 жыл қатарынан өткізіп келеді. Қоғамдағы қаржы сауаттылығын арттыруға көзделген. Ал, екінші жыл қатарынан «Шеврон» компаниясымен серіктестікте «Әлеумет – қоғам айнасы» байқауы өткізіліп отыр. Әр өңірден атсалысқан журналистер әділ шешімнің әділ сыйақыларына ие болды. Жеңімпаздар 500 мың теңгеге дейінгі ақшалай және заттай сыйлықтармен салтанатты түрде марапатталып, мерекелік той-думан Қазақстан жұлдыздарының қатысуымен жалғасты.

Кенжеш ОРАЗҒАЛИҚЫЗЫ

 

Жаңалықтармен бөлісу