ӘУЕН-САЗ ӘУЕЛЕГЕН КЕШ

ӘУЕН-САЗ ӘУЕЛЕГЕН КЕШ

Түркі тілдес елдердің мәдени мерекесіне, Қостанайдың брендіне айналып үлгерген «Түркі әлемі» ІV халықаралық фестиваль өтті. Облыс орталығындағы «Жастар сарайы» ғимаратында бауырлас ұлттардың өнерпаздары Тобыл өңірінде бас қосып, әсем әуендер шырқалып, күй-саздар күмбірледі.

Ауқымды фестивальдің осыдан бес жыл бұрын мәдениет қайраткері, марқұм Назымбек Молдахметовтің бастамасымен  тұсауы кесілген еді. Сол уақыттан бері жыл сайынғы дәстүрмен жарасымды жалғасын тауып келеді. Жоба мақсаты – ұлттық-рухани бірлікті дамыту, түркі тілдес халықтардың рухани мұрасын жаңғырту, түркі әлемінің қазыналы мәдениетін, дәстүрлерін насихат ету.

Биылғы фестивальге Башқұртстаннан «Дэрт» ансамблі, Қырғызстанның Бішкек қаласынан «Күү булак» ансамблі, Өзбекстаннан «Тараннум» ансамблі және жобаның тұрақты қатысушысы, Өзбекстанның халық әртісі, дирижер Фарух Садыков арнайы келді. Концерт басталмас бұрын меймандардың қатысуымен басқосу өтті.  Олар фестивальдің мән-маңызын, ерекшелігін тілге тиек етіп, шақырту алғандары үшін рахметтерін айтты.

«Қазақстанның ұлттық музыкасы өте бай. Бұл елде халықаралық деңгейде өтетін байқау-фестивальдердің саны көп. Сонысымен көбімізге үлгі. Оның ішінде Қостанай жерін ерекшелеп айтуға болады. Мәселен, «Түркі әлемі» фестивалі мен Дирижерлер форумын ерекшелеп атап өтер едім. Бір де бір филармонияда мұндай кең ауқымды жобалар жоқ десем, қателеспеймін. Тұрақты қатысушыға айналған адам ретінде оған көзім жеткен. Бұлар біздің елде де танымалдыққа ие бола бастады. Бұл – түркі тілдес ағайындар үшін аса маңызды, қажетті фестиваль. Әлде де жандана, жетіліп, дами түсуін тілеймін», – дейді өзбекстандық мейман Фарух Садықов.

Ал «Дэрт» ансамблінің жетекшісі Эмир Аубакиров Қазақстанда ұйымдастырылатын халықаралық іс-шараларға қалмай қатысуға тырысып келе жатқанын, шақыртуларды қуана-қуана қабыл алатындарын жеткізді.

«Башқұр бауырларын ұмытпай, үнемі хат-хабар жіберіп отыратын ұйымдастырушыларға, бауырлас ағайынға алғысымыз шексіз. Бұл фестивальдің жылдан-жылға әсемдігі мен әсерлілігі артып келе жатқанын көзбен көріп отырмыз. Шынымен де, осы жобадан соң жергілікті жұрттың ыстық ықыласымен елімізге ерекше шабытпен қанаттанып қайтамыз. Осыдан-ақ түркі тілдес елдер мәдениетінің бір-біріне жаттығы жоқ екенін, тамырластығын аңғарамыз. Алдағы уақытта мастабы кеңейе берсін деп тілейміз», – деп тілегін айтты Э.Аубакиров.

Бұдан соң айыр қалпақты ағайынның елінен келген Дастан Бөрөнқұлов және Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармония басшылығы «Түркі әлемінің» көркемдігі, ерекшелігі, мазмұны, сондай-ақ алдағы жоспарлар туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

 

Жиыннан кейін көп күттірген фестивальдің шымылдығы ашылды.

Тілі де, мәдениеті де, табиғаты да ұқсас ұлттардың әуен-саз мерекесін жергілікті «Ақжелең» ансамблі бастап берді. Көптеген халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты атанған ұжым қазақтың құдіретті күйлерін бірінен соң бірін күмбірлете төкті. Ансамбльдің сүйемелдеуімен қостанайлық күміс көмей әнші Манапбек Қадіров те әсем әннен көрерменге шашу шашты. Бішкек қаласынан келген «Күү булак» ансамблінің өнері де тыңдарманды бейжай қалдырмай, тамаша өнерімен бірден баурап алды. Әуелі әйгілі «Манас» жырынан үзінді орындалып, кейін ұлттық күйлері, әуезді, әсерлі әндері сахнаны жаңғырықтырып жіберді. Ал башқұртстандық «Дэрт» ансамблінің әзірлеп әкелген музыкалық нөмірлері тіптен бөлекше сезімге бөледі. Корай аспабының шеберлері шынымен де түркі әлемінің қатпарлы ғасырларына сапар шектіргендей болды. Әншіліктің «көмеймен айту» техникасының үздік үлгісін де көрсетті. Өздерінің дәстүрлеріне сай, бағдарламаларының ортасында бір корайды көрермендерге сыйға тартты. Бұдан соң сахна төріне сырнайлатып-кернейлетіп ала шапанды ағайындар көтерілді. Төл аспаптарының ерекшелігін көрсетіп, бөлекше үні мен дыбысын, шеберліктерін дәлелдеуге күш салды. Түркі әуендері бір тамырдан арна тартса да, әр ұлттың әрқилы нақышы, дүниетанымы бар екеніне осы фестиваль аясында көрерменнің көзі жеткендей.

Ұйымдастырушылар алыс-жақыннан келген меймандардың ұсыныс-тілегі бойынша, жолдың қашықтығы ескеріле отырып, алдағы уақытта дәстүрлі фестиваль өтетін уақытты басқа мезгілге ауыстыру мәселесі қарастырылатынын жеткізді. Жобаның ауқымын кеңейту тұрғысында да көптеген жоспар алға қойылып отыр. Айта кетейік, фестиваль меймандары Н.Молдахметов атындағы облыстық қазақ халық аспаптар оркестрінің 15 жылдығына арналған концертте де өнер көрсетеді.

Жандос ЖҮСІПБЕК           

Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ

 

Жаңалықтармен бөлісу