Амангелді аудандық орталық кітапханасында өшпес із, таусылмас ғибрат қалдырған, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған аяулы ұстаз, Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері (1961), « Қазақ КСР мектептерінің еңбек сіңірген мұғалімі»(1969) төсбелгілерінің иесі, Амангелді ауданының тұңғыш жоғары білімді ұстазы және көп жылдар мектеп директоры болған Жұпар Қазанқапқызының туғанына 100 жыл толуына орай жарқын жүзін еске алуға арналған тағзым кеші өтті.
Тағылымды шараға ардагер ұстаздың шәкірттері мен туыстары, мектеп оқушылары мен кітапхана оқырмандары қатысты. Кеш басында жиналғандар ұстаздың жарқын бейнесі, өмр жолы мен еңбегін баяндаған бейнебаянды тамшалады.
Амангелді ауданының әкімі Қанат Кеделбаев алғашқы сөз кезегін алып, ұстаздың білім саласына сіңірген өлшеусіз еңбегі, шәкірт тәрбиелеудегі адалдығы мен адамгершілігі жайлы әңгімеледі.
Кеш барысында шәкірттері де ұстазға деген ыстық ықыластарын білдірді,Жұпар Қазанқапқызының ерекше сабақ беру әдістері, шығармашылық ізденісі мен қайсар мінезі туралы тебірене айтты. Сондай-ақ, кеш қонақтарына аудандық мәдениет үйінің әншілерінің өнері тарту етілді. Ауданымызда Жұпар Қазанқапқызының атында 2011 жылы ашылған «Жұпар» балабақшасының бүлдіршіндері осы кешке арнайы шақыртылып, өз өнерлерін тарту етті.

Ұстаздың ұрпақтары 100 жылдық мерейтойы аясында өзі қызмет еткен білім ошағы Амангелді орта мектебінде есімін ұлықтау,еңбегін кейінгі ұрпаққа өнеге ету мақсатында арнайы мемориалдық ескерткіш тақта орнатылып, мәдени және ғылыми-тәрбиелік шаралар,оқушылар арасында байқаулар ұйымдастырған болатын.Сол байқауларда бақ сынап, жүлделі орындарды иеленген бір топ талантты ,білімді оқушылар, Біләл Әлихан ,Бөдешова Талшын ұстаздың өнегелі жолына арналған ғылыми жобаларын таныстырып шықты.
Жұпар Қазанқапқызының баласы, бүгінде өзі де ұстаздық қызметтен басшылық қызметке ауысқан Амангелді аудандық мәслихат төрағасы Нұрлыбек Бөгетбайұлы өзінің жүрекжарды тілегін білдіре отырып,кітапхана ұжымына алғыс білдірді.
Бұл жай ғана еске алу емес,өскелең ұрпаққа өнеге болған кеш болды. Адам өмірден өткенімен, оның артында қалған ізгі істері, шәкірттері мен ғибратты сөздері ешқашан өлмейді. Жұпар Қазанқапқызының есімі ел тарихында, шәкірттер жүрегінде алтын әріптермен жазылып қалды.
Г.Қалмағанбетова,
Амангелді аудандық орталық кітапхана қызметкері