Жүйелі жұмыс нәтижесі: өңірде өрт ауқымы кеми түсті

Жүйелі жұмыс нәтижесі: өңірде өрт ауқымы кеми түсті

Орман өрттерінің алдын алу және олардың туындау қаупін барынша азайту мәселесі тұрақты бақылауда ұсталып отыр. Бұл жөнінде ҚР Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұхановтың қатысуымен өткен кеңесте кеңінен мәлімет берілді.

2023–2026 жылдар аралығында облыстың орман шаруашылығы мекемелерін техникамен және жабдықтармен қамтамасыз етуге 9 млрд теңге бөлінген. Осы қаражат есебінен 51 өрт сөндіру автокөлігі, 89 трактор, 39 орман өртін сөндіру кешені, 85 патрульдік автокөлік, 42 мотоцикл, сондай-ақ аспалы және тіркемелі жабдықтар мен байланыс құралдары сатып алыныпты. Нәтижесінде қазіргі орман шаруашылығы мекемелерінің негізгі техникамен жарақтандырылу деңгейі 100%-ға жетіп отыр.

            «Жүргізіліп жатқан барлық іс-шаралардың, сондай-ақ өрт ошақтарын ерте анықтау жүйесінің тиімді жұмысының арқасында биыл өрт оқиғаларының саны артқанына қарамастан, өрт аумағының азайғаны байқалады. Атап айтқанда, өткен өрт қаупі жоғары кезеңде облыс аумағында орман өрттерінің ауданы 33,8%, ал дала өрттерінің ауданы 96,8% кеміді. Орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық жарақтандыру және өрттерді ерте анықтау жүйелерін жетілдіру жұмыстары одан әрі жалғасады», – деді облыс әкімі.

Өңір басшысы айтқандай, биылғы қыркүйек айында болған өрт оқиғаларынан кейін аудан әкімінің бір орынбасары қызметінен босатылып, екі аудан әкімінің орынбасарына қатаң тәртіптік жаза қолданылған. Қазір Әулиекөл және Қарабалық аудандарында болған өрттерге қатысты ТЖД мен орман шаруашылығы инспекциясы тексеру іс-шараларын жүргізіп жатыр. Тексеру нәтижелері бойынша орман шаруашылығы мекемелерінің директорларына қатысты тиісті шаралар қабылданбақ.blank

Жиында облыстық ТЖД бастығы Назарали Селимов баяндамасында департамент гарнизонның инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жұмыстарға тоқталды.

«Биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен, 439 млн теңгеге Тобыл қаласында өрт сөндіру депосы салынды. Сондай-ақ, Лисаков, Рудный, Арқалық қалаларындағы өрт сөндіру бөлімі ғимараттары жаңарып отыр. 447 млн теңгеге Қарасу ауданының №24 өрт сөндіру бөлімінің жаңартылды. Қостанайдағы №1 бөлімінде 20 млн теңгеге 46 адамға арналған жатақхана жабдықталды. Облыс орталығындағы №6 бөлім аумағында екі ангар құрылысы жүріп жатыр», – деп ақпарат берді ол.

blankСондай-ақ жергілікті жерлерде тікелей өрт сөндіру көмегінің қолжетімділігін арттыру мақсатымен былтыр «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы бекітілгенін де айта кету керек. Соның аясында биыл жыл бойы жұмыс істейтін үш өрт сөндіру бекеті ашылды. Олар Денисов ауданының Свердлов ауылы, Қамысты ауданының Клочков елді мекен және Қарасу ауданының Жамбыл ауылында пайда болып отыр.  Қазір 13 өрт сөндіру бекетінің құрылысы жалғасып жатыр. Департамент бастығы алдағы жұмыс жоспарлары мен басым бағыттар жөнінде де баяндай кетті.

«Жергілікті бюджет қаражаты есебінен өрт сөндіру бөлімдерін газдандыруға 3 жобалық-құндық құжат әзірлеу көзделеді. 8 өрт сөндіру депосының ғимараттарын техникалық зерттеуден өткізу жоспарда бар. 2027 жылы өрт сөндіру бөлімдерінің күрделі жөндеу жұмыстарын өткізу үшін 10 сметалық құжат рәсімін аяқтау қажет болып отыр», – деді ТЖД бастығы.

Ол «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасына сәйкес өрт сөндіру бекеттерін ашу және жаңғырту жұмыстары жалғаса беретінін де айтты.

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Басты сурет: «Қостанай таңы» архивінен