Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов Қостанай облысына жұмыс сапары барысында өңір әкімі Құмар Ақсақаловпен бірлесіп, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Жиында су тасқыны кезеңіне дайындық, табиғи өрттердің алдын алу, өнеркәсіптік қауіпсіздік және құтқару инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне баса назар аударылды.
Кеңестің негізгі тақырыптарының бірі – елді мекендерді көктемгі су тасқынынан қорғау. Жүргізілген инженерлік жұмыстар нәтижесінде 55 елді мекенді су басу қаупі жойылып, тағы 33 елді мекенде қауіп деңгейі төмендетілген. Су тасқынына қарсы іс-шаралар, оның ішінде қорғаныс құрылыстарын нығайту және алдағы маусымға дайындық жұмыстары жалғасу үстінде. Сонымен қатар гидротехникалық нысандарды күтіп-ұстау және олардың қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
ТЖМ өкілдерінің мәліметінше, қазір облыста 12 елді мекенде су басу қаупі сақталып отыр. Бұған кейбір дайындық шарасының тиянақсыздығы да себеп болуы мүмкін.
«Амангелді ауданындағы Ақсай, Үрпек, Жангелдин ауданындағы Тентексай, Түйемойнақ, Қарасу ауданындағы Қошево, Ленино, Черняев, Бейімбет Майлин ауданының Қызылжар ауылдарында су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізілмеген. Оның үстіне, бұл елді мекендерде аталған жұмыстар 2027 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық жөніндегі инженерлік жұмыстар жоспарына да енгізілмеген. 2027 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық жөніндегі инженерлік жұмыстар жоспарында 52 іс-шара көзделген. Қазіргі уақытта оның 37-сі іске асырылды, 9-ы орындалу үстінде. Қалған 6 іс-шара бойынша жұмыстар әлі басталған жоқ. Оларды іске асыру мерзімі – ағымдағы жылдың IV тоқсаны. Оның 4-еуі бойынша инженерлік техника жеткізіледі делініп отыр, ал екеуіне қаржы қарастырылмаған. Осыған байланысты инженерлік жұмыстар жоспарының су тасқынына қарсы іс-шараларын уақытылы іске асырмау қаупі бар», – дейді ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды ескерту комитетінің төрағасы Серік Жүнісбеков.
Ол биыл су тасқыны кезеңінде автомобиль жолдарының үстінен су тасуы салдарынан Арқалық қаласына қарасты Мирный ауылы көлік қатынасынсыз қалғанын алға тартты. «2024 жылғы су тасқыны кезінде де бұл ауыл көлік қатынасынан ажыратылған болатын. Жағдайдың қайталануына қарамастан, осы мәселенің алдын алуға бағытталған ешқандай шара қабылданбаған» дегенді екпін салып айтты. Облыс әкімі оның себебін де егжей-тегжейлі түсіндіре өтті.
«Мирное ауылына қатысты мәселеге тоқталар болсақ, елді мекенде шамамен 20 адам тұрады. Автомобиль жолын трассадан осы елді мекенге дейін салудың болжамды құны – 1,5 млрд теңге. Бұл ретте жұмсалатын қаражаттың тиімділігі мен қажеттілігін дұрыс бағалауымыз керек. Дей тұрғанмен биыл аталған жолда судың тасып кетуіне жол бермеу үшін қосымша 10 су өткізу құбыры орнатылды», – деді Құмар Ақсақалов.
Серік Жүнісбеков биылғы су тасқыны кезеңінде Қостанай ауданындағы Мичурин ауылында, Бейімбет Майлин ауданындағы Әйет ауылында су басу қаупі туындағанын, уақтылы қабылданған алдын алу шаралары арқасында тұрғын үйлерді су басуға жол берілмегенін де дәйек ете келіп, инженерлік жұмыстар жоспарында Мичурин ауылында су тасқынына қарсы іс-шаралар қарастырылмағанын сынға алды.
«Осыған байланысты Қостанай облысының әкімдігіне инженерлік жұмыстар жоспарының іс-шараларын толық көлемде іске асыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ жоғарыда аталған елді мекендерде су тасқынына қарсы іс-шараларды жоспарлы түрде көздеу ұсынылады, – деді ол. – Мұның сыртында, облыс аумағында 98 гидротехникалық құрылыс орналасқан. Оның 76-сы қалыпты, ал 22-сі қанағаттанарлықсыз жағдайда. Бөгеттің бұзылуы, апат немесе судың тасуы жағдайында 40 гидротехникалық құрылыс әлеуетті қауіп төндіреді. Олардың ықтимал әсер ету аймағында 36 елді мекен, 5 714 тұрғын үй және 16 268 адам бар», – деді министрлік өкілі.
Оның айтуынша, қаупі зор 15 гидротехникалық нысан жөндеуді қажет етеді. Атап айтқанда:
- республикалық меншіктегі Жоғарғы Тобыл, Сергеев және Амангелді су қоймалары;
- коммуналдық меншіктегі Буревестник ауылының №3 және №4 бөгеттері;
- Свердлов және Шоқай ауылдарының бөгеттері;
- Затобол бөгеті;
- Ақөткел және Бижан бөгеттері;
- Железнодорожный ауылының №2 бөгеті;
- Михайлов ауылының №3 және №4 бөгеттері;
- Степной және Көктал ауылдарындағы бөгеттер.
«Облыс әкімдігіне әлеуетті қауіпті гидротехникалық құрылыстарды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына басым тәртіппен қаржы бөлуді және жұмыстардың жүргізілуін қамтамасыз ету ұсынылады», – деді Серік Жүнісбеков.
Өңір басшысы Құмар Іргебайұлы да су тасқынына дайындық аса маңызды әрі жауапты міндеттердің бірі екенін баса айтты. Оның мәліметінше, су басу қаупі бар аймақтарда орналасқан елді мекендерге қатысты ТЖД-ға қазан айының соңына дейін елді мекендерге барып, мониторинг жүргізу тапсырылған. Мониторинг қорытындысы бойынша аудан, қала әкімдеріне нақты ұсынымдар әзірленіп, анықтама ұсынылуға тиіс.
«Біз материалдық-техникалық базаны нығайту жұмыстарын да күшейттік. Атап айтқанда, 2023 жылдан бастап ТЖД-ның материалдық-техникалық базасын нығайтуға ғана шамамен 5 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ су тасқыны қаупі бар өңірлер үшін 1 млрд теңгеге 50 техника сатып алынды. Жетеуі – батпақты жерлерде жүре алатын көліктер, үшеуі – вахталық автокөлік және жол талғамайтын тағы жиырма көлік бар», – деді Құмар Ақсақалов.
Облыс әкімі халыққа қауіп төндіретін гидротехникалық құрылыстар мәселесіне де тоқтала өтті. Оның айтуынша, коммуналдық меншіктегі 12 нысанның жетеуін жөндеу көзделіп, біреуіне көп факторлы зерттеу жүргізілген. Ал қалған төртеуін тізбеден алып тастау ұсынылған.
Талқыға түскен жағдайды ескере отырып, облыс басшысы қала және аудан әкімдеріне уәкілетті органдармен бірлесіп, нақтыланған шаралар қабылдауға тапсырма берді.
«Қорғаныс дамбаларының айналасына топырақ үйінділерін тұрғызып, оларды қосымша нығайту жұмыстарын жүргізу керек. Су тасқыны қаупі бар елді мекендерден қар шығару жұмыстарына қажетті қаржыны алдын ала қарастыру шарт. Жанар-жағар май материалдарының, ыдыс-қаптардың, инертті материалдардың, жұмыс құрал-саймандарының және басқа да қажетті материалдардың жеткілікті қорын қалыптастыру қажет. Инженерлік жұмыстар жоспары аясында көзделген су тасқынына қарсы барлық іс-шаралардың толық әрі уақтылы орындалуы қамтамасыз етілсін», – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ су өткізу құбырларын, су ағатын сайлар мен жыраларды өсімдіктерден және қоқыстардан тазарту, су тасқыны кезеңіне ауыр инженерлік техниканы (экскаваторлар, бульдозерлер, тиегіштер) толық дайындыққа келтіру керек екенін ескертті.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
