Жол салу кез келген елдің экономикасына елеулі ықпал етеді. Демек, екі арадағы шақырымдарға ұласқан күре жолдың маңызы айтпаса да түсінікті. Оған мемлекеттің өзі мүдделі. Сондықтан, Президент жыл сайынғы Жолдауында жол жағдайына тоқтамай өткен емес.
Уақыт озған сайын оның құрылысына бөлінетін қаржының көлемі де мейлінше артты. Мәселен, біздің облыстың автожол саласына жқмсалатын қаржы көлемі 56,5 млрд теңгеден асқан.
– Биыл жергілікті маңызы бар 660 шақырымдық автожол жөнделді. Оның 460 шақырымына күрделі жөндеу жүргізілді. 200 шақырымдық жол орташа деңгейде қалпына келтірілді. Мәселен, Қамысты және Жітіқара аудандарын байланыстыратын, жалпы ұзындығы 33,5 шақырымдық көлік дәлізі биыл толық аяқталады. Дәмді ауылының маңындағы “Әулиекөл-Жалдама” автожолының 153 шақырымындағы көпірді бөлшектеу жұмыстары толық аяқталды. Сондай-ақ, өзен арнасын бұру мен технологиялық алаң толтырылды. Енді материалдарды дайындау жүргізіліп жатыр. Жобаны аяқтау 2025 жылы жоспарланған. Бұдан басқа, Тәуіш ауылының маңындағы “Арқалық-Торғай” тас жолының қираған учаскесін қалпына келтіру жұмыстары жалғасады. Аудандық маңызы бар “Тоқанай-Саға-Алтынсарин” автожолында да жұмыстар бір сәтке тоқтаған емес. Осы айтылған барлық жұмыс 1 қарашаға дейін бітеді, – дейді облыстық жолаушылар, транспорт және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Олжас Нұрғалиев.
Баяндамашының сөзіне қарағанда биыл қала және елдімекендердегі жол жөндеуге қатысты көптеген жоба қолға алынған. Олар ұзақ жылдан бері жөндеу көрген жоқ. Мәселен, Алтынсарин ауданындағы ұзындығы 16 шақырымдық Зуев-Танабай-Воробьев бағытындағы тас жолды жөндеуге 640 млн теңге бөлінген. Бұл екі жылдық жоба. Нәтижесінде облыс, аудан орталықтарына апаратын сапалы жол 400-дей ауыл тұрғынына қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, Науырзым ауданына қарасты Май ауылының бес көшесі асфальтталды. Оған биыл 112 млн теңге жұмсалды. Федоров ауданындағы Александрополь ауылына кіреберіс жолы бірінші рет жөнделді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
– Мемлекет басшысы өз Жолдауында инфрақұрылымдық проблемаларды шешудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Онда автокөлік жолдарын жетілдіру жұмыстарына тоқталды. Бұл бағытта өңірде белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл автожол саласының бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 32%-ке өсіп, 74 млрд теңге жетті. Біз көлік жолдарының жергілікті желілерін жөндеуге 36 млрд теңгеден астам қаражат бөлдік. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Мұны ылғи халықпен кездескенде айтып жүрміз. Ел де көріп отыр. Жалпы, 1400 шақырым автожол және ауылдардағы 371 көше жөнделетін болады. Облыс орталығында да ауқымды жұмыстар қолға алынды. Биыл барлығы отыз сегіз көшені жөндеу жоспарланса, соның отыз алтысы пайдалануға берілді. Алты жылдан бері жөндеу көрмеген Тәуелсіздік, Маяковский көшелеріндегі жұмыс аяқталды. И.Сьянов,Баймағамбетов көшелерінің жолын қалыпқа келтіру қазан айында бітеді. Рудный қаласмында биыл 39 көшені жөндеуге 2,6 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл да өткен жылғымен салыстырғанда алты есеге көп, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Облыс басшысы республикалық маңызы бар жолдарды жөндеудің кезек күттірмейтіндігін айтады. Биыл оған 21 млрд теңге жұмсалмақ.
Бүгінде Сарыкөл ауданынан Көкшетауға апарар 28 шақырымдық дәліз жөнделіп жатыр. Сондай-ақ, кеңес заманынан бері мүлде жөндеу көрмеген Ұзынкөл -Троебрат ауылы аралығындағы 70 шақырымдық жолдың тең жартысы қалпына келтірілді.
Көп жыл бойы осы тас жолдың бойында орналасқан ауыл тұрғындары жол азабын тартып келеді.
– Қаржы жеткілікті. Күн райы жылы қабақ танытса, бұл жұмысты да мейлінше жеделдету керек. Жітіқара мен Чайковский арасындағы 28 шақырымдық жолдың 19 шақырымына асфальт төселді. Ондағы барлық жұмыс толық шешімін таппақ. Ең маңызды жоба – Арқалықтан Ұлытау облысының шекарасына дейінгі 68 шақырымдық күре жолдың құрылысына да қаржы толық көлемде бөлінді. Бүгінде онда 7,2 шақырым асфальт салынды. Бұл біздің оңтүстік аудандарымыздың транспорт-логистикалық әлеуетін арттыра түседі әрі қозғалыс бағытын мейлінше қысқартады. Келесі жылы орсы аталған жобаларды түгел аяқтауымыз керек, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов кеңесте.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ