Ауданның көлік инфрақұрылымына ерекше назар аударылып, жолдарды жөндеу және жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі уақытта аудандық маңызы бар автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 258,6 шақырым, оның 141,1 шақырымы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Қалған 117,5 шақырымы жөндеуді қажет етеді.
«Биыл аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге облыстық бюджеттен 1 млрд 179,7 млн теңге бөлініп, жалпы ұзындығы 19 шақырым болатын учаскелерде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нақты айтқанда, «Жітіқара-Берсуат» және Дзержинское ауылына кіреберіс жолдарында жұмыс атқарылып жатыр. Сондай-ақ, бұл жолдарда және Волгоградское ауылына кіреберіс жолында су өткізу құбырларын қайта жабдықтау жұмыстары қатар орындалып жатыр. Бұл жобалардың екі жыл ішінде іске асырылуы аудандық жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 55 пайыздан 77 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, Степное, Приречное, Аққарға ауылдарының 1007 тұрғыны үшін аудан және облыс орталықтарына жету жеңілдейді», – дейді аудан әкімі.
Қала мен ауылдық елді мекендердің көше-жол желісі ерекше бақылауда. Биыл жалпы ұзындығы 18,5 шақырымды құрайтын жолдарды орташа жөндеуге облыстық бюджеттен 1 млрд 79 млн теңге бөлінді. Қазіргі уақытта қаланың төртінші шағын ауданындағы (4, 6, 7, 11-шағын аудандар) бес аулаішілік жол, сондай-ақ Степное ауылына кіреберіс жол және Ырсай мен Милютинка ауылдарындағы бес көше жөндеуден өтті. Жітіқара қаласында Бірлік, Киров, Пионерская және Кирзавод бағытындағы жолдарда жұмыстар әлі жалғасуда.
Чайковское ауылындағы бес көшенің екеуінде жөндеу толық аяқталса, қалған үшеуінде құрылысшылар жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен бірге қаланың 2-ші шағын ауданындағы аулаішілік жолдарға ағымдағы жөндеу жүргізетін мердігерлер анықталды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қала жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 62 пайыздан 70,5 пайызға, ал ауылдық жерлерде 65 пайыздан 71,8 пайызға дейін артады деп күтілуде.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Жітіқара ауданы
