Жер кезегі жылжиды

Жер кезегі жылжиды

Қостанай қаласында 40 мыңнан астам адам жердің кезегінде тұр. Бұл кезекті азайту үшін іргедегі «Қонай» тұрғын алабынан үй салуға жер учаскелері берілмек.

Жер кезегінде тұрсаңыз бізді мұқият оқыңыз. Қостанай қалалық әкімдігінде өткен аппарат кеңесінде сіздер үшін ақжолтай хабар тарады.

Бүгіннен бастап қалалық жер қатынастары бөлімі мен сәулет және қала құрылысы бөлімі бірлесіп жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға кезекте тұрған азаматтардың тізімін түгіндеуге кіріседі.

Алғашқы №1-ден 3000-ға дейінгі нөмірлермен арнайы кезекке қабылданған азаматтар «Қостанай қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі» мекемесінің ғимаратында орналасқан фронт-офиске барып, өздеріңіздің деректеріңіз бен байланыс телефондарыңызды, тұрғылықты мекен-жайларыңызды нақтылауыңыз керек.

Өзіңізбен бірге төлқұжат пен флеш-картаға жүктелген электронды цифрлық қолтаңбаңызды ала барыңыз. Фронт-офис Қостанай қаласы Алтынсарин көшесі, 128 мекенжайында орналасқан. Кезекті түгендеу жұмыстары 2 айға созылып, 2025 жылғы 31 тамызға дейін аяқталмақ. Кезектегі нөміріңізді  https://map.gov4c.kz/egkn/ сілтемесі арқылы біле аласыз. Сондай-ақ 54-00-97 телефон нөмірі бойынша қалалық жер қатынастары бөлімінен немесе 109 телефон нөміріне хабарласу арқылы I-Komek орталығынан сұрай аласыз.

Тізім түгенделген соң жер учаскесін бөлу үшін кезекте тұрғандар пулы жасақталады. Биылғы жоспар бойынша азаматтарға 1792 жер учаскесі берілмек.

–Шамамен 18 қыркүйектен бастап жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру рәсіміне кірісу жоспарлануда. Деректерін бекіткен азаматтар қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне шақырылып, оларға салынып, дайын тұрған 124 үйдің бірін немесе бос жатқан жер учаскесін таңдау мүмкіндігі ұсынылады. Егер жер учаскесін таңдасаңыз әрі қарай жерді алуға өтініш бересіз. Жер кодексінің 44-2-бабының нормаларына сәйкес жер учаскесін ресімдеуге өтініш беру электрондық форматта е-гов платформасында жүргізіледі, – деді жер қатынастары бөлімінің басшысы Марат Темірбаев.

Жер кодексінің 33-бабы 1-тармағының және 109-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес жер учаскесін қайта сатуға және нысаналы мақсатын өзгертуге жол берілмейді. Бұл талаптар кезек бойынша жер учаскесін алатын әрбір адамға жеке-жеке ескертіледі. Жер учаскесін пайдалану және оған билік ету жөніндегі шектеулер тиісті жалдау шартында көрсетіледі. Жерді алған соң үйдің құрылысын жоспарда бекітілген үлгіге сәйкес жүргізу міндетті. Жер учаскесін алған соң үш жыл ішінде тұрғын үй салып, жерді заңдастыру қажет. Сонымен қатар ол жерге гараж, сарай, времянка сияқты ғимараттарды салсаңыз, жер учаскесі жеке меншікке берілмейді. Талап бойынша алдымен тұрғын үй салынуы қажет. Одан кейін үйіңіздің қасына не саламын десеңіз өз еркіңіз. Яғни, жер учаскесін алып, шала-шарпы төрт қабырға тұрғызып, оны басқа мақсатқа пайдалануға жол берілмейді.  Өйткені, мемлекет тарапынан тегін берілетін 8 сотық жер тұрғын үй салуға арналған. Қазақстан Республикасының Жер кодексінде еліміздің әрбір азаматының жеке тұрғын үй құрылысы үшін ауданы 10 гектарға дейінгі жер учаскесін тегін алу құқығы бекітілген.

Қымбат ДОСЖАНОВА