Жазба айтыс: Серікболсын Әбікен мен Әсет Ақылжан

Жазба айтыс: Серікболсын Әбікен мен Әсет Ақылжан

Құрметті жырсүйер қауым! «Ұлылар – ұлттың ұстыны» атты облыстық ашық жазба айтыстың 2-кезеңі басталғанын хабарлаймыз! Қазылар іріктеуінен өткен он ақынның ішінде екінші айналымды қамыстылық Әсет Ақылжан мен Алтынсарин ауданы атынан сынға түсіп жатқан Серікболсын Әбікен бастап бермек. Ә дегеннен қарымын байқатып, жақсы өнер көрсеткен қос ақыннан осы жолы да жоғары деңгейлі айтыс күтеміз! Оқырманның да оң бағасын аларына шүбәміз жоқ!

Әсет:

Басталса бісмілләмен жыр дүбірі,
Ақынның сол емес пе нұрлы күні.
Алдыңа тағы жинап алып келді,
Үміт сыйлап үздік пен үлгіліні.
Ассалаумағалейкүм, газеттегі ел,
Жанына жақын келген тіл ғылымы.
Баспаның орны бөлек қазақ үшін,
Шаңырақпен көтерілген бірге уығы.
Кеңестің кер заманы тап бергенде,
Шың басынан естілген шындық үні.
Азап күнде қазақты аман сақтап,
Азатты баспа атанды бұл күні ірі.
Шөліркеген халықтың шөлін басқан,
Мұндағы қыз ерлігі, ұл білімі.
Құдықтың түбіндегі су секілді,
Қазақтың баға жетпес құндылығы.

 

Тартынбай өтіп келген тарам жолды,

Қарсыластың қиынын маған берді.

Екінші айналымда Әбікеннің

Баласы жұп болды деп хабар келді.

Ассалаумағалейкүм, Серікболсын,

Інің бүгін ізітпен сәлем берді.

Бірінші қарсыласым Нұртілек боп,

Көріп едім әртүрлі одан белгі.

Ал, Серік одан өткен жан-жақты ғой,

Талантын мен түгілі ғалам көрді.

Термеші, жыршы, күйші, ақын, әнші,

Бойынан да көреміз қаламгерді.

Өзіңдей туып берген табанды ерді,

Бақытты ғой Байғабыл, Амангелді.

Ағайын, қарсы алмасаң болмайды енді,

Алқынып аламанға ағам келді,

Өзіне жетпіс өнер аздық еткен,

Сегіз қырлы, бір сырлы балаң келді,

Иненің де ұшында би билейтін,

Ерекше икемге ие адам келді.

 

Сарбазың сақадай сай сапқа еніп тұр,

Бұйрық келсе, алардай шап беріп бір.

Серікболсын, талантың көп болғанмен,

Жазба айтыс біразына мат болып тұр.

Бұл жерде әншілікпен ала алмайсың,

Тыңдарман жүрегіне от беріп бір.

Ойыңды осы жолы күймен емес,

Өлеңмен жеткізетін шақ келіп тұр.

Қапыда қалып кету қауіпі бар,

Сөз айта алмадым деп әттең ұтқыр.

Қапталдасып отпасаң қарсыласпен,

Қазылар қара қылды қақ бөліп тұр.

Дауысқа қарамайтын бұл жазба айтыс,

Сені қайдам, өзіме бақ болып тұр.

Қырсыққанда қашарың қысыр қалып,

Байқасам, тықыр таян тап келіп тұр.

Серікболсын, сәттілік серік болсын,

Астыңа “өлең” дейтін ат беріп тұр,

Дабысы жер жаратын тұлпарыңның

Шабысын анықтайтын сәт келіп тұр.

 

Серікболсын:

Ал, біссімілә!

Ар ма, ардақты елім?

Қауышу – бақыт ол неткен!

Ашылмай аз уақ қалған дәптерім,

Толықсын өлең-өрнекпен!

 

Сезім тудырып, шабыт өргенді

Ұсынам елге сол бетпен.

Өйткені айтыс тағы төр берді,

Жұртымды жырға шөлдеткен.

 

Шөлді қандырмай тыншыма, құрбы,

Сусындатайық мелдектен,

Ақындар қалса, жыр шығаруды

шатастырмайтын ермекпен!

 

Байқалып дарын, машығым да бар,

Мерейім тағы болды өктем.

Дүйімнен қалай жасырын қалар

Дарыған өнер жөргектен?!

 

…Әсет пе жұбым, мәссаған, менің?

Мықты қарсылас табылды-ақ.

«Уағалейкум-ас-салам!» дедім,

Ілтипатыңды қабылдап!

 

Қашанда биік көтерген ұлсың

Қамысты жақтың намысын.

Жеңістер қалай бекер берілсін? –

Айрықша, рас, шабысың!

 

Бәйгеге елдің салған ерісің,

Бос мақтау емес ол да аса.

Жазба айтыстың да «ардагерісің»,

Жас кішілігің болмаса.

 

Ал енді бүгін жазғаныңды оқып,

Сан-саққа кетті долбарым:

Ілтипаттан да озбадың көкіп,

Ізетшіл-дағы болмадың.

 

Түсіну қиын – мақтағаның ба,

Бауыздадың ба мақтамен?

Сенуге әуел шақ қаламын да,

Соңыра сезем гәпті әрең.

 

Сөздің де тердің кейде бұрысын,

Күрт өзгергіш пе қалыбың?

Ағаңа сайлап «иненің ұшын»,

Не қылмақ ойың бар, інім?

 

Бұл ойды қалай салмақты дейік,

Қылмасаң досқа сай кесім?

Иненің ұшын қармақ қып иіп,

Жұтқызсам оқыс қайтесің?

 

Тапқандай осал тартар ыңғайға,

Түрініп тұрсың жеңді кеп,

«Аспапсыз, әнсіз қауқарың қайда?

Қапылар сәтің келді» деп.

 

Несі бар, жазба жаққа да көнем,

Бұзбағам жырдың ғұрпын еш.

Құдайым салса, ақ қанат өлең

Қаламымнан да үркімес.

 

Әсетжан, сен де бақыла-дағы,

Жазбаның шартын демеп біл:

Үстірт тіл емес сахнадағы,

Жазба айтыс тілі – бөлек тіл!

 

«Мат болып» дедің, «отпасаң» дедің,

Ауызекіден аса алмай.

Арзандай берсең, жоқ қашар жерің,

Кешірілмейді-ау рас ондай.

 

«Тықыр таяну» деген тіркесті,

Шолтиттың «тықыр таян» деп.

Соны оқып, үміт сенен күрт өшті,

Асығыстығың аян боп.

 

Ал сөйте тұра бұл жазба айтысты

Өзіңе ғана еп көрдің.

Алайда сенен үлгі аздай күшті,

Жазбалық ғажап жоқ белгің.

 

«Қашары кімнің қысыр қаларын»

Білуге демек асықпа.

Бағаңды ептеп түсір, бағалым,

Көмбенің ауылы қашықта.

 

Ойым жоқ тілдеп, жамандап ұтпақ,

Дегім де жоқ-ты сауатсыз.

Айтқан сөздерің маған бағыттап

Қалмасын дедім жауапсыз.

 

Бары сол… Дым жоқ жетпеген егес,

Іштегі лебі ол екпіннің.

Өлеңім менің өкпеден емес,

Жүректен шықты деп білгін.

 

Әсет:

Тынбадың сынды айтудан, досым,

Әр сөзге қазақ өзі автор.

Жазылған болсын, айтылған болсын,

Бөлек тіл емес, қазақ тіл.

 

Тек жазба ма екен нағыз мәдениет,

Жұта салайын үш бүктеп.

Мың жылдық мұра ауызша әдебиет,

Қалайша айттың үстірт деп?

 

Жалын күткенде сенен маздаған,

Түйрейсің тілмен істікке.

Қалам ұстап бір өлең жазбаған

Жамбылдың тілі үстірт пе?

 

Санаймын қалай сені күшті адам,

Әр ойдың соңы үш нүкте.

Қалам ұстамай, домбыра ұстаған

Сүйінбай тілі үстірт пе?

 

Жасап жүр ме едік іс құптамайтын,

Қалдырдың бізді қай тұста.

Біз емес, сен-ау үстірт қарайтын

Сахнадағы айтысқа.

 

Жүректен шығып жатқан өлеңіңді,

Оқыдым, білмей тұрмын не дерімді.

Алаңдатып қойдың ғой орта жолда,

Алам ба деп келгенде сенен үлгі.

Алып келген инеңді жұтқызам деп,

Ініңе тілеп отсың сен өлімді.

“Иненің де ұшында билейді” деп,

Ептілік пен айтып ем өнеріңді.

Қастандық ойлағандай қақпан құрып,

Қармаққа айналдырдың теңеуімді.

Дес бермеудің бір жолы осы ғой деп,

Дертіме ұластырдың дерегімді.

Қу жаныңды қулықпен сақтаймын деп,

Құрдымға жібермегей беделіңді.

Жекпе-жекке келсең де, сезіктеніп,

Желкеңнен жебе күтіп не көрінді.

 

Етене жақын болған рухты елмен,

Келеді айтыс дейтін жүріп керуен.

Ауызша әдебиетті мен айтайын,

Жан болсаң құлағыңды түріп келген.

Тақырыптың бірі еді Жамбыл-Жәкем,

Жалғанды бір ғасырға жуық көрген.

Атамыз бір әріп те танымапты,

Тарихын таңбасынан ұғып келген.

Жастайынан сауатын ашпаса да,

Ой өрісі өзгеден тұнық келген.

Жалпақ тілмен жарылқап жалпақ жұртты,

Ұлы өнер айтысымды ұлық көрген.

Жауырыны жер иіскемес Құлмамбетті

Шешендік өнерімен жығып берген.

Сондықтан сахнадағы тілді үстірт деп,

Жөн емес жөн-жосықсыз күдіктенген.

Жамбылдай болу бізге арман шығар,

Толғатып халық өзі туып берген.

Үстірт демей ұрпаққа үлгі болып,

Үміттің үдесінен шығып берген.

 

Бауырым, сөз ұстаудан епті ме едің,

Дедің-ау бұған азап шектіремін.

“Тықыр таян” сөзімді қате көріп,

Таяқтың астына алып тепкіледің.

“Тықыр таяң кезең” деп келетұғын,

Жазылған мақаланы көп білемін.

“Ң” орнына “н” әріпі түсіп кетсе,

Сол жерден қателігім кетті менің.

Асығыста байқалмай қалған шығар,

Тереңіне үңілсе тектілерім.

Бастысы, басты ойымды түсінгенің,

Ол жағынан қырағы, өткір едің,

Тықырдың таянғанын сезген болсаң,

Сөзімізді түсінді деп білемін.

 

Серікболсын:

Көңілің түсіп қалғандай ма, інім,

Тақтың-ау депсің бекер сын.

«Суға кеткен тал қармайдының»

кебін киген-ақ екенсің.

 

Көзіңе бірден «өлім» елестеп,

Түңіліп, неге мұңдандың?

«Жазба айтыс сенің қолың емес» деп,

Даңдайсыған соң сынға алдым.

 

Мысыңды сыным идірсе зілді,

Өз айтқаныңды байыпта.

Күлдібадамдау кейбір сөзіңді

көзіңе түртсем, айып па?

 

Сахнада кейде аяқ астынан

арзан сөз аз ба жалт берер?

Ал Жамбыл дүрге таямас күмән,

Оқысаң жатқа қартты егер.

 

Сондықтан мысал қыларға бабаң

қиысып тұрған жоқ, інім.

Ол бөтен сөзбен шұбарламаған

әр өлеңінің өрімін.

 

Ал шатастырсаң Н менен Ң-ды,

Өзіңнің кінәң ол дағы.

Жаңсағы шыққан бұл өлеңіңді

менен көрмесең болғаны.

 

Біреуге кінә таға аласың ба

аңдаусыз ағат басқанға?

«Ң»-нан адасу –

жаңа ғасырда

жабысқан дерт қой жастарға.

 

Ң-сыздаулардың тобында сені

Көргім келмейді, затында.

Тиеді кері оның да әсері

«Жазбаға жатық» ақынға.

 

Айтпа-жазбаның шарты-ау көрікті

Сақ сөйлеу, қарап мұршаға.

Ауыз әдебиет арқау болыпты

Ақталу сөзге біршама.

 

Иә, рас, Жамбыл хат танымады,

Бар оған кімнің шүбәсі?

Жазба боп бірақ сақталып әлі

келеді әуден мұрасы.

 

Жырларын, хаттай көбі жаттаған,

Таңбаға кетті салып кім? –

Тобылдық Қасым Тоғызақ бабаң

хатшысы болған алыптың.

 

Таспалап сөзін, жазып өлеңін,

Қаламы рөлін атқарған,

Қаз-қалпы сақтап қазына-кенін

Ап қалған Қасым атпал жан!

 

Ауызша ғана тарады деуің

келе ме демек қисынға?

Білерің бұдан шала, білемін,

Санаға бұл да сыйсын да…

 

Айналған өлең-кәусары аңызға,

Кім пәс дер алып өнерін?

Әспеттеп біздер тауыса аламыз ба

ХХ ғасыр Гомерін!

 

Құрметіне ұлттың кенелген есім

Төмендемесін мәңгілік!

Рухы бізді желеп-жебесін,

Бедел белесін даң қылып!

 

Енші боп бәрі асыл әдеттің,

Мұратың тауып іздеген,

Жамбылдың сен де жасына жеткін,

Жүзбе-жүз келіп жүзбенен!

 

Әсет:

Сөзін оқып Серіктей сауатты ердің,

Тұсында қалып кеттім «қап, әттеңнің».

Жамбыл мұра қалдырған жоқ демедім,

Сенбесең, тағы да бір қарап келгін.

Ол атамның жырларын мен де оқыдым,

Тіпті жаттап алуды талап көрдім.

Сен болсаң Жамбыл жүрген айтысты айтып,

Ауызша мен жазба деп санап бөлдің.

Өзі жазбай, өлеңін жазып алған

Қасымды айтып кірпіштей қалап бердің.

Ауызшасы жазбадан кем болмаған,

Жырларын керегіне жаратты елдің.

Бір айтқан дүниені кері қозғап,

Сөйте тұра уәжімді ағат көрдің.

Бір сөзің бір сөзіңе қарсы шығып,

Өзіңді өзің торға қамап келдің.

Бірінші кезегіңе бір айналып,

Екінші кезегіңмен жауап бердің.

 

“Ң” мен “н”-ға салғанда өр екпінді,

Жаңа ғасыр жастарын елеп тұрды.

Қазақтың тіліндегі мәселе көп,

Ал оған табылады себеп түрлі.

Шала қазақ, мәңгүрттер саны ұлғайып,

Ана тілдің жолдарын бөгеп тынды.

Мемлекеттік мекеме қызметкері,

Қайсысы тілімізді керек қылды?!

Тек қана өз тілінде үретұғын

Төрелер болмай жатыр төбет құрлы.

Балабақша, мектеп пен универ де,

Бағытын басқа тілге кенет бұрды.

Мен құсап байқаусызда қате кетпей,

Орыс тілмен айтып жүр кері екпінді.

Ғасырды жаңартам деп ат салысқан,

Жандар көп бөтен тілді, бөлек тілді.

 

Халықтың жырмен беріп ақыларын,

Өзіңді екі кезек бақыладым.

Үшінші кезегімде аяқтайын,

Уақыттан әрі кетсем, аһ ұрамын.

Жамбылдың жасына жет деп тіледің,

Сыйластықтан құралып жатыр әнің.

Құдай ғұмыр берсе егер сен айтқандай,

Таңымды шүкірлікпен атырамын.

Әнші, жыршы, термеші, сері жігіт,

Ақын да бола берші аты мәлім.

Жазбаның жолында да бағың жанып,

Айтыскері бол және сахнаның.

Тобыл-Торғай таланты, сен есен бол,

Мен сені ылғи мақтап отырамын.

Бұйырса, аман жетсем, өзіңді де

Жүз жас мерейтойыма шақырамын.

 

Серікболсын:

Сен десем сөзді ұғар баланы,

Сүйреңдей тарттың шалғайға.

Және өзі маған күмәнданады,

Ағатын айтсам қандай да.

«Мат-шат» деп шатқан бұларға-дағы

Екі қой бір-ақ сомдай ма?

«Уақ-түйегін кім аңғарады»

дей бермей, сөзде мәнді ойла.

«Өлеңін Жамбыл шұбарламады»

дегенді ұқсаң болмай ма?

Қайтсе де сөзін қылар бағалы

Ол қайда бірақ, сен қайда?

Гөйлейсің лақап нығарлағалы,

Табылмаған соң жөнді айла.

Қалмаған жанның жығарға амалы

Баруы заңды ондайға…

 

Жә, осы жерден іркиік енді,

Егесе берсек, ел күлер.

«Біріне бірі құр кейігенді

айтыс дей ме екен?» деп жүрер.

Байқалсын ақыр шын пейіл енді,

Біз емеспіз ғой көкжын ер.

Індете беру тым қиын енді,

Іркіс-тартысқа жоқ жігер…

 

Ұяластардай таласып алып,

Танбайық достық мұраттан.

«Бір ананың біз баласы болып»,

Бір бақтың гүлі ек бүр атқан.

Өзара болмай жанашыр анық,

Не таптық фәни-сынақтан?

Онсыз да кеше, қарашы, жарық

жұлдызым көктен зыр аққан:

Салтанат-ғұмыр наласы қарып,

Жүміле жұртын жылатқан.

Ізгі еді-ау тәтем, жаны асыл анық,

Көңілі бейне шуақ-таң.

Соңында биік бағасы қалып,

Қол бұлғай барды жырақтан.

Үңгілген жүрек аласұрады,

Бітелер немен бұл оқпан?

Әттең-ай жалған, барасың ағып,

Бейбағыт аумай бұлақтан…

…Марқұмды Алла панасына алып,

Тұрағын еткей жұмақтан!

 

Күніңді кейде күрсініп бастап,

Жұбанып сосын, шат күліп,

Жанардың жасын бір сығып тастап,

Жүргенің қуып тәтті үміт.

Мойындап лажсыз тіршілікті асқақ,

Алға ұмтыласың аптығып.

Шыбын жаныңды құлшылықта ұстап,

Сұрайсың саулық, сәттілік.

Осылай өтіп жатқан бес күн ғой,

Уақытты желге лақтырып…

 

Е, жарар…

Сау бол, ал, Әсет інім,

Бұйырса, талай көрермін.

Ренжіме ағаң қадаса тілін,

Көлденең болсам кедергің.

Өзің деп білем тамаша өкілін

өлең дейтұғын өнердің!

 

Жүрегі-жаны аңқыл, аппағым,

Тілейін саған жол аппақ!

Алдыңнан атсын жарқырап таңың,

Басыңа бақ-құс қонақтап!

Жасытып ұстап қалтыратпағын –

Жалынға жырды орап бақ!

Тамсансын саған тәнті боп қауым,

Саңлақ атан, соны ақтап!

Әумин!