Жазба айтыс: Бағила Балмашева мен Нұрқанат Бұқабаев

Жазба айтыс: Бағила Балмашева мен Нұрқанат Бұқабаев

«Ұлылар — ұлттың ұстыны» облыстық ашық жазба айтыстың екінші кезеңі жалғасады. Бүгін оқырман назарына Арқалық қаласының ақыны Бағила Балмашева мен облыс орталығы атынан сынға түсіп жатқан Нұрқанат Бұқабаевтың жыр-жарысын ұсынамыз. Үміткерлерге қолдау-демеу білдіре отырыңыздар!

Нұрқанат:
Жұрты үшін жыртып ісін тоңды кім,
Іштей қирап, сырты бүтін оңды кім?
Мейір қансын! Аманбысың, оқырман,
Орда бұзып келіп қалды ондығың!

Маралтай жыр қылғанда Әдиләны,
Мен жазам бақыт қылып Бағиланы.
Өлең-қыз, ағытыл, тартынбағын,
Қаламға айналдыр да кәлиманы.

Заманды еске салшы қирамайтын,
Арзан сөз, жалған ұпай жинамайтын.
Ыбырай әз-білімге шақырғанда,
Қазір көп мұғалімді сыйламайтын.

Келді ме қазағыма заманақыр,
Қисайып қатепті нар бара жатыр.
Әлихан айтқан мінез танылмаса,
Қазағым жоқ болады қара да тұр!

Өлең-қыз, мен емес Кеңшілігің,
Арыным, ақиқатым— кемшілігім.
Кеңшілік көшесі егер Қостанайда
Ашылса, іркілме, келші бүгін.

Айтамын саналыны сан жылата,
Қақсаймын қазағымды қансырата.
Мен—ақын, мен—Майқымын түгел сөзбін, —
Батасын берген деймін Жамбыл ата!

Ал, сөйле, іркілмеші, өлең-қызым,
Қажетсіз көпірік сөз көлемді ұзын.
Жасыңыз, бәсіңіз де үлкенірек,
Кешіргін, сөзімде болса егер
Ап-арзан, салмақсыздау төмен түсім!

Бағила:
«Өлең-қыз» деп өлеңді өргеніңіз,
Өзгеше апаңызды көргеніңіз.
Армысың, Нұрқанаттай асыл інім,
Еркелеп, ал ендеше төрге еніңіз.
Торғайдың топрағында туған қыздан
Жөн болар сый-сияпат көргеніңіз.
Туған жердің нәр алған киесінен
Болармыз өлең-сөздің мергені біз.
Іштей қирап осынша налымаңыз,
Мейірім шуағыма емделіңіз.

Бақытқа Бағиланы балағаның,
Тапқандай көңіліңнің қалағанын.
Жырға қосып ерекше көсілгейсің,
Қазақтың өлең қылып бар алабын.
Бұл апаң да тасытар мерейіңді
Өлең-сөздің жайлауын жағалағын.
Ізетіме ілтипат қыла білсең,
Боларсың қайыспайтын қара нарым.

Шабытым Торғай болып тасып кетер,
Арыным алты қырдан асып кетер.
Апаңыз інісінің ізетіне
Шаттанып жырдан шашу шашып кетер.
Өзіңдей інілерге шабыт беріп,
Пердесін көңілінің ашып кетер.

Ұстазбын тәрбиені туралайтын,
Санасын шәкіртінің уламайтын.
Заманның озығы бар, тозығы бар,
Жан едім тозығын көп жинамайтын.
Қоғамның қашаннан да тірегі ұстаз,
Көңлімнің әйнегі асыл қирамайтын.
Ыбырайдың жалғадым ұлы жолын,
Шәкіртті көргенім жоқ сыйламайтын

Өлең қып қазағымның Кеңшілігін,
Өзгеше шамаласам өршіді үнің.
Көше беріп, есімін асқақтатса,
Інім-ау деп отырсың «келші бүгін».
Кеңшілік құрметтелсе Қостанайда,
Бұл істің көрмеймін ғой ерсілігін
Азаматтың есімі ардақталса,
Қазағым танытқаны кеңшілігін.
Жақсы істе қолына жалау алар
Апаңмын ғой жасайтын елшілігін.

Жарамас жоқ нәрсеге аһ ұрғаным,
Қайраты қайрап тұрар ақын жанын.
Қазағым жоқ болар деп қапаланып,
Қарағым, тек жамандық шақырмағын.
«Жақсы сөз — жарым ырыс», жарқыным-ау,
Жарамайды жамандық шақырғаның.

Құнарлы сөз тасқынын қарқындатып,
Жиегін күмістетіп, алтындатып,
Ойыңды шашыратпай жүйелеші,
Өрнекті сөз семсерін жарқылдатып.
Қарымыңды байқайын, қарағым-ау,
Апаңнан сөз бәйгеде тартынба түк.
Берейін сөз кезегін өзіңізге,
Алмашы шабытыңды салқындатып.

Нұрқанат:

Ем сұрап, дем сұрап та тұрғаным жоқ,
Нақ ұрып, дөп соғатын жырларың жоқ.
Мырзабектің ұрпағы мен емеспін,
Ақынмын тарам және тұрлауым көп.

Қара нарың кәтепті мен емеспін,
Осал сөзбен ақынмен ерегестің.
Дөп сөйлеп, нақ ұратын Нұрқанатпен,
Айтамын, апайым-ау, тең емессің.

Айт қане, айқайлаған тақырыпты,
Біреулер қасқырдайын сәт ұлыпты.
Арман жоқ өзіңізде маған жазған,
Қалған қыз өкініштен аһ ұрыпты.

Бағила:
Жөн болмас Бағиланы сөккеніңіз,
Белгілі өлеңге тер төккеніміз.
Баға берді екен деп өзіңізді
Қаламым мұқалады деп пе едіңіз?
Нұреке, мейлі маған кектеніңіз,
Нұреке, мейлі мені жек көріңіз,
Өлең-сөз қасиеттім Алла берген
Әуелден жыр жүрекке еккеніміз.

Ақынның нақ бағасын халық берген,
Халқымның даналығын танып көргем.
Қырық жылдай ақын боп сахнада,
Халқымнан өз бағамды алып келгем.
«Нақ ұрып, дөп соғатын жырың жоқ» деп,
Не сөзің, бағаңыз ба анық берген?

Кеудеңде тәккәппарлық ұялаған,
Болайын теңеуіңе қиялаған.
Бар ақын бір ананың баласы ғой,
Бауырын жамандыққа қия ма адам?

Болайын өзіңді өзің бұлдауыңа,
Даналық ен салмапты жырларыңа.
Қуанар тілекшіңмін қай жерде де,
Биікте, белестерде тұрғаныңа.
Кішірейе білгейсің құр мақтанбай,
Мен емес табынатын тұрлауыңа.

Қасқырдай, қарағым-ау, ұлымадым,
Апаңның барша елге сыры мәлім.
Ақын деп еркелетер халқым бар ғой,
Мен соның шуағына жылынамын.
Әркімдер өз ойынан хабар айтар,
Ал менің ол жағынан тұнық арым.

Қыз-қырқын аһ ұратын сері ме едің?
Шақырып өз атыңды теріледің.
Әдепті ойлағайсың сөз құрарда,
Өрескел кісі ойынан жерінемін.

Тақырып болған елдің даралары,
Сол үшін оларды ел даралады.
Сәлім, Серік, Ақылбек ағаларым
Бар қазақтың саналған ағалары.
Тұғырын қияларға салса дағы,
Менсінбей жан-жағына қарамады.
Біздердей соңына ерген қарындасты
Айтыста даралады, бағалады.
Осындай алыптардың айтқан сөзі
Бағасын ұрпағынан ала алады.
Жөн болар Нұрқанаттай ініміздің
Солар салған сүрлеуге қарағаны.
Ағалар бағалаған Бағиланы
Жөн болмас артық сөйлеп табалауы.

Кең керіп, көсіле бер, құлашыңды?
Апаңыз жақтырмайды сынасуды.
Періштедей пәк жаным құп көреді
Биікке өрлетуді шын асылды.
Берейін кезегіңді, қалаймын ғой
Ойымыз ізгілікке ұласуды.

Нұрқанат:
Ашуға мінбе деймін, өлең қызым,
Сөздерің мағынасыз, көлемді-ұзын.
Тақырыпты жырла деп айтқан едім
Өзіңді айтып кеттің — төмен тұсың.

Серімін, Ұлы жүздің баласымын,
Ескімін, біреу үшін жаңасымын.
Бес алып жарқ еткенде шоғы болып,
Сөнбейтін алауы ғанасымын.

Қолымнан келмейді балшық өлең,
Ғажайыпты, Бағила, алшы менен.
Қазағымның бақыты өзен болса,
Тасуға қақысы бар тамшы денем.

Артық кетсем, апайым, кешіріңіз,
Мұңсыз болсын көңілді «вешіріңіз».
Нұрқанатпен айтысқан Бағила деп,
Қалады осы интернетте есіміңіз.

Бағила:
Өлең-қыз ашулы емес, жөнді айтады,
Белгілі көңілімнің кең байтағы.
Ел үшін еңбек еткен ерді айтады,
Кіндігі қаны тамған жерді айтады,
Жарасқан бірлігімен елді айтады.

Серімін десең, елім сері десін,
Дегенмен артық айтып желігесің.
Соңымнан ерген ерке баласың ғой,
Сондықтан кемсітемін сені несін?

Шабыт теңіз болғанда, өлең кеме,
Шарықтай бер, шырағым, төмендеме.
«Ашу — дұшпан, ақыл — дос», ашуым жоқ,
Сүйсінемін өзіңдей өренге де.

Пейілдер кең болсыншы, тарылмасын,
Жағымыз сөз сөйлерде жаңылмасын.
Өркенің өсе берсін, Нұрқанатым,
Болсын деп тілеймін ғой бағың басым.
Өсе бер, өркендей бер, қош деселік, Басыңнан бақ-береке арылмасын!

Нұрқанат:
Уай, Бәке, ініңіз ерке емес,
Дұшпаным қой болса да серке демес.
Ақындығым Кеңшілік болып келіп,
Ертесімен оятып, ертеді елес.

Аман бол, Арқалықтың өлеңі,
Жүрегің зау Торғайдың көлемі.
Аспан қара, өлең қыз, таңырқама,
Нұрқанат өлең болып төнеді.