Бүгін Қамысты ауданының тұрғындары үшін қуанышты күн болды. Өңірде бой көтерген заманауи «Қамысты Арена» спорттық-сауықтыру орталығы ресми түрде ел игілігіне берілді.
Жаңа нысан жергілікті жастардың спортпен айналысуына кең жол ашып, аймақтағы дене шынықтыру мен бұқаралық спорттың дамуына жаңа серпін бермек.
Салтанатты ашылу рәсіміне Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов арнайы қатысып, аудан жұртшылығын маңызды оқиғамен құттықтады.
Өңірде соңғы жылдары спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соңғы үш жылдың ішінде облыс көлемінде 30-дан астам жаңа спорт нысаны пайдалануға берілген. Соның ішінде 18 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 8 спорт залы, 6 жабық хоккей корты, 2 стадион, сондай-ақ ат манежі мен бассейн бар. Ал Қамыстыда ашылған бұл орталық өңір бойынша есігін айқара ашқан 19-шы спорттық-сауықтыру кешені болып отыр.

«Бұл орталық жаңа жетістіктерге бастайтын, болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін және тұрғындардың денсаулығын нығайтатын құтты мекенге айналатынына сенімдімін. Біз бұл жұмысты одан әрі де жалғастырамыз. Қазіргі таңда аймағымызда тағы 7 ірі спорт нысанының құрылысы белсенді жүргізілуде», – деді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.
Жаңа кешенде волейбол, баскетбол, гандбол, мини-футбол және күрес түрлерінен жаттығулар өтеді, сондай-ақ арнайы фитнес-залдар қарастырылған. Нысанның құрылысына 854 млн теңгеден астам қаражат инвестиция бағытталған. Заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған орталық күніне 50-ге жуық адамды қабылдауға қауқарлы. Сонымен қатар, бұл жобаның іске асуының арқасында 7 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды.

Енді аудан жастары мен спортшылары заманауи талаптарға сай келетін ғимаратта жаттығып, облыстық және республикалық жарыстарға сапалы дайындалуға мүмкіндік алды.

Бұл бастама өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына жасалған үлкен қадам болары сөзсіз.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Қамысты ауданы
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
