«Ұлылар — ұлттың ұстыны» обыстық ашық жазба айтысының ақырғы айналымына жеттік. Соңғы кезеңге өткен үш жұптың ішінен алғашқы болып арқалықтық Бағила Балмашева мен қамыстылық Нағашыбай Ақылжан жыр жарыстырады. Оқып, лайық бағасын бере отырыңыздар, ағайын!
Нағашыбай:
Құт тілеп атар таң мен батар күннен,
Бісміллә деп мәреге тақалдым мен.
Ассалаумағалейкүм, қайсар қазақ,
Арқырап ат түгілі, атан мінген.
Ақтық демім қалғанша шабайын деп,
Ақтық сынға шалдардан бата алдым мен.
Бір үйден екі бірдей ақын шықтық,
Сәтті болғай дәл осы сапар жүрген.
Осы жолы дұрыстап айтысайын,
Жүзін жерге қаратпай атамның мен.
Ініме де “жарайсың” деп қояйын,
Кезіккен қарсыласын матап жүрген.
Өзімнен үш жыл бұрын туылса да,
Үш айналым қалыспай қатар жүрген.
Келмейді бала болып балшық атқым,
Келмейді балтырыңды қаңсыратқым.
Бағиладай апамның жөні бөлек,
Иесіндей нұр менен бар шуақтың.
Осыдан 5 жыл бұрын Арқалықта,
Біздерді айтыстырып, ән сұраттың.
Сол кезде Бағила апай қазы болып,
Жауабын беріп еді әр сұрақтың.
“Сен айтысқа керексің, кетпе” деді,
Шабытпен сол сөзді естіп тау сұлаттым.
Содан кейін айтысқа қалмай шығып,
Өзімді өзім талай қамшылаппын.
Балаңды таныдың ба, міне, бүгін,
Жазба айтыста алдыңнан қарсылаппын.
Қай бала деп танымай отырсаңыз,
Өзіңіз жаққан сол бір шамшырақпын.
Жан едіңіз көз салмас пайдаға тым,
Тек болашақ жайында ойланатын.
Бақытжан сізге мұңын ақтарыпты,
Сүріндім деп сәтінде бәйге алатын.
Жігітті қайрап-қайрап жіберіпсіз,
Қамшылап, шапқылатып жайлап атын.
Нұрқанат ақынға да шабыт беріп,
Қатайтқандай болыпсыз сай қанатын.
Бұлақтың көзін ашқан адамдайсыз,
Біз үшін өзіңізден қайда жақын?!
Өмірінен түңілген адам көрсе,
Орнына күлкі беріп, қайғы алатын.
Жаңбырдай пейіліңнен айналайын,
Жас көрсе жалынына айналатын.
Бағила:
Армысың, ақ Нәшөгім, айналайын?
Анаң боп ақ жүзіңді аймалайын.
Өзіңдей балаларым бар шағымда
Қамығып, неменесін қайғы алайын?
Аналық ақ тілектен «өлең» атты
Жабуға жабуымды сайланайын.
Өзіңдей ақ боталар аман жүрсін,
Балама қалай тілек арнамайын?
Тарихта ұрпақ үшін жыр қалады,
Бұл ғалам ұлылықпен нұрланады.
Айтыстың тақырыбы болған екен
Қазақтың алып туған
тұлғалары.
Ыбырай жаққан білім шамшырағын,
Ғаламның шешкен адам сан сұрағын.
Білім барда адамзат жеңетінін
Дәлелдеген өмірдің әр сынағын.
Ұлт үшін ашқан білім ордаларын,
Қазақ үшін жаратқан қолда барын.
Мен өзім әулиелік деп білемін
Жаһандық жаңалықты болжағанын.
Зәулім үй және ұялы байланысың
Бүгінгі түсінгенге қолда барың.
Кім білген ұшақ ұшып аспаныңда
Жер түгел әуеде де жол боларын.
Білімнің дәнін сеуіп бар ғаламға
Ыбырай соның бәрін болжағаным.
Әлихан — ол да, халқым, тектің еді,
Аңғарылған пікірінің отты лебі.
Ұлт мүддесі ұрпақтың қамын жеген,
Қиып түсер семсердей өткір еді.
Ұлты үшін шыбын жаны қиылғанмен
Бүгінге пікірінің жетті лебі.
Жамбылдың ел біледі даралығын,
Өзінше текті тұлға әр алыбым.
Соғыста жауынгерге рух беріп,
Жыр жазған ұлы Жамбыл дара алыбым.
Жамбылдың рухты жыры болмағанда
Орнардай болған сірә қаралы күн.
Өлең-сөздің киесі осында ғой
Ақсақалдың танытқан даналығын
Байқасам, тақырыпта Мәриям бар,
Өлеңге өрнек салған дариям бар.
Бала кезден естелік айтайыншы,
Мәриям жайлы естелік жариям бар.
Сөзімнің дерегіне мән берерсіз
Жастарым және басқа қарияң бар.
Сексенге Мариям апа келген кезі,
Халқының жыр жаухарын терген кезі. Ауылда кездесу боп өлең оқып,
Анамыз өрелі ой өрген өзі.
Сол жерге кездесуге барған қызбын,
Ақ бата Мәриямнан алған қызбын.
Апайдың ақ батасы қабыл болып,
Өлеңге өз жолымды салған
қызбын.
Ақын деп таныстырған ұстаздарым,
Сол кезден осы жол ғой ұстанғаным.
Қырық жыл мен де ақындық жолындамын,
Өзгеше қағиданы ұстанбадым
Халықпыз дәріптеген тектілерін,
Мен де сондай дәріпке ниетті едім.
Апайдың «Мәншүк» атты поэмасын
Оқығанда рухтанып көк тіредім.
Қазақтың қыздарына қойып кеткен
Мен оны ескерткіші деп білемін.
Кеңшілік жайлы айтуға оқталармын,
Парақтап тарих бетін көп қарармын
Әдебиеттен орынын ойып алған
Сұңғылам деген ойды шақтағанмын.
Жасамай ұраншылдық жарнамасын,
Жазған ғой «Балалық шақ балладасын».
Бала көңіл арманы асқақтығын
Түсініп шығармадан аңғарасың.
Соғыстан кейінгі ауыр жылдар екен,
Көңілдің көмкермеген бар наласын.
Ондай нәубет келмесін ел ішіне,
Деп тілейсің мұң бұлты шарламасын.
Бір дәуірдің жасаған портретін
Шынайы сыршылдыққа таң қаласың.
Ойлама деп айтыста қарсылаппын
Негізі жауабы бар әр сұрақтың.
Әдетім дарын көрсем кеп тұратын
Бәйгеде жыр тұлпарын қамшылатқым.
Кең көсіліп, балам-ау, адымдарсың
Төрешісі бар, білсең, әр сынақтың.
Ақ адал пейіл болса болар, балам,
Шаңдатқанын көрейін шамшырақтың.
Нағашыбай:
Мен сізді бүгін күндей жарқыратам,
Ерекше өзіңізді жалпы ұнатам.
Өлеңнің сұлу өрген өрнегіндей,
Мықты еді Мәриямдай маркұм апам.
Жас ақын Бағиланың жолын ашып,
Бата берген қазақтың салтына тән.
Содан кейін ол қыздың бағы жанып,
Айтыспенен жүргізді халқына қан.
Өзі де жастарымның көзін ашып,
Сауабын алып жүрген жарқын апам,
Мәриям анасынан қалып кеткен,
Алтынның сынығындай алтын апам.
Ақпарат ұсыныпсыз ел білмеген,
Білерімді қосайын мен де іргеден.
Шырағданның көкесі Ыбырай ғой,
Көз жіберіп қарайын сол күнге мен.
Қараңғылық жайлаған керзаманда,
Баланы оқытуға келдім деген.
Билік қарсы болғанмен халықты ойлап,
Санасын санасызға жеңдірмеген.
Үйтіп-бүйтіп үкіметтен рұқсат алып,
Алайда арасында сом жүрмеген.
Қарапайым халықтан ақша жинап,
Адамы да қалмапты сендірмеген.
Қазақтың қара табан баласына,
Бойдағы бар білімін бердім деген.
Атамыз дәл осылай мектеп салды,
Алысып, жұлыспай-ақ тендерменен.
Жұртыма дәл осындай жандар керек,
Ел десе еңіреген ермін деген.
Бұлт басқан көгімізге күн боп шығып,
Кеудеміздің шырағын сөндірмеген.
Біздерге табылмайды жарық ондай,
Болмайды өткен күнді танып алмай.
Ал енді өзіңізге ойысайын,
Жұрт сізді де ұстаз деп танығандай.
Білуімше колледжде дәріс беріп,
Сіз оқытқан баланың бағы бардай.
Төрт курстың төртеуін бітіргенше,
Әйтеуір барып жүр ме бәрі қалмай.
Жоқ әлде сауық-сайран құрамыз деп,
Оқудың барады ма мәні қалмай.
Сол жайында сұрайын өзіңізден,
Жауапты кімнен алам анық ондай.
Ол жердің біліміне әңгіме жоқ,
Ал, білім алушының әлі қандай,
Мектептің оқушысын көріп жүрміз,
Колледждің жастарының хәлі қандай.
Бағила:
Әр сөзің бағамызды өсіргендей,
Арқауы шәрбат жырдың есілгендей.
Қалқам-ай, санаң терең бала екенсің,
Сырласып анаңызбен шешілгендей.
Томаға тұйық жүрген көңілімдегі
Мұңның бұлтын бір жола көшіргендей.
Өзіңдей балам ашып сыр айтады,
Сері сөз сылаң қағып ірі айтады.
Ыбырайдың еңбегін біздер айтпай
Әрине, ақ ботам-ау, кім айтады?
Ұрпағы білсін ірі, ұлы істерін,
Ұлт үшін жан ұшырған мың істерін.
Ильминский мырзаға хатқа жазған
Баланы оқытуға кіріскенін.
Аш қасқырдай білімге анталаған,
Халқына бола білген қалқан адам.
Байдың да жарлының да тілін тауып,
Білімнің жолын ашқан әр саладан.
Үйірлеп жылқы берген мектеп үшін
Балқожа атасы да дархан адам.
Ұлылардың өлмейді ұлы істері
Халқы үшін жан ұшырып шаршамаған.
Қызыл тіл сөйлей-сөйлей төселеді,
Еңбегі Ыбырайдың еселі еді.
Қыздар үшін ашылған учелище
Еңбегінің бір түйір кесегі еді.
Қолөнерге үйретіп қыз баланы,
«Нәпақа тауып содан жесе» деді.
Ыбырайдай қазағым тұлғасы бар
Маңдайының бағы да бес елі еді.
Ұлтының көшбасшысы бола білген
Білімнің жолын ашқан көсемі еді.
Біз солай білімді ел боп хан болғанбыз,
Қайыспас халқы үшін нар болғанбыз.
Ол рас тендер ойнап бүгінгі күн,
Теңге қуған тексізді аңғарғанбыз.
Миллиардттап ұлт байлығын ұрлағанды
Естісек көңіл жүдеп арланғанбыз.
Кесапат көшсін менің халқымнан деп,
Тек жарқын келешекті армандармыз.
Үлгіні алсын дейміз келешекке
Жастарым Ыбырайдай жандардан біз.
Шабытым жыр теңіздің арнасындай,
Өлеңдетсем
Кешіңді таңға асырғай,
Менің бала оқытқан колледжім
Ыбырай ашқан орда жалғасындай.
Ұлы Ыбырай білімін тасқа жанған,
Білімнен елге жастық жастаған жан.
Училище негізі білесіз ғой
Ыбырай атамыздан бастау алған.
Мен үшін білім ордам биік тұрар,
Шәкірттер біліміме ұйып тұрар.
Кемсітсе кейбіреулер колледжді,
Ондайға әрине ішім күйіп тұрар.
Сан саладан жастарға білім беріп
Ұстаздар ұлағатты жыйып тұрар,
Жеткіншек білім үшін алға ұмтылса,
Білімнің де желіні иіп тұрар.
Мақтанбай шәкірттермен қала алмадым,
Ұстаздар ашып берген таландарын.
Мен үшін ұлы бақыт жүректерге
Білімнің шам шырағын жаға алғаным.
Көңілім осындай ой түйген еді,
Әр шәкірт мамандығын игереді.
Мен білім беретұғын колледжде
Әр түрлі мамандықты үйренеді
Электирик жарығыңды қосып берер,
Шаштараз шашыңызды басып берер.
Ақпараттық желіден оператор
Іздеген жаңалықты ашып берер.
Игерген мамандықтың міні барма?
Аспазсыз елдің көрген күні бар ма?
Шәкірттер өз алдына кәсіп ашып,
Осылай келеді ғой жүріп алға.
Жүрмісіз өзіңіз де Қамыстыда,
Ақындық қолдан бермей намысты да?
Бір айтыс ауданыңыз жасамайды,
Өнерден деп қаламын алыс сірә.
Сөз кезегін алыңыз, ақын балам,
Ойымды отырайын ауыстыра.
Нағашыбай:
Бір айтыс қылмады деп мықты дерлік,
Арқамызға артылған жүкті көрдік.
Қамысты ауданына 70 жыл боп,
Әкімнен біз де осындай күттік ерлік.
Арқалыққа қондырып алтын домбыра,
Қалиев Айбек ағай ұтты, көрдік.
Қамыстыға әкеліп алғашқы боп,
Көреміз деп жиналды түп-түгел жұрт.
Енді айтыс қылыңдар деп Айбек ағай,
Айтқанда билік жақтан “құпты” көрдік.
Сондықтан да бір айтыс өтіп қалар,
Біз сондай уәдемізді тіпті бердік.
Ат аунаған жерінде түк қалар деп,
Ақтаңгердің қадамын құтты көрдік.
Ұстаз болып білімге белсенерде,
Ақын болып қосатын енші өнерге.
Бағила апай, сәт келді қоштасатын,
Мұндай сәт уақытпенен өлшенер ме.
Жастардың ақ шуағы, сен аман бол,
Өзіңдей мұғалім аз, сенсең, елде.
Электрик, шаштараз бен оператор,
Шеттерінен айналсын қол шеберге.
Шәкіртің өз алдына кәсіп ашса,
Отыратын күн тусын кеңселерде.
Мақтан тұтар оқушың көп болса екен,
Барыңды біліміңмен берсең елге.
Кез келген мамандықтың маңызы бар,
Өз ісінің маманы болса егер де.
Ақындар қара өлеңді дертім дейтін,
Алайда дертіне сөз келтірмейтін.
Алдыңнан үш айналым шауып өттік,
Біз үшін сәт болған жоқ жең түрмейтін.
Тас шайнап құм түкірген шайырлар жүр,
Шетінен мен атайын сен тұр дейтін.
Барлығына дем берген халық еді,
Төл өнерді көтеру сертім дейтін.
Қазір газет оқитын жандар аз ғой,
Сым тетіктің ішінде селкілдейтін.
Рухы биік ағайын, сен аман бол,
Арда өнер айтыс көрмей серпілмейтін.
Қазақтың газетін де өлтірмейтін,
Ең ғажап өнерін де өлтірмейтін.
Бағила:
Айтысып өзімді өзім әуреледім,
Өрнектеп өлеңімді әрлеп едім.
Лебізіңнің байқасам лебі бөлек,
Сыр ұғып, әр сөзіңе мән беремін.
Анадан асыл туған бекзатымсың
Өзіңдей жан барына тәубе дедім.
Сөзіңнің нарқы бөлек бала екенсің,
Қатарыңнан өзгеше дара екенсің.
Үлкенге ізеті бар жаны таза,
Қарағым, өзің жайсаң жан екенсің.
Қамысты нағашылар мекені еді,
Еркелетіп мені олар жетеледі.
Анамның туған жері келбеті де
Өзгеше көңілімді көтереді.
Сол жаққа айтыс болса барсам дегем,
Қолыма домбырамды алсам деп ем.
Анамның ізі қалған құт мекенде
Еркелеп еліме ән салсам дегем.
Өлең -сөз қасиет қой қанат берген,
Ұлы мақсат және де талап берген.
Әр ақын өз әлінше қанат қағып,
Өлеңнің туын биік қадап көрген.
Ақын ба сөйлер сөзін ірі етпеген?
Ақын ба жырмен жанға гүл екпеген?
Айтысты мен де, балам, тәмамдайын
Жүрекжарды, ақжарма тілекпенен.
Ақ ботам, бақ-берекең арылмасын,
Жалғанда болсын әркез бағың басым.
Қызыл тіл, кеудеңдегі ақын жүрек
Жамбылдай жүзге келіп дамылдасын!
Анаңды алып жүргей ойыңызға,
Ізетің өзгеше екен бойыңызда.
Жар болып бір сұлуға, ақ Нәшөгім,
Өзіңнің кездесейік тойыңызда
