Биыл Бейімбет Майлин ауданында әлеуметтік қолдау шаралары жемісті жүзеге асты. Мемлекеттік бағдарламалар саладағы көптеген күрмеулі мәселені кезең-кезеңімен шешіп келеді. Еңбек жолын енді бастап, тұрақты жұмыс тапқан жастар, өңірге көш басын бұрып, тұрмысын түзеген қоныстанушылар – соның айқын айғағы.
Болашақ баспалдағы
Аудан жастарына қолдау көрсету, еңбек жолын ашып беру, жергілікті тұрғындарды жұыспен қамту биыл да жоспарға сай орындалды. Оған мемлекет мүмкіндік ұсынған «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» және «Күміс жас» бағдарламаларының шарапаты тиді. Жекелей тоқталсақ, биыл «Жастар практикасына» 24 адам бағытталған. Қазір олардың барлығы дерлік түрлі мекеме-ұйымда, кәсіпорында тәжірибе жинақтап жатыр. Әрине, араларында бірер ай жұмыс істеп, тұрақты қызметке орналасып алған жастар көп. Сондай-ақ «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы да жаңа буынға көп жәрдемін тигізіп келеді. Осы жылы бұл бағдарламаға аудан көлемінен төрт адам бағытталған. Солардың бірі – Ксения Горячая. Ол аудандық Мансап орталығында еңбек жолын бастап жатыр.
«Осында әдіскер болып жұмыс істеп жатқаныма бір жылдан асты. «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы бойынша қабылданған едім. Бұл – жастар үшін зор мүмкіндік, үлкен тәжірибе. Болашағының алғашқы баспалдағы. Өзім осы ауданда тудым, еңбек жолы да туған жерімде басталды. Рудный технология және қызмет колледжінің түлегімін. Мамандығым – кеңсе менеджері. Іс жүргізуші, мұрағатшы деп те жіктеледі», – дейді Ксения.
Ол бағдарлама аяқталғасын Халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істегісі келеді. Онда да мамандығы бойынша қызмет етуді қалайды… Ксениямен құралпылас тағы бір талапты жас Ангелина Серых «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша еңбектеніп жүр.
«Аталған бағдарламамен аудандық спорт бөлімінде жұмыс істеп жатырмын. Тәжірибем маусым айынан басталды. Бәрі көңілден шығады. Өзім осы жақтың тумасымын. Лисаков техникалық колледжінде бағдарламашы мамандығында оқыдым. Практика біткесін еңбек жолымды қай арнаға бұратынымды әлі жоспарлап үлгермедім. Уақыт көрсетер, тәжірибе толыса келе, алдағыны айқындай жатармын», – деп отыр Ангелина.
Аудандық Мансап орталығының жетекшісі Әнуар Сәрсекеевтің мәліметінше, «Күміс жас» бағдарламасы арқылы биыл 14 адам жұмысқа орналасқан.
«Бұл – 50 жастан асқан адамдарға арналған бағдарлама. Осы жастағы жұмыссыз қалған, аудан көлемінде тұратын азаматтар бізге жүгініп, нәтижесінде қос қолға бір күрек тауып отыр. Көбі – электрик, құрылысшы, монтер сияқты жұмысшы мамандар. Табыстары тұрақты, жұмыс өздерінің көңілдерінен шығады. Ал біз осы санаттағы тұрғындарға әрдайым көмекке келуге дайынбыз», – дейді Әнуар Сәрсекеев.
Аудандағы жұмыспен қамту бағдарламалары туралы өткен жылы жазған едік. Былтыр «Жастар практикасы» бойынша жұмыс істеп жүрген жастардың бүгінгі ахуалын сұрадық. Орталық жетекшісінің айтуынша, тігін цехында еңбек еткен Валентина Халықова тұрмыс құрып, Рудныйға қоныс аударған. Бастысы, сол жақта жұмысқа орналасыпты. Ал наубайханада істеген екінші қыз «Жастар практикасын» аяқтаған соң аудандық балабақшаға қызметке кіріпті. Демек, бағдарлама аяқталғаннан кейінгі жастардың жай-күйі де орталықтың назарында ұсталып отырады.
Құйылсын көшің…
Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару көшу бағдарламасы да Майлин ауданында жемісті жүзеге асты. Биыл ауданға 30 квота бөлінген. Бірақ жергілікті билік мұны 34 отбасыға жеткізіп, жоспарды артығымен орындады.
«Шынын айтсақ, квотаны толтыра алмай жатқан аудардар баршылық қой. Біз ондай мәселеден қиындық көрмедік. Өйткені ауданымыз экономикалық тұрғыда сұранысқа ие. Бізде үлкен темір жол вокзалы бар. Сондықтан тоғыз жолдың торабындағы Тобылға көбі көшіп келеді. Бағдарлама аясында өзге елді мекендерге қоныстанған дәрігерлер де бар. Бәрі медициналық мекемелерге жұмысқа орналасты», – дейді Әнуар Сәрсекеев.
Қоныстанушыларға субсидия төленеді. Нақтысында, әр отбасы мүшесіне 70 АЕК көлемінде қаржы беріледі. Мұны ақшаға айналдырсаңыз – жан басы 275 мың теңгеден алады деген сөз. Мәселен, Тобыл кентіне Маңғыстаудан Көлбаевтар әулеті көшіп келді. Алты адамдық отбасы 1,6 млн теңгеден астам субсидия алды. Қазір Тобылдың толыққанды тұрғындарына айналып отыр.
«Біз Бейнеу ауданынан көшіп келдік. Ол жақта жұмыс болмады. Болса да кіре алмадық. Әйтпесе, күйеуім істің адамы. Өзімде де медбикенің дипломы бар. Сондықтан сұрастыра келіп, Тобылға таңдауымыз түсіп, табан тіредік. Жолдасым 37 жаста. Өзім 31-демін. Отағасы темір жол вокзалына жұмысқа тұрды. Мен қазақ мектебіне жинастырушы болып орналастым. Табысымыз жеткілікті. Өзіміз тапқан тұрғын үйдің жарты ақшасын үкімет төлеп берді. Қаңтар айынан бері осында тұрып жатырмыз. Елді мекен де, ауасы да, тұрғындар да, тұрмысымыз да көңілімізден шығады. Келгенімізге өкінбейміз. Төрт қызымыз бар. Бәрі үйреністі», – дейді Әлия Ержанова.
Балаларының үлкені 4-сыныпта, одан кейінгісі 2-сыныпта оқиды. Үшінші қыздары беске, кенжелері енді үш жасқа толады. Тұрмыстары әлдеқайда жақсарып, қолдары ауыздарына жетіп, мемлекет қолдауына дән разы болып отыр. Әлияның айтуынша, күйеуі әулетінің шақыртуымен туған жеріне сапарлап кеткен. Ол соңына туыстарын ертіп әкелуі мүмкін.
«Осы жаққа келгісі келетін таныс-туыстарымыз баршылық. Мысалы, қайын ағам мен абысыным Тобыл кентіне қоныс аударуға ниет етіп отыр. Олар таяуда келіп, елді мекенді көріп, мектепке бас сұғып, жұмыс орындарымен сөйлесті. Осы айдың ішінде түбегейлі көшіп келеміз деп отыр. Қонысқа жайлы, тұрмысқа сайлы жер екендеріне көз жеткізіп кетті», – дейді Әлия Ержанова.
Сырт өңірлерден көшіп келген отбасылардың тұрғын үй жағдайын жақсарту – бағдарламада көрсетілген жеңілдік. Мәселен, осы Көлбаевтар отбасы алғаш көшіп келгенде салып алатын баспана тапқанша аудандық Мансап орталығы жалдамалы пәтер ұсынған. 21 АЕК көлемінде ақысын төлеп беріп отырыпты. Кейін өз қалауларымен тұрғын үй таңдаған соң Экономикалық мобильділік сертификаты бойынша, үйдің жарты сомасы төленді.
«Олар баспана тапқаннан кейін барлық құжатын бізге әкелді. Біз тұрғын үйді тексеруге барып, жай-күйін көрдік. Содан кейін орнықты мүліктің жарты сомасын төледік. Бұл кісілер 8 млн теңгенің үйін таңдап, 4 млн теңгесі бағдарлама арқылы өтелді, – дейді Әнуар Сәрсекеев. –Бірақ мұнда да шектеу бар. 1160 АЕК-тен аспауы керек. Мысалы, үй 20 млн теңге тұрса, үкіметтен 4,561 млн теңге ғана бөлінеді. Бұл сомадан асыра алмаймыз».
Мансап орталығы жетекшісінің айтуынша, ауданға келгендердің бәрі – еңбекке қабілетті адамдар. Жұмыс орнымен келісім жасасын, жыл соңына дейін ауданға қоныс аударғалы отырған отбасылар әлі де баршылық. Соңғылардың бірі болып тіркелген отбасы 4 қарашада «Еnbek migration» сайты арқылы квота алуға өтінім берген.
«Тоғыз адамнан тұратын отбасы. Жеті баласы бар ата-ана. 11 қарашада комиссия олардың квотаға берген өтінімін мақұлдады. Олар таяу күндері Тобылға келіп қоныс тебеді. Біз оларды күтіп алып, жұмысқа орналастырамыз. Отағасын темір жолға тұрғызамыз. Балаларының үшеуі ерекше қажеттілігі бар болғандықтан, әйелі бала күтімінде болады. Отбасы квота енгеннен кейін жарты жыл көлемінде тұрғын үй сатып алуға құқылы болады. Осы мерзім ішінде баспана тауып, біз ұсынған сертификатты пайдаланып, сатып алуға тиіс», – дейді орталық жетекшісі.
Көшіп келушілерге қойылатын талап – бағдарламада көрсетілген ережелерді толық орындауы. Әсіресе, олар солтүстік өңірге қоныс аударар алдында жұмыссыз ретінде расталып, Майлин ауданын таңдағаны ортақ базаға түсуі шарт.
Жандос ЖҮСІПБЕК
Суреттерді түсірген – Айдана МАРАТ
басты сурет: Azattyq Ruhy
