Асқар Бейбарыс есімді бұл өнертапқыш Жамбыл жалпы білім беретін мектебінің жетінші сыныбында оқиды.
Өткен жылы «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорының қолдауымен Жамбыл жалпы білім беретін мектебінің материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға 256 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы мектептің жан-жақты дамуына жол ашып, мыңдаған баланың сапалы білім алу мүмкіндігін арттыруға сеп болды. Бөлінген қаражат есебінен физика, математика, химия, биология, география кабинеттері толық жаңартылды. Технология және ІТ-кабинеттер заманауи құрылғылармен жабдықталып, робототехника кабинеті, арт-студия, телестудия, STEM-орталық іске қосылды.

Осындай инфрақұрылым балалардың ғылымға, техникалық шығармашылыққа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың заманауи бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына үлкен мүмкіндік берді. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың Науырзым ауданына жасаған сапарында балалар өз пікірлерін айтып, жетістіктерін де жеткізді. Осы құрылғылардың көмегімен жасаған М.Дулатұлының портреті салынған кәдесыйын Құмар Ақсақаловқа тарту етті. Ал 7-сынып оқушысы Асқар Бейбарыс робототехника сыныбына барғанның арқасында «Қаражорға» әніне билейтін робот ойлап тапқан. Ол әуен ойнасымен билей ала жөнеледі.

«Былтыр мектебіміз жаңа құрал-жабдықтармен толықты. Робототехника және STEM-орталығы жұмыс істей бастады. Оқушыларға осы үйірмеге қатысу өздеріне ұнайды. Түрлі дүниелер ойлап тауып жатыр. Балаға берілген зор мүмкіндік», – дейді информатика пәнінің мұғалімі Рысбике Жеңісқызы.
Қазіргі уақытта мектепте 400-ден астам оқушы білім алуда. Жаңартылған материалдық база оқушыларға жайлы, қауіпсіз және шабыттандыратын орта қалыптастырып отыр.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев
