Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Науырзым ауданына іссапармен барып, ауданның даму барысымен танысты. Қазақстанның бірегей табиғи аймақтарының бірі саналатын Наурызым қорығына барды. Ол – еліміздің ғана емес, әлемнің назарындағы құнды экожүйе.
Қорықтың ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік табиғи мұра тізіміне енгізілуі оның халықаралық маңызын айқындап, табиғи байлықтарды сақтау ісіне деген жауапкершілікті арттыра түседі. Экожүйені сақтап қалу үшін мықты техника керек екені белгілі. Сондықтан соңғы жылдары қорық аумағында табиғат қорғау жұмыстарын күшейтуге бағытталған кешенді іс-шаралар қолға алынды.
Өрт қаупін төмендету, табиғи ландшафтарды сақтау және жедел қызметтердің жұмысын күшейту мақсатында 2022–2025 жылдары қорыққа 1,1 млрд теңге көлемінде инвестиция бағытталды. Бұл қаражат есебінен 27 бірлік арнайы техника сатып алынып, табиғи өрттердің алдын алу және сөндіру мүмкіндіктері артқан.
Осының арқасында табиғатты қорғау инспекторларының материалдық-техникалық мүмкіндігі күшейтілді. 1 млрд 141 млн теңгеге арнайы және өрт сөндіру техникасы сатып алынды. Қорыққа алынған көліктердің қатарында Niva Travel, ГАЗель Соболь, Great Wall Wingle, УАЗ Профи, Lovol, Howo Sitrak, КамАЗ АЦ-5, ГАЗ Садко, JAC T6 сынды заманауи техникалар бар. Осының арқасында техника паркі 90 пайызға жаңарды. Осыған сай жұмысшылар құрамы да арта түседі.


«Мұның бәрі де машина-трактор паркі инспекторлардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде Наурызым даласында табиғи өрттерді ерте анықтау, алдын алу және залалын азайту жұмыстары әлдеқайда тиімді жүргізіледі. Биыл іс жүзінде жаңа техникаларды бақылап көрдік. Мүмкіндігі де, тиімділігі де жаңаша», – дейді қорық директоры Дулат Қойлыбаев.
Қорық аумағында атқарылып жатқан шаралар тек техникалық мүмкіндікті арттырумен шектелмейді. Экожүйені кешенді қорғауға, жануарлар дүниесін сақтауға, сирек өсімдіктердің өсіп-өнуіне жағдай жасауға жол ашады.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев
