Қазақтың сырлы сазын жүректерге жеткізген Шәмші Қалдаяқовтың әндері Қостанай аспанын әсем әуенге бөледі. Композитордың туған күніне орай Е. Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының өнерпаздары «Қостанай Плазада» жұртшылыққа ерекше музыкалық кеш сыйлап, Шәмші әндерінің мәңгілік әуезін жаңғыртты.
Әсем әнге ұйыған көрермен вальс билеп, қазақ вальсінің короліне деген құрметін ерекше көңіл күймен білдірді.
15 тамыз – қазақ музыкасының қайталанбас тұлғасы, халық жүрегінен орын алған Шәмші Қалдаяқовтың дүниеге келген күні. Осы айтулы датаға арналған концертте филармония әншілері композитордың ел сүйіп тыңдайтын әндерін орындап, Шәмші әуендерінің мәңгілік өміршеңдігін тағы бір мәрте көрсетті.

Кеш барысында «Ақ ерке – Ақ Жайық», «Ана туралы жыр», «Кешікпей келем деп ең», «Теріскей», «Арыс жағасында», «Бақыт құшағында», «Өмір өзен» сынды танымал шығармалар шырқалды. Әр әннің өзіне тән әуезі мен терең мазмұны көрерменге ерекше әсер қалдырды.
Шәмші Қалдаяқовтың әндері – қазақтың сырлы тарихы мен сезімге толы өмірінің әуені іспетті. Оның шығармаларында туған жерге деген сүйіспеншілік, анаға деген құрмет, махаббат пен сағыныш, жастықтың жалынды сезімі кеңінен көрініс тапқан. Сондықтан арада қанша жыл өтсе де, композитор әндері халықпен бірге жасап келеді.

Концерттің тағы бір ерекшелігі – көрерменнің әсем әуенге қосылып, вальс билеуі болды. Шәмші әндерінің сырлы ырғағына тербелген жұртшылық бір сәтке күнделікті күйбең тірліктен алыстап, әуезді ән мен әсем биге бөленді.
Қостанайлық өнерпаздардың бұл кеші – Шәмші мұрасына деген құрметтің жарқын көрінісі. Композитордың жүректен шыққан әндері бүгінгі ұрпақтың да жүрегіне жол тауып, қазақ өнерінің алтын қорындағы баға жетпес қазына екенін тағы бір дәлелдеді.
Шәмші әндері шырқалған сайын – қазақтың жаны сөйлейді. Ал оның әуенімен билеген әр вальс композитор шығармаларының уақытпен бірге жасай беретінін аңғартқандай.
Бота Манет
