Қазақстандағы сайлау учаскелерінің 90%-дан астамында мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруге қолайлы әрі қауіпсіз қатысуына қажетті жағдайлар жасалған.
Сайлау инфрақұрылымының қолжетімділігі сайлаушылардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып қамтамасыз етіледі. Учаскелерде пандустар мен көтергіш құрылғылар, көмек шақыру түймелері, тактильді көрсеткіштер, қажетті ені сақталған есік ойықтары және жеткілікті жарықтандыру қарастырылған. Сондай-ақ арнайы автотұрақ орындары ұйымдастырылады.
Көру және есту қабілеті бұзылған азаматтар үшін арнайы құралдар мен ақпараттық материалдар, оның ішінде Брайль қарпімен жазылған материалдар қарастырылған. Қажет болған жағдайда сайлаушыларға ымдау тілі мамандары мен тифлосурдоаудармашылар көмек көрсетеді.
Сайлау күні дауыс берудің қолжетімділігіне де ерекше назар аударылады. Жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар азаматтардың сайлау учаскелеріне кедергісіз жетуін қамтамасыз ету үшін «Инватакси» қызметінің жұмысын ұйымдастырады.
Сонымен қатар сайлаушы өз учаскесінің қолжетімділігі туралы ақпаратты алдын ала нақтылап, өзіне қандай арнайы жағдайлар мен мүмкіндіктер қарастырылғанын біле алады.
Сайлау учаскелерінде кедергісіз орта қалыптастыру – азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз етудің маңызды бөлігі. Бұл әрбір сайлаушыға денсаулық жағдайы мен физикалық мүмкіндіктеріне қарамастан, өзінің сайлауға қатысу жөніндегі конституциялық құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
