Қостанай облыстық Л.Толстой атындағы ғылыми әмбебап кітапхананың ұйымдастыруымен өткен «Мәңгілік өнер. Искусство на все времена» облыстық әдеби байқауына отызға жуық жас қаламгер қатысты. Байқауға өтініштер қаңтар айынан бастап қабылданды. Ұйымдастырушы кітапхана қызметкері Ботакөз Дүйсембаеваның айтуынша, аталмыш байқау дәстүрлі түрде жыл сайын өтеді.
– Өңірімізде шығармашылыққа бейім жастар баршылық. Олардың жазған өлеңдері мен туындылары әрқашан дәріптеліп тұруға тиіс. Осы мақсатпен біз жыл сайын “Мәңгілік өнер” атты екі тілде әдеби байқау өткіземіз. Биыл қазақ тілінде 12, орыс тілінде 16 өтінім келіп түсті, – дейді Ботагөз Дүйсембаева.
Байқауға жас қаламгерлер төрелік жасады. Олардың қатарында облыстық “Қостанай таңы” газетінің тілшісі Бейбіт Нұрмұханов, әуесқой сазгер Арысбек Бағдәулетұлы және мұғалім Бақытжамал Кеңшілік бар.
– Байқауға келіп түскен шығармаларды жақсы деуге болады. Көп оқып, ізденетіні көрініп тұр. Әсіресе, Мәдина Сапар, Индира Артықбай, Тоғжан Өскенбай сынды жастардың өлең-эсселері қатты ұнады. Бізде шама-шарқымызша әділдік жасап, бағамызды бердік деген ойдамыз, – дейді әділқазы мүшесі Бейбіт.
Қорытынды нәтиже бойынша қазақ тілінен Гран-при – Мәдина Сапар, бірінші орын Гүлфайруз Мұратбек, екінші, үшінші орындарды Индира Артықбай және Шахмерден Есенов иеленді. Ал орыс тілінде Гран-при – Ольга Сергеевна, бірінші орынды Людмила Леонидовна, екінші орын Марина Викторовна, үшінші орын Олеся Алексеевнаға бұйырды.
– 11 жасымнан өлең шығарамын. Әдеби кітаптарды оқыған қатты ұнайды. Осы жылы А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-нің қазақ тілі және әдебиет пәні мамандығына оқуға түстім. Осы байқау жайлы құрбымнан естіп, шығармамды жібердім. Гран-при иегері боламын деген ой болмады. Өте қуаныштымын, – дейді 17 жастағы жеңімпаз Мәдина.
Орын иегерлеріне арнайы сыйлықтар мен алғыс хаттар және куәлік табысталды. Жүлдесіз қалған қатысушыларға және төрешілерге меценат, Қазақстанның еңбек ері Алмат Тұрсыновтың атынан сыйлық берілді. Күн райының қолдайсыздығына байланысты келе алмаған жеңімпаздар мен қатысушылар онлайн қатысты. Оларға сыйлықтары алдағы уақытта табысталатын болады.
Раушан АЗАМАТҚЫЗЫ,
Суреттерді түсірген автор