Редакцияға Гүлсара есімді оқырманымыз елімізге аты мәшһүр Марал Ишанның жиені Жансая Ордашқызы жайлы зерттеп жүргенін айтып хабарласты.
“Алты ай бойы қатты ауырдым. Содан түсіме аян берді. Бұл аян Жітіқараның Аққарға деген жерінде емшілік жолмен айналысқан Жансая әжеміздің шежерелі жолын іздеп табуыма, сол арқылы дертіме дауа болуына түрткі болды”, – дейді оқырман.
Ол дертінен тұрып, біртіндеп жүре бастайды. Тұрғындардан қажетті жазбалар жинай бастайды. Архив құжаттарын іздеу үшін Ақтөбенің Шалқар ауданына дейін сапарлап келгенін айтты. Жуырда Жансая Ордашқызы туып-өскен Ырғыз ауданына барғалы отыр.
Жансая Ордашқызының үлкен келіні Қостанайдың іргесіндегі Заречный ауылында тұрып жатыр.
“Он сегіз жасымда сол кісінің үлкен баласы Ердәулетке тұрмысқа шықтым. Мен түскен жылы Енем сол кездегі Волгоград кеңшары Сұлтан ауылында кісі қарайды екен. Он үш жыл Ердәулетпен отасып, ол қайтыс болғанда төрт баламмен ата-енемнің қолында қалдым. Алпысыншы жылдары Аққарғаға көшіп бардық. Енем Жетпіс бес жасында, Атам 92 жасында бес жылдан кейін қайтыс болды. Сонда енем: “Бұл қасиет шешем жағынан келген. Марал Ишанның жиені көрінемін, сол кісінің қызынан туған көрінемін. Анығын білмеймін”, – деп айтып отыратын. “Балам, мен о дүниелік болғанда менің таяғымды, халатымды бас жағыңа іліп қоярсың”, – деп жарықтық жиі айтып кетті. Халаты әлі күнге дейін бас жағымда тұр. Таяғы тозды. Аяғы ауырғандар көп алып еді. Мен де келініме қазір бұл жайлы айтып жүрмін”, – дейді келіні Шайзада әжей.
Бүгінде Шайзада әженің жасы да сексен екіге таяды. Қайтарының алдында Жансая Ордашқызы былай деп өсиет етіп кеткен екен: “Бұл касиетті өзіммен кетсін деп тілеп жатырмын, олай болмайтын шығар. Аруақ деген қиын нәрсе, кісі қарау ауыр жол. Немереге қонады деуші еді. Ай, осы балаға қонатын шығар, бұған да оңай болмайтын шығар”, – деп кенже немересін көрсетіпті.
Кезінде әулие біткен қасиетті Түркістанға барғанда ол жақтағылар: “Сендер жақта бір әулие бар. Мазарын тауып, басын тәу етіңдер”, дейді екен.
Ердәулет пен Шайзададан төрт бала өмірге келген. Тұңғыштары шетінеп, екінші балалары қырық жасында қайтыс болады. Ортаншы баласы бүгінде 54-те, кенжелері 53 жаста. Бүгінде олардан он немере, он шақты шөбере сүйіп отыр. Ол кісі қайтқанда қазіргі қолындағы кенже баласы сегіз оқып жүрген екен.
Жансая Ордашқызының кенже ұлы Молдәулет Келеманов анасының емшілік жолы 15 жасынан басталғанын айтып отыр.
“Анам бұл жайында аңда-санда айтып отырушы еді. Ол кісіге аруақтар тыныштық бермей, жиі ауырған. Келген адамдардың тамырын ұстап, түрлі емдік шөп қайнап беретін. Ұйыған қан, сырқыраған сүйектерді қалпына келтірумен айналысты. Құмалақ салып, алдын ала кім келетінін, ол адамның ойларын білген. Мектептің білімі болған жоқ мулладан оқыды”, – дейді Молдәулет Қылышбайұлы.
Баласының айтуынша, Жансая мен оның жұбайы Қылышбай байдың балалары болыпты. Азық-түліктің тапшы кезі екен. Бір жолы Жансаямен Ырғыздан Қостанай жаққа жаяу бара жатқанда алтын белбеуін бір кесе бидайға айырбастаған заманды кешіпті. Ақжарқын қызын арқасына көтеріп, желмаяға байлап қойған. Кейін Жансая мен Қылышбайдың ата-анасы тәркіленді. Жансая ауырған кезде Марал ишан аян берген екен, содан намаз оқып осы жолға бет алады.
Прогресс кентінің тұрғыны Бексұлтан Жидебаевтың анасы мен Жансая Ордашқызы қатты дос болады. Бірде Бексұлтан оларды прогресстен Аққарғаға апатты көпір арқылы қысқа жолмен алып кетпекші болады. Олардың алдындағы көлік өтіп бара жатқанда көпірдің бөренелері опырылып, жақтауға ілініп қалады. Ол көлікті бөгде адамның көмегінсіз шығару мүмкін емес еді.
“Оларға көлікте болуды ұсынып, өзім көмекке баруды шештім. Пирожковоз көлік екен . Алыстан К-700 – тің жүргенін көзім түскенімен көмек бола қоймады. Сонда Жансая әжем: “Біздің көлікпен сүйретіп көрсеңші, шығаруға тиіссің”, – деп дем бергендей болды. Мен әжемнің айтқанына сенбесем де бас тарта алмадым. Машинаны іске қостым. Тек ілініс педалын босатқаным сол еді біреу машинаны итеріп жібергендей әсер етті. Аққарғаға барар жолдың қалған бөлігінде мен әжеме қарауға қорықтым”, – депті Бексұлтан.
Аққарғада Жолаушыбай деген көршілері болады. Бірде ол қонысының жанынан үй салғанына наразылық білдіріп, Қылышбай мен Жансаяның үйіне қарай бет алады. Біраз уақыттан кейін ол Жансаядан көмек сұрап, оның әрекеттері үшін кешірім сұраған, оған сырқатымен күресуге мүмкіндік береді. “Жолаушыбайдың біздің үймен арпалысып жатқанын көргенде: “Мынау тынышталмады ғой”, деп кейіп қалса керек, содан кейін ол кішкене жүре алмай қалған”, – деп еске алады Молдәулет Келеманов.
Жансая Ордашқызының шапағатын көргендер еліміз ғана емес, көршілес Ресейде де жетіп артылады. Жансая Ордашқызы 1987 жылы сәуірде Аққарағада қайтыс болды. Жерлеуіне адам көп жиналды. Жолдасы Қылышбай 92 жыл өмір сүрген. Жітіқарадан жүз шақырым жердегі Аққарға ауылының маңын(Бұрынғы Дзержинский кеңшары) “Түйе әулие тауы” деген екен. Ол жерде Қылышбайдың әкесі Келеман бидің жазғы жайылымы болған, онда Келеманкөл көлі бар. Ол Қондыбай елді мекенінің жанындағы Мықтыкөл ауылында орналасқан. Бүгінде ұрпақтары әулие мазарының айналасын жақсартып, Қазақстанның қасиетті картасына енгізілгенін қалап отыр. Қазіргі уақытта Жансая Ордашқызы жайлы аңыздар, естеліктер бойынша құжаттар жинастырылып жатыр.
Балжан Аманжолова,
Орынбор облысының тумасы, Адамовка кенті:
– Алғаш рет Жансаямен 80-ші жылдары кездестім. Ол дөңгелек, жарқын жүзді, орта бойлы кісі еді. Табиғаты бойынша түзу. Ол менің аяғым ауыр екенін және қызым туылатынын айтты. “Көзінің алды қиғаш болады, бірақ сіз өзіңі емдемейсіз, өтеді де кетеді”, – деді. Кейін айтқаны келді. Сосын 13 жыл кенже ұлымның балалары болмай, жұбайым екеуміз 2,5 жыл бұрын мамыр айында мазарына бардық. Айдың соңында олар келіннің аяғы ауыр екенін білді. Немереміздің атын Қайсар деп қойдық. Себебі Жансая әженің Қайсар атасы Ырғызда белгілі ақын болған екен.
Жәмила,
Жітіқара ауданы
Степное ауылының тумасы:
– Әпкем тұрмысқа шығып, екі жыл бала көтере алмады. Қаралмаған дәрігері қалмады. Содан анамыз Аққарағайдағы Жансая әжеге ерітіп апарды. Барсақ, үйінде шай ішіп отыр екен. Неге келгенін бірден біліп, ортайған кесесін әпкеме ұсынды. “Осыны шамбасымен іш! Күзде ұлды, кейін қызды боласың”, – дегені дәл келді.
Айбек ҒАЛЫМҰЛЫ
Жітіқара ауданы