Мемлекетіміз дамудың даңғылына түскелі саяси реформалар үсті-үстіне жетілдіріліп келеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңа Қазақстанды құру жолында тың бастамаларды қолға алып отырғанына ел куә. Бүгінде қалыптасқан жүйені жаңғыртып, реформаларды жаңашылдықтармен жүргізуді уақыттың өзі талап етіп отырғаны баршамызға мәлім. Мемлекет басшысы қолға алған ізгі істер мен игі өзгерістерден халық та зор нәтиже күтіп отыр.
Жаңа саяси реформалардың ең басты көздегені не? Бұл, бірінші кезекте, халықты саяси өмірге барынша араластырып, заңды түрде талап-тілектерін алға қоюға бейімдеу. Екіншіден, билік пен халық арасын мейлінше жақындата түсіп, дамыған елдердің әдетіне сай тепе-теңдіктің сақталуын қамдау. «Сіз саясатқа араласпасаңыз, саясат сізбен араласады» деген сөз бар. Сол айтпақшы, қазір көзі ашық, көкірегі ояу халық елдің бүгіні мен ертеңіне қатысты мәселеден әлбетте тысқары болмауы керек. Өйткені, елдегі саяси және экономикалық реформалардың барлығы – мемлекеттің дамуына, азаматтардың конституциялық құқықтарын күшейтуге, адами капиталды арттыруға, қоғамдағы азаматтық белсенділіктің қалыптасуына, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, түптеп келгенде, қазақстандықтардың жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатқан үрдіс.
Осы тұрғыдағы қадамдар келешекте өзінің оң нәтижесін береріне шүбә келтірмейміз. Қазірдің өзінде елеулі өзгерістердің өмірімізге дендеп еніп жатқанын көріп отырмыз. «Кемедегінің жаны бір» демекші, елдің болашағына қатысы бар қай істе де ауызбірлігіміз бекем болуы тиіс!
Бақыт ТӨЛЕБАЕВ,
Жанкелдин ауданы Жаркөл ауылдық округінің әкімі