Жаңарған заң — жаңғырған сана. Конституциялық реформа талқыланды

Жаңарған заң — жаңғырған сана. Конституциялық реформа талқыланды

Конституциялық реформа – жаңа тарихи кезеңге жол салған оқиға. Бұл – бағыт-бағдарымызды уақыт талабына сай айқындап, мемлекет мүддесін үстемдей түсетін үдеріс. Ендігі міндет – қоғам талқысына салынып жатқан Ата заңға енгізілетін өзгерісті терең зерделеу, халыққа кеңінен түсіндіру. Осы тақырып аясында өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен алғашқы жиын өтті.

Биыл Ұлттық Құрылтайдың V отырысында Мемлекет Басшысы Конституциялық реформаның негізгі бағыттарын айқындап, ел дамуының жаңа кезеңіне із салған еді. Президент заң мен заман үндестігі жөнінде көптеген келелі ұсыныс айтқан-тын. Іле сол бастамалардың жалғасы ретінде құрамы 130 адамнан тұратын конституциялық комиссия құрылды. Ашық форматта, тікелей эфирде алты бірдей отырыс өтті. Жұмыс процесінде Негізгі заңның барлық бөлімі мен 77 бабы жан-жақты талқыланды. Нәтижесінде жаңа Конституция жобасы әзірленіп, 30 қаңтарда жария етілгені елге мәлім.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов конституциялық реформаны ел болашағын айқындайтын стратегиялық әрі идеологиялық қадам ретінде бағалады.

«Бұл реформа – Қазақстанның болашақ даму моделін айқындайтын, қоғамның құндылықтық бағдарын нақтылайтын стратегиялық идеологиялық қадам. Ата Заң жобасы жарты жылға жуық әзірленіп, қазіргі заманғы қоғамдық сұраныстар мен елде болып жатқан нақты өзгерістерді ескере отырып дайындалған. Жаңа Преамбулада алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде адам құқықтары мен бостандықтары жарияланды және адамға деген құрмет, жауапкершілік пен әділеттілік қағидаттары қойылып отыр. «Адам – мемлекет үшін емес, мемлекет – адам үшін» деген ұстаным мемлекеттің барлық саясатының өзегіне айналуда. Бұл – әлеуметтік әділдікке, тең мүмкіндіктерге, заң алдындағы теңдікке негізделген жаңа қоғамдық келісім», – деді аймақ әкімі.

blankӨңір басшысы тілге тиек еткендей, Президент бастамашы болған «Заң және тәртіп» идеологиясының Конституцияда нақты нормалармен бекітілуі де қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің берік іргетасы. Жаңа Конституцияда ұлттық бірегейлікті сақтау мен заманауи құндылықтарды үйлестіру идеясы айқындалды. Бірлік, келісім, толеранттылық – көп этносты елдің басты артықшылығы, мемлекеттіліктің мызғымас негізі ретінде бекітілді. Ендігі мақсат-міндет – осы өзгерістер мен жаңашылдықтарды облыстың әр тұрғынына тәптіштеп түсіндіру, мазмұны мен мұратын насихат ету.blank

«Өңір жұртшылығына жеткізетін ақпаратымыздың анық-қанық, түсінікті тілде болуы зор маңызға ие. Біз бұл өзгерістер Қазақстан халқының құндылықтары мен қағидаларына сай келетінін, дәстүрлі және цифрлық құқықтарын қорғауға бағытталғанын, әлеуметтік және құқықтық кепілдіктерді нығайта түсетінін астын сызып айтуымыз керек. Әрбір азамат бұл реформалардың ел болашағы үшін, қоғамдық тұрақтылық пен әділеттілік қағидаттарын нығайту үшін қабылданып отырғанын жете сезінуге тиіс», – деді бұл жөнінде Құмар Ақсақалов.

Ата заңымыздың жаңа жобасы орталықтан шығарыла салмағанын ескеру керек. Комиссия құрамына барлық өңір өкілдері енді. Оларға конституциялық құрылыстың іргелі қағидаттарын сақтау, сондай-ақ қазіргі заманғы мәселелерге белсенді үн қосу міндеті жүктелді. Біздің өңірден облыстық мәслихат төрағасы Сайлаубек Ещанов шақыртылып, маңызы зор миссияның бел ортасында болған еді.blank

«Бастысы, бұл жеке сипаттағы өзгерістер емес. Мәселе Конституция мәтінінің шамамен 84%-на тең 77 бапқа әсер ететін және қазіргі күн тәртібі мен қоғамның негізгі сын-тегеуріндерін көрсететін негізгі заңымызды терең, тұжырымдамалық қайта қарау турасында. Конституция мемлекеттің тәуелсіздігі, бірлігі және аумақтық тұтастығы сияқты іргелі параметрлердің өзгермейтінін белгілейді. Сондай-ақ діннің мемлекеттен бөлінуін және қазіргі заманғы құқықтық модельдің негізгі элементі саналатын білім беру және тәрбие жүйесінің зайырлы сипатын айшықтайды. Жаңа жобада адам құқығы мен бостандығын қорғау алғаш рет кіріспеде мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде белгіленді», – дейді Сайлаубек Ещанов.

Ол Тәуелсіздіктің конституциялық кепілдіктері бар дербес құқықтық қорғау институты деп танылған адвокатура алғаш рет жеке бап болып енгізілгенін айтты. Осы сияқты, цифрлық ортада азаматтардың құқықтарын қорғау – деректерге қол сұғылмаушылық, банк құпиясы және цифрлық құпиялылық құқығы да алғаш рет бекітіліп отыр. Дәстүрлі әлеуметтік институттар да нақтылана түсті. Соның ішінде неке құқығын айқындай түсуге, отбасы институтын нығайтуға айрықша ден қойылады. Ол бір палаталы Парламент, «Құрылтай» атауы, Халық кеңесі, Вице-президент лауазымы, «құқықтық мемлекет» қағидаты, жаңа заңдағы үкіметтің рөлі мен жауапкершілігі турасындағы ой-пікірін де айта өтті. Оның мәліметіне сүйенсек, мәдениет, ұлттық құндылық және тарихи мұра мәселелеріне де жаңа тұрпатты Конституциямызда ерекше мән берілген.blank

«Ел тарихында алғаш рет бұл ережелер салалық заңнама деңгейінде емес, Негізгі Заңда бекітілді. Бұл – мәдениет пен ұлттық бірегейлікті мемлекет дамуының стратегиялық ресурсы ретінде танудың дәлелі. Әңгіме тек ескерткіштер мен дәстүрлерді сақтау туралы емес. Жаңа Конституция тарихи-мәдени мұраны қорғауды қамтамасыз ету, ұлттық мәдениеттің дамуын қолдау, қоғамдық келісімнің негізі ретінде рухани және адамгершілік құндылықтарды сақтау міндетін қалыптастыруға ықпал етпек», – дейді Сайлаубек Ерғазыұлы бұл жөнінде.

blankАл Ұлттық құрылтай мүшесі Серік Бектұрғанов ел болып тікелей эфирден көзайым болған комиссия отырысы Ата заңдағы өзгерістердің қисыны мен құқықтық негізін жете түсінуге жол ашқанын айтады.

«Сол уақытта ел азаматтары Негізгі заң жобасының талқысы ашық әрі әділ өткеніне көзбе-көз куә болды. Бұл әр қазақстандықтың тарихи процеске қатысы барын сезіндіріп, мемлекет болашағын қалыптастыру үдерісінен шет қалмағанын ұғындырғандай. Ал комиссия жұмысы мемлекет құрылымының іргетасын қалауда заманауи шындық жаңа ереже мен соны стандандарттарды талап ететінін тағы да айғақтады», – дейді Серік Бектұрғанов.

blankОл соңғы жылдары халықпен тікелей диалог нығая түсіп, Мемлекет басшысы ұстанған саясаттың тұрақты константасына айналғанын сөз етті. Халық кеңесін құру бастамасы Президенттің осы қағидадан арна тартатынын айтады қоғам қайраткері.

«Бұл орган қоғамды дамытуға қатысты барлық мәселе жөніндегі жалпыұлттық диалогтың тұрақты платформанына айналуы керек. Ол көпқырлы қоғамның барлық аспектісін есепке ала отырып, сындарлы мемлекеттік шешім қабылдауға мүмкіндік ашады. ҚХА, Ұлттық кеңес және Ұлттық құрылтайдың қызметін біріктіріп, ішкі саясат, жалпыұлттық құндылықтар, мемлекеттік идеология қағидаттарын басшылыққа алады», – деген пікір білдірді ол.

blankСерік Бектұрғанов жаңа Конституцияны ел ішінде насихаттау міндеті туралы да ұсыныс айта кетті. Бұдан кейінгі талқылаулар қоғамды біріктіріп, сындарлы сипатта болуы керек, тиянақты жоспарланбаған түсіндірме жұмыстары пікір қайшылықтарының туындауына әкелмеуге тиіс дегенді алға тартты ол.

«Біз кейбір әлеуметтік маңызы бар және резонанстық оқиғаларды талқылау кездерінде эмоциялардың, кәсіби емес бағалаулардың және біржақты айыптаулардың пайда болу алаңына айналғанына талай куә болдық. Жақын арада Конституция жобасының әрбір бабы бойынша әдістемелік материалдар әзірленіп, төтеннен туындауы ықтимал мәселелерді түсіндіруге көмектесетін құзыретті мамандар тобы құрылады деп сенемін. Қоғамды алдағы прогрессивті трансформацияның негізгі идеяларын талқылаудан алшақтатып алмауымыз қажет», – деді ол.

blankБұдан бөлек, Ата заңның жаңа мәтінінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация да орталық идея ретінде белгіленіп отыр. Бұл – мемлекеттің болашағы минералды ресурстар және табиғи байлықтармен емес, адами капиталмен, азаматтардың жетістіктерімен анықталатынын көрсететін аса маңызды бетбұрыс. Осыған орай, «Allur University» жетекшісі Людмила Олкинян сөз алып, аталған бағытты қуаттай отырып, атқарылған, алға қойылған жұмыстар жөнінде баяндады.

«Өңіріміз үшін бұл норманың нақты және практикалық маңызы бар. Біздің облыс еліміздегі ең ірі өнеркәсіптік өңірлердің бірі саналады. Көзіміздің жеткені, экономиканың болашағы кадрларды даярлау сапасына тікелей байланысты. Кәсіпорындар белсенді дамып, жаңа технологиялар енгізілуде. Бірақ одан әрі өсудің басты факторы – заманауи жабдықтар ғана емес, білікті мамандарды, алдымен инженерлік кадрларды даярлау. Конституцияда бағдарланғандай, өнеркәсіп үшін кадрларды даярлау жүйелі басымдыққа айналуға тиіс. «Аллюр» автомобильдер жасап қана қоймай, оқушылармен, колледж студенттерімен, жоғары оқу орындарымен жұмыс істеуді, дуальді даярлықты, менеджмент мектебін, ғылыммен және инновациялармен интеграциялауды қамтитын білім беру эко-жүйесіне айналды», – дейді Людмила Олкинян.

blankОл машина жасау зауыттарының келешек білікті мамандарын мектеп, колледж табалдырығынан даярлауға ден қойылғанын айтты. Әр деңгейлі оқу орындарымен бірлесе қолға алынған әртүрлі жобаларды мысалға келтірді.

«Ғылым-білімді, инновацияны және адами капиталды дамыту саласындағы жаңа Конституция жобасы – елімізді және өңірімізді дамытудың негізгі элементі. Қазақстан бұл бағыттарды мемлекеттік қызметтің стратегиялық нысанасы деп таниды. Сондықтан біз бұл өзгерістерді қолдап қана қоймай, оларды жұмысымызда белсенді түрде қолданып, жаңа технологиялық жаңалықтарға жол ашып, еліміздің әлеуетін нығайтуды мақсат тұтамыз», – дейді спикер.

Облыс әкімі конституциялық өзгерістерге қолдау білдірумен, оны талқыға салып, таразыға тартумен іс бітпейтінін айтты. Жаңа заңды халыққа дәріптеу, соны нормалардың практикалық мазмұнмен нақты іске асырылуын қамтамасыз ету – алда тұрған маңызды міндет.blank

«Барлық мемлекеттік органға, қоғамдық институттарға, ақпараттық-түсіндіру топтарына бірлесіп, үйлесімді жұмыс жүргізу жүктеледі. Біз қоғаммен кері байланысты қамтамасыз ете отырып, азаматтардың сауал-сұрақтары мен ұсыныстарына дер кезінде жауап беруге тиіспіз. Ашықтық, заң мен тәртіпке негізделген ортақ жауапкершілік арқылы ғана біз алға қойған мақсаттарға қол жеткізе аламыз. Жаңа Конституция – әділетті, заманауи және болашаққа бағытталған Қазақстанды құру жолындағы берік негіз», – деп сөз түйіндеді өңір басшысы.

Мұны саяси оқиға немесе жаңартылған мәтін деп қана емес, мемлекетті дамытудың тегеурінді тірегі деп түсіну шарт. Ал жаңа өзгерістер тәжірибе жүзінде қолданылуына сай тиімділігін көрсетпек. Бұл біртұтас елдің қолдап-қуаттауына, қадірлеп-қастерлеуіне де байланысты.

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ