Баспагер, ұстаз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әбутәліп Әмірдің «Жетістікке жолбасшы күнделігі» атты жаңа кітабы – осыған дейін оқырман қолына тиген «Бақыт кілті» атты еңбектің тәжірибелік жалғасы. Тұсаукесері мен таныстырылымы Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада өтті.
Мұны кітап дегеннен гөрі оқырманды тұлғалық өсу, рухани еркіндік пен қаржылық тәуелсіздікке жетуге жетелейтін көмекші құрал немесе күнделік деп қабылдаған жөн. Осы күнделікте арманды мақсатқа айналдыра отырып, оны іске асыру жоспарымен қалай жұмыс істеу керегі баяндалады. Мұнда жетістікке жеткен тұлғалардың мотивация беретін ақыл-кеңестері мен ой салар тәмсілдер келтірілген. Баспа өнімін биік мұратқа жетуді көздеген кез келген оқырман игілігіне пайдалана алады.
«Бақыт кілті» осыдан үш жыл бұрын жазылған еді. Ол да табысқа жетуге, жақсы жаққа қарай өзгеруге үндейтін кітап. Біршама оқырманның, әсіресе, мақсатты аудиторияның қызығушылығын тудырып, сұранысына ие болды. Бірнеше рет басылды. Бірде студенттермен, магистранттармен кездесу өткізгенімде: «Ағай, енді мұны қалай жалғастыруға болады?» деген сұрақ қойылды. Мұның тәсілі оңай еді. Бүгінгі кітап сол «Бақыт кілтінің» тікелей жалғасы болып есептеледі», – деді Әбутәліп Әмір.
Автор екі кітаптың айырмашылығына да тоқтала өтті. «Бақыт кілті» – өмір сүру қалпын өзгерткісі келетін, арман-мақсатына жетуді қалайтын, бірақ соны іске асыруға өре-білігі жетпейтін, неден бастарын білмейтін жандарға ұғынықты тілмен оңай қадамдар, жеңіл амалдар арқылы теориялық көмек көрсететін, ақыл-кеңес беретін кітап. Оның ішінде де тағылымды уәждемелер мен арнаулы тапсырма беттері бар. Ал «Жетістікке жолбасшы» – «Бақыт кілтінен» қорытқан ой-тұжырымдарды басшылыққа ала отырып, әр оқырманның жеке өмір жоспарын құруға, мақсаттарын тізбелеп, оларды орындауға талпындыруды көздейтін күнделік. Аты айтып тұрғандай, мұның басым бөлігі күнделік жазуға, қысқа және ұзақ мерзімді мақсат-міндеттер тізімін құруға арналған бос беттерден тұрады.
Кітап тұсаукесерін Ахаң атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры Нұрлыбай Абатов пен ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Нұрқанат Құлабаев жасады. Өңірге белгілі қос азамат рәсімнен кейін жаңа еңбек туралы пікірлерін айтып, авторды құттықтады. Жиынға келген басқа да меймандар сөз алып, Әбутәліп ағамызға жылы лебізін арнады. Автор көрермен қауымның кітап тақырыбымен, мазмұнымен байланысы бар сан түрлі сұрағына жауап берді.
Кеш куәгерлері қаламгермен естелік суретке түсіп, автор қолынан бір-бір кітап иеленді.
Жандос ЖҮСІПБЕК