Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің Камералдық бақылау басқармасының басшысы Шыңғысхан Есмұқанов былтыр шілдеде қабылданған жаңа Салық кодексіндегі негізгі өзгерістерге тоқталды.
Спикердің айтуынша, жаңа кодекс кәсіпкерлік қызметті жүргізуді жеңілдетуге, салықтық әкімшілендіруді оңтайландыруға және көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға бағытталған. Осы мақсатта арнайы салық режимдері қайта қаралып, олардың саны қысқартылды.
– Арнайы салық режимдерін оңтайландыру нәтижесінде кәсіпкерлер үшін түсінікті әрі қолайлы үш режим енгізілді. Олар өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған, оңайлатылған декларация негізіндегі және шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнайы режимдер, – деді Шыңғысхан Есмұқанов.
Жаңа режим кәсіпкер ретінде тіркелмеген жеке тұлғаларға арналған. Оны Қазақстан Республикасының азаматтары мен қандастар пайдалана алады. Алайда олардың жалдамалы қызметкерлері болмауы тиіс. Бұл режимді қолданушылардың ай сайынғы табысы 300 айлық есептік көрсеткіштен аспауы қажет. Бүгінгі есеппен бұл шамамен 1,3 миллион теңге болса, жылдық табыс көлемі 15 миллион теңге. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жеке табыс салығын төлемейді. Оның орнына табысының 4 пайызы мөлшерінде әлеуметтік төлемдер аударады. Сонымен қатар салық есептілігін тапсыру міндеті жойылған. Барлық есеп арнайы мобильді қосымша арқылы жүргізіледі.
– Азаматтар табыстарын мобильді қосымшадағы чектер арқылы тіркейді. Соның негізінде әлеуметтік төлемдер автоматты түрде есептеледі. Бұл рәсімдерді едәуір жеңілдетеді. Интернет желісі жоқ шалғай елді мекендерде тұратын азаматтар үшін табысты қарапайым түрде есепке алу мүмкіндігі қарастырылған, – дейді спикер.
Жаңа кодексте ең көп сұранысқа ие режимдердің бірі – оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимі. Оны Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қолдана алады. Бұл ретте жылдық табыс көлемі 600 мың АЕК-тен аспауы қажет. Қазіргі есеп бойынша бұл шамамен 2,5 миллиард теңгені құрайды.
Маңызды жаңалықтардың бірі – жалдамалы қызметкерлер саны бойынша шектеудің алынып тасталуы. Бұрын мұндай талап кәсіпкерліктің дамуына белгілі бір дәрежеде кедергі келтіріп келген болатын. Аталған режим бойынша жеке табыс салығы немесе корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі 4 пайыз болып белгіленген. Сонымен қатар мәслихаттарға бұл мөлшерлемені 50 пайызға дейін төмендету немесе көтеру құқығы берілген.
Шыңғысхан Есмұқановтың айтуынша, облыс көлеміндегі жеті аудан мен қаланың мәслихаттары арнайы шешім қабылдап, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл мөлшерлемені 3 пайызға дейін төмендеткен. Сондай-ақ бұл режимді қолданушылар әлеуметтік салық төлемейді және қосылған құн салығын төлеуші болып табылмайды. Салық есептілігі жарты жылда бір рет ұсынылады. Кәсіпкерлер үшін тағы бір маңызды жеңілдік қарастырылған. Егер жылдық табыс көлемі 135 мың АЕК-тен аспаса, бухгалтерлік есеп жүргізу міндетінен босатылады. Бұл шағын және орта бизнес субъектілерінің шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Брифинг барысында арнайы режимді қолдануға құқығы жоқ субъектілер туралы да айтылды. Олардың қатарында коммерциялық емес ұйымдар, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қатысушылары, «Астана Хаб» резиденттері, сондай-ақ құрылтайшылық құрамына байланысты заңнама талаптарына сәйкес келмейтін кейбір заңды тұлғалар бар. Бұл талаптар арнайы режимдердің мақсатты түрде қолданылуын қамтамасыз ету үшін енгізілген.
Ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін шаруа және фермер қожалықтары үшін арнайы салық режимі негізінен өзгеріссіз қалды. Брифинг қорытындысында Шыңғысхан Есмұқанов жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер кәсіпкерлік ортаны жақсартуға, әкімшілік кедергілерді азайтуға және салық жүйесінің ашықтығын арттыруға бағытталғанын атап өтті. Жаңа нормалар шағын және орта бизнесті қолдауға, азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын дамытуға және экономиканың тұрақты өсуіне оң әсер етеді деп күтілуде.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
