Қостанай қаласында «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының XXXVII кезектен тыс конференциясы өтті. Конференцияға қатысушылар Президент Жолдауы мен партияның алдағы міндеттерін талқылады. Қоғамдағы өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады.
Конференция модераторы, «AMANAT» партиясының Қостанай облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов партияның 2024-2025 жылдар аралығындағы жұмысы туралы есеп берді. Ол Қостанай облыстық филиалы Саяси Кеңесінің атқарған жұмыстарына тоқталып, партияның өңірлік дамуға қосқан үлесін баяндады.
«Өткен жылдың күзінде біз бүкіл елмен бірге Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша референдумға белсене қатыстық. Бұл референдум демократиялық өзгерістер жолындағы маңызды қадам болды. Біздің өңірлік партиялық штаб түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруға, халықтың қатысу деңгейін арттыруға және дауыс беру нәтижелеріне деген сенімін нығайтуға елеулі үлес қосты. Бұл жұмыс адамдарға объективті ақпарат жеткізуге және саяси реформаларға деген сенімді нығайтуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, дауыс беру қорытындысы бойынша Қостанай облысы атом электр станциясын салуды қолдаушылар саны бойынша бірінші орынды иеленді», – деді Алмат Досмұхамедов.

Президент өз Жолдауларында жер қатынастары мен оны ұтымды пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Осы ретте «AMANAT» партиясы бұл бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізіп отыр.
«»Жер аманаты» жобасы ел бойынша, оның ішінде Қостанай облысында да пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтаруға бағытталған. Бұрын Қостанай облысында жайылымдық жер тапшылығы 1 млн гектардан астам болған еді. Жобаның арқасында облыс бойынша 1,2 млн гектардан астам жер мемлекетке қайтарылып, оның 536 мың гектары қайта бөлініп берілді. Жуырда прокуратура, жергілікті атқарушы органдар мен партия өкілдерінен құрылған жұмыс тобы қалған жерлерді бөлу мәселесін қарайды», – деп атап өтті партия басшысы.
Мемлекет басшысы Жолдауда халықтың қарыз жүктемесін азайту үшін «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасын жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Соңғы екі жылда облыста 18 мыңнан астам адам қаржылық сауаттылық бойынша оқытылған. Олардың ішінде екі мыңға жуық адам нақты көмек алып, «қарыз тұзағына» түсуден аман қалды.
«Атап айтқанда, 17 адамға банкроттықты рәсімдеу бойынша кеңес берілді. Бес жүзден астам адамға төлем қабілеттілігін қалпына келтіру бойынша көмек көрсетілді. Мыңнан асасына қарызды қайта құрылымдау бойынша кеңес берілді. Сондай-ақ, 374 адамға шоттардағы шектеулерді алып тастауға көмек көрсетілді. Осы жобалар – партия бастамасының Президенттің стратегиялық міндеттерін, яғни ресурстарды басқаруды әділ әрі ашық ету, әлеуметтік әділеттілікті нығайту және азаматтардың мүдделерін қорғау ісін жүзеге асыруға қалай көмектесетінінің айқын мысалы», – деді Алмат Досмұхамедов.
Халықты толғандыратын өзекті әрі күрделі мәселелерді шешуде аймақтың депутаттық корпусы да ерекше рөл атқарады. Үшінші жыл қатарынан олар 2023 жылғы сайлау науқаны кезінде алынған сайлаушылардың аманаттарының орындалуын бақылауда. Бекітілген 1608 аманаттың 1571-і орындалып, 37-сі жұмыс барысында.
«Депутаттық корпус жұмысының негізгі бағыты – партияның сайлауалды міндеттемелерін жүзеге асыру болып қала береді. Партияның 2024 жылға арналған сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасында 96 іс-шара жоспарланған, оның 82-сі орындалды, 14-і орындалу үстінде. Биылғы жылға жоспарланған 87 іс-шараның 26-сы орындалды. Өңірде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және жер қойнауын пайдалану салаларында 126 млрд теңге сомасына 32 инвестициялық жоба іске қосылды. 35 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, бизнес-идеяларды жүзеге асыруға 10 грант берілді. Оқушы орындарының тапшылығы жағдайында мектептердің құрылысы мен жөндеуі тұрақты бақылауда. Есепті кезеңде сегіз білім беру нысаны пайдалануға беріліп, тоғыз мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Денсаулық сақтау саласында 24 нысанның құрылысы аяқталып, төрт медициналық мекеме күрделі жөндеуден өтті. 15,9 млрд теңгеге 50 шақырымнан астам жылу желісі қайта жаңартылып, жөнделді. 42 ауылда ауызсу және кәріз жүйесін жүргізу жұмыстары аяқталды», – деп толықтырды Алмат Досмұхамедов.

Партия басшысы бағдарламаның жекелеген тармақтарының орындалмау себептерін де атап өтті. Ол бюджет шектеулері мен мерзімге байланысты деді ол. Мұндай жағдайда партия өкілдері атқарушы билікпен диалог жүргізіп, халық мүддесіне сай шешімдерге қол жеткізуге тырысатынын жеткізді.
Күн тәртібіндегі ең маңызды мәселелердің бірі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: цифрлық трансформация арқылы өзекті міндеттер мен оларды шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау болды.
«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнады. Жолдаудың кейбір тұстарына назар аудартқым келеді.
Президент цифрландыру тек рәсімдерді жаңғырту құралы ғана емес, нақты тиімділіктің қайнар көзіне айналуы қажет екенін атап өтті. Айта кету керек, Үкімет емес, «AMANAT» партиясының фракциясы Цифрлық кодекс пен «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын әзірлеу бастамасын көтерді. Мұндағы маңызды жайт, егер бұған дейін цифрландыру «қағазды электрондық форматқа көшірумен» шектелсе, енді деректер мен технологиялар азамат игілігі үшін жұмыс істейтін болады», – деді облыстық партия басшысы.
Жолдаудың негізгі бағыттары бойынша «ССКӨБ» АҚ әлеуметтік жобалар және әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі басшысы, «AMANAT» партиясы атынан сайланған Рудный қалалық мәслихатының депутаты Александр Макаренко сөз алды. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында «Өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға жаңа серпін берудің уақыты келді» деген міндетке ерекше көңіл бөлген болатын. » ССКӨБ» ұжымы, «Amanat» партиясы Қостанай филиалының ең ірі бөлімшесі ретінде, өндірісті жаңғыртуды бастап кетті. Кәсіпорын өнімдердің жоғары қосылған құнын арттыратын, стратегиялық маңызды жоба – ыстықтай өңделген темір өндіретін зауыттың құрылысын бастауға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Президент назар аударған тағы бір маңызды бағыт – цифрландыру. «ССКӨБ» үшін цифрландыру – тек өсу драйвері ғана емес, сонымен қатар бәсекеге қабілеттіліктің маңызды факторы. Кәсіпорын заманауи құралдарды енгізіп, персоналды жаңа технологияларға оқыту арқылы цифрландыру деңгейін арттырып келеді. Қазақстанда 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланды. Осыған орай, «ССКӨБ» корпоративтік университетінде болашақ жұмысшыларды заманауи симуляторлар мен VR-технологиялар көмегімен оқытады. VR-көзілдіріктер арқылы жұмысшылар қашықтықтан жабдықтың құрылысын көріп, оны бөлшектей алады. Дәнекерлеу симуляторында жасанды интеллект дәнекерлеу сапасын бағалап, жұмысшының жұмысқа жіберілуіне рұқсат береді. Экскаватор машинисі, тепловоз машинисі симуляторлары жұмысшыға әртүрлі ауа райы жағдайларында жұмыс істеуге үйретеді. Бұл оқытуды тек жаңадан қабылданғандар ғана емес, 10-15 жылдық тәжірибесі бар мамандар да дағдыларын растау үшін жыл сайын өтеді», – деді Александр Макаренко.

Бүгінде кәсіпорында онға жуық ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылады. Олар жұмыс процестерін бақылаумен қатар, адамдардың өмірін сақтауға да көмектеседі. Екі жүз еселік үлкейтуі бар ұшу аппараты ұсақталған тау жыныстарының опырылуынан екі жұмысшының өмірін құтқарған.
«Сондай-ақ, жылулық кескінді көрсететін құрылғысы бар ұшу аппараттары электр желілерін, түтін мұржаларын диагностикалау үшін пайдаланылады. Ол авариялардың алдын алып, түнгі уақытта кәсіпорын аумағына бөтен адамдардың кіруіне жол бермейді. Бұдан төрт жыл бұрын ЖЭО-дағы ірі апаттан кейін, «ССКӨБ» бұл құбырларды зерттеуге белсенді қатысуда», – деді ол.
Сондай-ақ, барлық қызметкерлер үшін «Collab» атты мобильді қосымша әзірленген. Оның көмегімен жұмысшылар есеп айырысу парақтарын көре алады, кез келген сұрақ қоя алады, анықтамаларға онлайн тапсырыс береді, Zoom-кездесулерді ұйымдастырады, медициналық қызметтерге жазылады, іссапарларды ресімдейді. Алпауыт кәсіпорын «Цифрлы Қазақстан» жобасына белсене қатысуда. Ұшу аппараттарының көмегімен тәртіпке келтіруді талап ететін аймақтар анықталып, жұмыс аяқталған соң ол кемшіліктердің жойылғаны тексеріледі. Бүгінде «ССКӨБ» жаңа заманауи технологияларды игеріп, Қазақстанның тау-кен өнеркәсібіндегі көшбасшылық мәртебесін нығайтуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында Торғай өңіріне қатысты тың бастамаларды негізге ала отырып, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар туралы сөз қозғады. Президент Жолдауы Торғайға жаңа серпін берген тарихи құжатқа айналды. Бұрын назардан тыс қалған шалғай өңірге деген бұл жаңаша көзқарас пен жауапты саясаттың көрінісі – Торғай жұртшылығын ерекше қуантты. Себебі, бұл жай ғана уәде емес, нақты іспен бекітіліп жатқан берік бағыт екені сөзсіз. Президент Ақмола облысының Зеренді ауданында аймақ шаруаларымен егін жинау науқанына арналған кеңесте де Торғай өңіріне көңіл аудару керектігін баса айтқан болатын. Оңтүстік аудандарда атқарылып жатқан ауқымды істер жайлы облыстық «Қостанай таңы» газетінің директор-бас редакторы баян етті.

«Соңғы жылдары Арқалықта бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Президенттің тапсырмасымен 34 жылдық үзілістен кейін әуежай құрылысы қайта жанданып, қарқынды жүріп жатыр. Бұрынғы «Қазақстан» кинотеатры заманауи спорт кешеніне айналып, волейбол, баскетбол, фитнес залдары халық игілігіне берілді. Арқалық педагогикалық университетінің оқу корпусы күрделі жөндеуден өтуде, мердігер жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Келесі жылы тойланатын қаланың 70 жылдық мерейтойы – бұл бастамалардың символы болмақ», – деді ол.
Аманкелді ауданында ашылған «Тәж-Торғай» туристік хабы өңірдің әлеуетін арттыра түсері хақ. Кешен тек туризмді дамытып қана қоймай, аудан экономикасын жандандырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады.
«Жангелдин ауданында да ірі жобалар қолға алынған. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен кеңесте Жыланшық аумағынан геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу туралы айтылды. Егер мұнай немесе газ қоры табылса, жүздеген адам жұмыспен қамтылады. Ауылдардағы жолдар жөнделіп, сапалы интернет байланысы орнатылуда. Биыл Шеген ауылына жоғары жылдамдықты интернет жеткізілмек. Сумен қамту мәселесі де шешімін тауып, Шеген, Тәуіш, Шилі ауылдарында жаңа құбыр жүйелері салынды. Ең маңызды тарихи жоба – Мемлекет басшысының тапсырмасымен басталған «Орталық – Батыс» автожолының құрылысы. Бұл жол Арқалықты Астанамен, Торғайды Ырғызбен байланыстырып, бизнес пен туризмнің дамуына серпін береді. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов: «Президенттің «Орталық-Батыс» жолы туралы тапсырмасын ешкім өзгерте алмайды», – деп, халықтың үмітін оятты», – деді Кенжеш Аманова.
Сондай-ақ, Президенттің Жолдауындағы міндеттер тек сөз жүзінде қалмай, күн сайын іске асып жатқанын атап өтті. Бұл – Мемлекет басшысының нақты қолдауы, облыс басшылығының жауапкершілігі және жергілікті халықтың еңбексүйгіштігінің нәтижесі екенін жеткізді.
«Жастар рухы» жастар қанатының жетекшісі Аружан Сарсенбаева жастардың көзқарасын жеткізді.
«Жасанды интеллект пен цифрлық шешімдер – тек технология емес, жастар үшін жаңа мүмкіндіктер. Бұл – өз кәсібін ашуға, білім алуға, өзін-өзі дамытуға жол ашады. Біз бұл бағыттағы бастамаларды толық қолдаймыз» – деді ол.

Кездесу қорытындысында мәслихат депутаттары Жолдау міндеттерін аймақтық деңгейде түсіндіруді күшейтіп, тұрғындармен және жастармен кездесулер өткізуді жалғастыруға уағдаласты.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЙ
