Сүйінші жаңалық! Жуырда облыстың оңтүстік аудандары, яғни Арқалық қаласы, Аманкелді, Жанкелдин аудандарының тыныс-тіршілігін қамтитын жаңа басылым жарық көрмек.
Ел өміріне енгелі жатқан аймақтық қоғамдық-саяси газет «Жаңа Өмір» деп аталады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің рұқсаты (лицензиясы) берілген.
Осылайша, қазақ баспасөзі тағы бір жаңа басылыммен толықпвқ. Ел бұл хабарды «Тобыл-Торғай» өңіріндегі ізгі бастамалардың бірі деп қабылдап жатыр.
Газеттің «Жаңа өмір» аталу себебі – бұрын Жанкелдин ауданында аудандық басылым осындай атаумен жарық көрген. Газет шығаруды қолға алған азаматтар аға буынның салып кеткен сара жолын жалғастыруды жөн көргендіктерін айтады.
«Өз басым бала кезімнен газет оқуға құштар болдым. Әртүрлі басылымдарды үзбей оқитынмын. Газетті тек оқып қана қоймай, осынау ілкімді іске өз үлесімді қоссам деген ой мені көптен бері мазалайтын. Биыл сол ойымды жүзеге асырып, газеттің қажеттіліктерін қамтамасыз ететін жауапкершілігі шектеулі серіктестік ашып, соның аясында аймақтық үнпарақ шығаруға қол жеткізіп отырмыз», – дейді газеттің құрылтайшысы «ТORGAIMEDIA-A» ЖШС директоры Амангелді Ахметжанов.
Газеттің ақылдастар алқасының алғашқы отырысы өтіп, бас редакторы, өңірлік тілшілері тағайындалды. Алқақұрамында елге танымал азаматтар, мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері, ұстаздар, журналистер және т.б мамандық өкілдері бар.
«Газет – халықтың үні, құлағы һәм тілі» деген Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы. Жігерлі жастардың жобасы ауқымды. Келешекте өңірде теле-радио саласын дамытуға да ниетті.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы