«Президент Жарлығын Тобыл-Торғай өңірінің жұртшылығы жасампаздық пен жаңа рухани бағыттың жарқын көрінісі ретінде қабылдап отыр. Облыста 2025 жылдан бастап «Кітап оқитын ұлт» жобасы жүзеге асып келеді. Мектеп оқушыларынан бастап тұтас отбасыларды кітап оқу мәдениетіне бағыттаған бастамаға аймақ тұрғындары айрықша атсалысты. Жоба аясында «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын педагог»,«Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын әулет» және «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» бағыттары жүйелі жүзеге асты. Білім сайысына қатысушылар қазақстандық және әлем әдебиетінің үздік шығармаларын оқып, әдеби марафондарда бақ сынады. Мектептерде арнайы бұрыштар жасалды. Аудан орталықтарында оқырмандар клубы құрылды. Ағартушылық жобаға 55 мыңнан астам адам қатысты. Бұл облыс тұрғындарының 7 пайызы. Ендігі меже 10 процентке жеткізу», — деп жазды Бақытжан Нарымбетов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.


«Жарлыққа дейін жақсы істерге мұрындық болып, тыңғылықты дайындалған өңірдің өрелі оқырманы оны жүзеге асыруға да айрықша атсалысары сөзсіз. Президент Жарлығы – кітап оқу мәдениетін қолдауды, қалыптастыруды ұзақ мерзімді ұлттық жоспар деңгейіне көтерді. Байыпты бастама білім сапасын жақсартуға,креативті индустрия көкжиегін кеңейтуге, ұлттық бірегейлікті бекемдеуге ықпал етеді. Еліміздің халықаралық мәдени әлеуетін күшейте түседі. Оқымысты елдер қатарына енуге жол ашады», — дейді пікір иесі.

«Қостанайда жүзеге асқан «Кітап оқитын ұлт» ұлттық жобасының көксегені – оқитын, көзі ашық, көкірегі ояу, кітапқұмар оқырманы көп елдердің қатарына қосылу. Оқыған ұлт – озған ұлт. Келешекте елдің ертеңі білімді, саналы болуы үшін бұл жобаны қолға алу – уақыт талабы.
Президент Жарлығына сәйкес, алдағы кезеңде жаңа форматтағы кітапханалар мен заманауи қоғамдық кеңістіктер ашу жоспарға алынып отыр. Сонымен қатар, ұлттық әдеби мұраны кеңінен насихаттау, қазақ әдебиетін әлемге таныту және сапалы аудармаларды көбейтуге ерекше көңіл бөлінеді. Сондай-ақ «Жылдың 10 оқырманы» жобасы іске қосылып, бірыңғай ұлттық цифрлық кітапхана платформасы құрылады. Кітап оқу мәдениетін дамытуға үлес қосқан азаматтарды қолдау мақсатында ұлттық сыйлық тағайындау да көзделген. Мемлекет басшысының осындай маңызы зор бастамасы бәрімізді қуантып отыр», — дейді Заңғар Санай.

«Кешегі Ахаңдар мен Жахаңдардың ұлтқа қызмет ету мұраты қайдан шықты? Оқымаса, оқығанын көңілге тоқымаса, сондай үлкен миссияға бел шешіп кірісер ме еді? Міне, Президенттің өзі бастап отырған оқитын ұлт қалыптастыру жолындағы істер елімізді қазірдің өзінде бір деңгейге көтерді, қоғамдық санаға қозғау салды. Мемлекет басшысының осы кезге дейін айтып жүрген ойын, мүддесін Қостанай облысы алғашқылардың бірі болып іліп әкеткен еді. «Оқы және жең» байқауы арқылы қаншама оқырман қалыптасып, одан кейін «Кітап оқитын ұлт» жобасы үлкен серпіліс берді. Осындай бастамалар жалғаса берсе екен», — дейді Нұрқанат Құлабай.

«Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қоюы – қоғам үшін аса маңызды әрі уақыт талабынан туындаған шешім деп есептеймін. Өйткені кітап оқу – білім алудың құралы ғана емес, ол адамның дүниетанымын қалыптастырып, ойлау қабілетін дамытатын рухани құндылық.
Бүгінде ақпарат ағыны күшейген заманда жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру өте маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, «Кітап оқитын ұлт» жобасы халықты, әсіресе жас буынды кітап оқуға ынталандыратын тағылымды бастама болды. Жобаның жеңімпазы атану мен үшін үлкен мәртебе әрі ерекше әсер сыйлады. Бұл сәт мені бала күнімдегі кітапқа деген шынайы қызығушылық пен кітапханадағы ыстық естеліктерге қайта жетелегендей болды.
Кітап оқитын адам – ойлайтын, ізденетін, рухани тұрғыдан бай адам. Сондықтан мұндай бастамалар елдің зияткерлік әлеуетін арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге зор үлес қосады деп сенемін.
Оқитын ұлт – озық ұлт. Ендеше, кітапқа деген сүйіспеншілікті қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет», — дейді Әсел Жұмағалиқызы.

