Ынтымақты елге ырыс қонады

Ынтымақты елге ырыс қонады

Қостанай облысындағы «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтті. Үш онжылдық ішінде бұл ұйым этномәдени орталық қана емес, Қостанай өңіріндегі шешен-ингуш жұрты үшін нағыз отбасыға айналды.

Сондай қиын кезең болған

Шешендер мен ингуштардың Қазақстанға келу тарихын тебіренбей оқу мүмкін емес. 1944 жылдың 23 ақпанында, таң ата қаруланған сарбаздар мен офицерлер шешендер мен ингуштардың үйлеріне баса-көктеп кіре бастаған. Олар қатты айқайлап, кейде күш қолданып, әйелдер мен балаларды, қарттарды жылы төсектерінен тұрғызып, далаға айдапты. Жиналған халықты мешіттер мен мектептерге, ашық алаңдарға топтастырып, жан-жағына қарулы күзет қойған. Сәл қарсылық көрсеткендерді сарбаздар атуға дайын тұрыпты.

Офицерлер таулықтарды «халық жауы» деп жариялап, Кеңес билігінің шешімімен оларды Орта Азия елдеріне мәңгілік қоныстандыруға жіберетінін мәлімдейді. Оларды жүк тасуға арналмаған тар вагондарға малша тиеп, белгісіз сапарға аттандырады. КСРО Ішкі істер халық комиссариатының мәліметі бойынша, 180 эшелонмен 493 мың 269 шешен мен ингуш жер аударылған. Ал Хайбах, Таргим, Цори, Гүлім, Монкара сияқты жолы қиын тау ауылдары тұрғындарын аяусыз атып, кейбірін үйлерімен бірге өртеп жіберген.

Жұртты малша тиеген пойыз вагондарды мәйіттерден тазалау үшін ғана тоқтап отырған. Ауыл шетінен, жол бойынан пойыздан түсіп қалған өліктерді көруге болатын. Осы кезде қала мен ауылдарда жаппай қарақшылық өршіді. Дүние-мүліктен бөлек, рухани құндылықтар да тоналды. Мәліметті e-history.kz сайтынан келтіріп отырмыз. Міне, тұтас халықтың рухын сындыратын сондай бір ауыр кезең өткен еді.

Бүгінде шешен-ингуш халқының ұрпақтары Қазақстанда өсіп-өркендеп, осы жерді Отаным деп біледі. Қазақ халқының кеңпейілдігі мен қолдауының арқасында олар жаңа ортаға бейімделіп, елдің толыққанды бөлігіне айналды.

Өткен ғасырдың 90-жылдары Қостанай өңіріндегі шешендер мен ингуштарды біріктіретін ұйым құру қажеттілігі туындады. Осылайша, 1995 жылы 2 ақпанда «Вайнах» қоғамдық бірлестігі құрылып, оның алғашқы төрағасы Саид Ахмедов болды. Кейін бұл міндетті Әлихан Местоев атқарса, ал 2004 жылдан бері қауымдастықты Эльбрус Тимаев басқарып келеді.

 

Бірліктің күші

Қостанай облыстық ҚХА ардагері, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қалқаман Жақып вайнахтармен алғашқы кездесуін еске алды.

 

«1957 жыл еді. Біздің ауылда бір қария тұратын. Оны бәріміз «Үлкен бөрік» деп атайтынбыз, өйткені ол үнемі папаха киіп жүретін. Ол тек сырт келбетімен емес, мейірімділігімен есте қалды. Балаларға ысқырық жасап беретін, біз оны қатты жақсы көретінбіз. Өкінішке қарай, ол көп ұзамай басқа жаққа көшіп кетті», – дейді Қалқаман Хасенұлы.

Сондай-ақ ол белгілі саяси қайраткер Ахмед Мурадовтың да азаматтығын әңгіме етіп, мына сөздерін келтірді: «Қиын кезеңде біз тек нан мен көрпемізді ғана емес, қуанышымыз бен қайғымызды да бөлістік. Бұл – баға жетпес достықтың белгісі».

Оның Әлихан Местоев туралы да айтары бар. Оны жігерлі, әзілқой азамат деп біледі көбі.

«Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ауыр болғанымен, ол көп балалы отбасыларға, өте қиын жағдайға тап келген жандарға, науқастарға көмектесу үшін қаражат табатын. 2004 жылы Эльбрус Богданұлы Тимаев төраға болды. Сол сәттен бастап, ол белсенді жұмысты жалғастырып, өзінің ғана емес, басқа да этномәдени бірлестіктердің өкілдерін қолдап келеді», – дейді Қалқаман аға.

Бірлестік төрағасы Эльбрус Тимаев қазақ халқының шешен-ингуш жұртын бауырындай қабылдағанын үнемі айтып жүреді.

«Біздің бүгінгі тату-тәтті ортамыз қазақтардың арқасында қалыптасты. Егер олар болмаса, біз басқаша болар едік. Бірінші кезекте, бұл – олардың жауапкершілігі мен міндеті, өйткені қазақтар біріктіруші рөл атқарады. Барлығын мықтап ұстау қажет! Мұның бәрі қазақтарға байланысты», – деген пікірін айтты бірлестік төрағасы.

Эльбрус мырза «Вайнах» этномәдени бірлестігін 20 жылдан бері басқарып келеді. Осы уақыт ішінде, қызметі қауырт болса да, кәсіпкер азамат әрқашан қоғамдық жұмысқа уақыт табуға тырысады.

«Мен мұны маңызды нәрсе деп санаймын. Біз өз орнымызға жақсы адамдарды дайындауымыз керек, басқа этностармен тамаша қарым-қатынас сақталатын қоғамды тәрбиелеуіміз керек, өйткені бұл – біздің табысымыздың кепілі. Біз өз әдет-ғұрпымыз бен дәстүрімізді құрметтеуіміз қажет. Бір-бірімізге бейімделіп, қолдау көрсеткеніміз жөн.  Біздің 30 жылдағы еңбегіміз еш кетпегеніне сенімдімін. Қоғам тұрақталды, арамызда түсіністік орнады, енді оны шайқауға болмайды. Біз өзімізді әлсіз деп көрсетуге тиіс емеспіз, өйткені біздің әлсіздігіміз балаларымызға өте қымбатқа түсуі мүмкін. Алыс сапарлардан оралған сайын, мен үшін Қазақстан ең жақсы да, жайлы мекен екенін түсінемін. «Қай жерде туып-өссең, сонда қажетсің» деген сөз бар ғой, сондықтан біздің міндетіміз – елімізде бейбітшілік пен келісімді, адамның бір-біріне деген адамгершілігін сақтау», – дейді Эльбрус Тимаев.

 

Жарқын көрініс

Қазіргі таңда Қостанай облысында 1664 шешен және 892 ингуш тұрады. Олар Қазақстанның тең құқылы азаматтары ретінде ел дамуына үлес қосуда. Бірлестік жастарға дәстүрді, ана тілін, мәдени құндылықтарды үйретіп, өзара құрмет пен толеранттылықты насихаттауды жалғастырып келеді.

Мерейтой аясында Қостанай облысы ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қалқаман Жақып Эльбрус Тимаевқа шапан жауып, ҚХА ардагері Бақытнұр Дәндібаев естелік кітап тарту етті. Бұл – «Вайнах» қауымдастығының ел бірлігін нығайту жолындағы еңбегінің тағы бір жарқын көрінісі.

«Қазір шешендер мен ингуштарға өз ұлттық дәстүрін, тілін, дінін ұмытпақ түгел, оны дамытуға мүмкіндік беріліп отыр. Мұндайды бағаламауға, алғыс айтпауға бола ма? Қазақ жеріне келген қандай ұлыстың да жолы болды, бағы ашылды. Елмен бірге олар да дамыды, бақытты күндер кешіп отыр. Ал біз енді қазақ мемлекетін Мәңгілік ел етуге бірігіп, күш салуымыз керек. Осы ойды ұрпағымыздың бойына сіңіруіміз қажет», – дейді бірлестік төрағасы.

 

Айбек ТАҢАТБАЕВ