«Ыбырай Алтынсарин мұрасы – ұлт руханиятының темірқазығы»

«Ыбырай Алтынсарин мұрасы – ұлт руханиятының темірқазығы»

Дәл осындай атаумен Қостанайда Ыбырай Алтынсаринның 185 жылдық мерейтойына орай облыстық ғылыми-практикалық конференция болды. Тағылымды басқосу ұлт ұстазының рухани-мәдени мұрасын жаңаша зерделеп, оның ағартушылық идеяларын бүгінгі қоғаммен сабақтастыруды мақсат етті.
Конференция 23 сәуір – Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күні мерекелерімен тұспа-тұс келіп, жиынның мән-маңызын арттыра түсті. Іс-шараға шығармашылық зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, жазушылар, кітапханашылар мен музей қызметкерлері қатысып, ағартушы еңбектерінің өзектілігін кеңінен талқылады.

Конференцияға Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қатысып, жиынның мән-маңызына тоқталды.

«Біз рухани өміріміз үшін айрықша маңызға ие мәдени-ғылыми іс-шара аясында бас қосып отырмыз. Бұл басқосу – ұлт ұстазы, көрнекті ағартушы, педагог, жазушы Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдық мерейтойына арналған. Аталған іс-шара – ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған маңызды бастама. Осы мазмұнды жиын 23 сәуір – Кітапханашылар күні мен Ұлттық кітап күні мерекелерімен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған орай кітапты ұлықтап, оны ұрпақ санасына жеткізіп жүрген барша кітапханашылар қауымын және кітапсүйер оқырмандарды шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдары арқылы отандастарымызды Ұлттық кітап күнімен құттықтап, кітаптың рухани және адами құндылықтардың қайнар көзі ретінде маңызын ерекше атап өтті. Президент өз сөзінде қазіргі кезеңде баспа ісінде ауқымды өзгерістер болып жатқанына қарамастан, кітаптың мәні ешқашан жоғалмайтынын жеткізді. Шынында да, бүгінгі қоғамда кітап оқу мәдениетіне, әсіресе классикалық көркем әдебиет пен өзекті тақырыптарға арналған еңбектерге деген қызығушылықтың қайта артып келе жатқанын байқаймыз. Бұл үрдіс жастар арасында да кеңінен таралуда. Цифрландыру мен жасанды интеллекттің ықпалы күшейген заманда оқу мәдениеті ұлт сапасының маңызды көрсеткіші ретінде сақталуы тиіс», – деді Бақытжан Нарымбетов.

Облыс әкімінің орынбасары ғылыми-практикалық конференция ұлы тұлғаның сан қырлы мұрасын жан-жақты зерделеу, оның рухани және тарихи маңызын қазіргі заман тұрғысынан қайта пайымдау үшін ұйымдастырылғанын тілге тиек етті.

«Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық қызметі, педагогикалық идеялары мен әдеби еңбектері қазақ қоғамының рухани дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ол – қазақ даласына білім шырағын жаққан, ұлт санасына жаңашылдық пен өркениетке ұмтылыстың негізін қалаған тарихи тұлға. Ағартушының шығармалары арқылы адамгершілік, адал еңбек, ізгілік пен парасаттылық, білім мен ғылымның маңызы кеңінен насихатталды. Оның педагогикалық қағидалары бүгінгі білім беру жүйесінде де өзектілігін жоғалтпай, жас ұрпақ тәрбиесінде маңызды бағыт-бағдар болып отыр. Конференция барысында ұсынылатын баяндамаларда ағартушының өмір жолы, тарихи қызметі, педагогикалық жүйесі мен әдеби мұрасының тәрбиелік мәні жан-жақты қарастырылады. Сонымен қатар жаңа зерттеулер мен тың деректер ғылыми айналымға енгізіліп, ыбырайтану саласының дамуына серпін береді деп сенеміз», – деп қорытты Бақытжан Нарымбетов.

Мереке аясында өңірдің кітапхана саласына үлес қосқан бірқатар мамандарды Қостанай облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Ұзақ жылдар бойына аудандарда қызмет етіп келе жатқан мамандар құрмет биігінен көрінді.

Конференция барысында ғалымдар мазмұнды баяндамалар жасады. Белгілі жазушы, Ыбырай өмірін арқау еткен «Таза бұлақ», «Ыбырайдың өсиеті» атты пьесалардың авторы Ақылбек Шаяхмет «Ыбырай – ұстаздардың атасы» тақырыбында ой қозғады. Герценді Еуропаны оятқан қоңырау, яғни, колокол деп атағаннан ба екен, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсаринді де даланың алып қоңырауы деп атау осы күнге дейін тілімізге сіңіп, қалыптасып кеткенін жеткізді.

blank

«Ғафу ақынның «Дала қоңырауы» деген дастаны да осы ұғымды құлағымызға сіңісті қылды. Жайсаңбек Молдағалиев «Алғашқы қоңырау» деген хикая, Морис Симашко «Колокол» деген роман жазды. Кезінде мен де Қостанайда «Дала қоңырауы» деген газет шығардым. Мектеп шәкірттері арасында тұңғыш қоңырау, соңғы қоңырау деген ұғымдар пайда болды. Қоңырау деген сөздің байыбына баратын болсақ, ол шіркеу қоңырауын еске салады. Біздің қазақ артынан сөз ерген адамды соңыңда қоңырауы бар дегенін естігенбіз. Шынында да даладағы қазаққа өрістегі алысқа ұзап кеткен малдың төлдерін іздеу үшін мойнына қоңырау тағып қойғаны болмаса, қоңыраудың басқа қажетке керегі шамалы. Сол қоңырауды мектептерде қазақтың ән-күйімен ауыстырғаны өте орынды болды. Алтынсарин даланың қоңырауы емес, таза бұлағы болған екен. Оның «Таза бұлақ» деген керемет әңгімесін ұмытқан жоқпыз. Алтынсарин қазақ даласының мөлдір бұлағы болды. Ол бұлақтың суын академик те, министр де, диқан да, шопан да ішті, барша халық шөлін қандырды. Алтынсарин негізін салған оқу орындарында білім алған Алаш қайраткерлері тәуелсіздіктің іргетасын қалады», – дейді Ақылбек Қожаұлы.

Жазушы Ыбырай Алтынсаринді орысшыл еді деген пікірге де өзіндік көзқарасын білдірді.

«Ыбырайды орысшыл еді деген пікірге келетін болсақ, ол туралы Торғай облысы мектептерінің инспекторы болған А Балғынбаев: «Өзіне келген орыс қонақтарды-мұғалімдерді және басқаларды ол өзінің кабинетінде және еуропаша жабдықталған асханасында қабылдайтын еді. Өздері болса үй ішінде, қазақтың әдеті бойынша кілем төсеп, жерде отырып тамақ ішетін. Үйде жүргенде ол қазақ киімін-бешпент, шапан, тақия немесе жиегіне құндыз ұсталған бөрік киетін» – деп сипаттаған. Совет дәуірі идеологтары ұлы ағартушының «Мұсылманшылдық тұтқасын» жазып, шәкірттерге Ислам қағидаларын ұғындырғысы келгені туралы жұмған ауыздарын ашпаған, кейінірек қана кейбіреулері оны кертартпа пікірі болған деп бағалаған. Орыс миссионерлері Ислам дінін таратып отырған мешіттер мен медіреселерді, мінажат үйлерін біртіңдеп жабуды қолға алуымыз керек деген. Ертеден келе жатқан діни кітаптарды жойып, Иса туралы қазақ тілінде жазылған кітаптарды көбірек тарату керек, мұсылмандардың өзі Иса туралы Құранда жазылғанын біледі. Оны пайғамбарлардың бірі деп мойындайды. Ал христиан дінін қабылдамағандарды Сібірге жер аударамыз деп қорқытып-үркіту керек, тіпті сіздің айтқаныңыздан шықпайтын Алтынсаринның өзін шоқынды деп жариялап, ел ішіне өсек тарату керек деген ұстанымда болған. Алтынсарин заман ау-жайын дәл таныған, тамыршыдай дертін де білген, сол қапаста ауа жетпей тұншыққан жандай өмір сүрген, халық тағдырына алаңдаған, келешекті болжай білген қайраткер. Орыс тілінде сөйлесе де қазақ үйінде отырғанын ешқашан естен шығармаған ұлы тұлғаны кезінде өз замандастары да ұға алмаған. Оны дұрыс түсіну және жете түсіндіру бүгінгі ұрпақтың парызы», – деді Ақылбек Шаяхмет.

Филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбсадықов Алтынсарин тұлғасының замандастары естеліктеріндегі бейнесін ғылыми тұрғыда талдап, ағартушының тарихи келбетін жаңа қырынан ашты.

«Ыбырай Алтынсаринның көзін көрген, онымен жақын араласып, кейін көлемді естелік жазған кісілердің қатарында екі тұлғаны ерекше атап өтуге болады. Оның бірі – Н.Ильминский, екіншісі – Ә.Балғымбаев. Н.Ильминскийдің кітабы «Воспоминания об И.А.Алтынсарине» деген атаумен 1891 жылы Қазан қаласында жарияланады. Ол бүгінгі таңда таптырмайтын раритеттік кітапқа айналды. Ағартушы туралы көптеген деректер Н.Ильминскийдің аталған естелігі арқылы біздің заманымызға жетті. Кеңес дәуірінде аталған кітап цензураның қылышына ілініп, ондағы мазмұн оқырмандарға түпнұсқада толық сақталып жетпеді. Осы жолдың авторы Н.Ильминскийдің кітабына алғы және түйін сөз жазып, қосымша қосып, 2025 жылы түпнұсқадан факсимиле форматында қайта бастырып шығаруға мұрындық болды. Әбдіғали Балғымбаевтың «Воспоминания об И.А.Алтынсарине, первом инспекторе народных училищ б. Тургайской области»» естелігі кеңестік дәуірдің 40-жылдары жазылады. Естелік қолжазба күйінде Ғылым Академиясы кітапханасыныңсирек қожазбалар қорында сақтаулы, ол жазба баспа бетінде толық жариялануын күтіп сарғайып жатыр. Ә.Балғымбаев – Торғай облысы Тосын болысының тумасы. Оның әкесі Балғымбай Торғай уезі басшысының кіші көмекшісі Қорғанбек Беремжановқа жақын кісі болғандықтан,Торғайда түрлі қызмет (мұғалім, ісжүргізуші, уезд басшысының көмекшісі) атқарған Ы. Алтынсаринмен де жақсы қарым-қатынаста болады. 1876-1879 жылдары Ә.Балғымбаев Торғай қаласындағы бір сыныптық орыс-қазақ мектебінде оқиды. Осы жылдары, өзінің айтуынша, ол Торғай уезі басқармасының ісжүргізушісі (письмоводитель) қызметін атқарып жүрген Ыбырай Алтынсаринның үйіне, әкесі сыйласқан кісі болғандықтан, жиі барып тұрады. 1883 жылы Балғымбаев алғаш ашылған Ор Мұғалімдер мектебіне түсіп, оны 1886 жылы 20 түлектің бірі қатарында тамамдайды. Оқу орнын аяқтаған уақытта ол 18 жаста болады. Сол жылы оның әкесі қайтыс болады. Қостанайдан Торғай қаласына іссапармен келген Ыбырай бұлардың отбасына соғып, қазақи дәстүр бойынша қазаға көңіл айтады. Сол жолы ол жас ұстазды өзімен бірге Қостанайға қызметке шақырып, бұл ойын Әбдіғалидің анасына жеткізеді. Қара жамылып отырған ана және Тосын болысы Қорғанбек Беремжанов бұл ұсынысқа қарсы болады. Ыбырай Алтынсарин оларды қалайда көндіріп, Әбдіғали Балғымбаевты сол жылдың тамыз айында Қостанайға алып келеді. Ол жас ұстазды екі сыныптық Қостанай уездік орыс-қазақ мектебіне мұғалімнің көмекшісі қызметіне орналастырады», – дейді Алмасбек Әбсадықов.

Ал ыбырайтанушы Биялаш Сүйінкина өз сөзінде ағартушы мұрасының өзегіндегі адал еңбек идеясына тоқталды. Оның пікірінше, Ыбырай еңбектеріндегі адамгершілік қағидалар бүгінгі жас ұрпақ тәрбиесінде ерекше маңызға ие.

blank

«Ыбырайды ұлы тұлға деңгейіне жеткізген, ұлылығына арқау болған — оның ерен еңбегі. Ұстаздық ете жүріп, қазақ жерінде білім беру саласының негізін қалау, мектеп үйлерін тұрғызу, мектептерді қажетті оқу құралдарымен жабдықтау, мұғалімдермен қамтамасыз ету, тұңғыш оқулықтар жазу, оқыту ісін қадағалаусынды сан түрлі қызметімен еліне зор еңбек сіңірді. Адал еңбек етудің теңдессіз үлгісін көрсетті. Олай болса, Ыбырай сынды ұлы тұлғалар тағылымынан нәр ала отырып, әрекет ету қай кезеңде де жетекші бағыт болып қала бермек. Ыбырай өнегесі өзгеше. Ол өз биігіне рухының мықтылығымен, ұлтқа қызмет етуге деген зор құлшынысымен, жасампаздығымен көтерілді. Тарихта өшпес із қалдырды», – дейді Биялаш Сүйінкина.

Сондай-ақ, айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік университетінің профессоры Айбек Қалиев ұлы тұлғаның әңгімелеріндегі тәрбиелік мәнге тоқталса, Батырлан Сағынтаев Ыбырай мұрасы мен қазақ музыкасының сабақтастығын сөз етті.

blank

«Алғашқы ұстаз Ыбырай Алтынсарин білім беру мен тәрбиені қатар алып жүре отырып, барлық салада дамуы кенжелеп қалған қазақ жұртын өркениетті ел қатарына қосатын жаңа ұрпақты тәрбиелеп шығуды армандаған, армандап қана қоймай сол жолда аянбай еңбек еткен. Ыбырай Алтынсарин негізін қалаған Тобыл-Торғай, Ақтөбе-Ырғыз төңірегіндегі мектептер мен оқу орындарынан қазақтың тарихын жасаған қаншама азаматтар түлеп шықты. Ыбырай Алтынсариннің барлық мұрасы – педагогикалық мұрасы, әдеби мұрасы, публицистикалық-эпистолиярлық мұрасы білім беру мен тәрбиеге арналған. Ыбырай атамыздың әдеби шығармармаларының тәрбиелік мәні туралы кеңестік заманнан бері айтылып келе жатыр, бұл тақырып бойынша атақты ғалымдардан бастап мектеп мұғалімдері, магистранттар мен студенттерге дейін қалам тербеп, басы монографиялық еңбектер, соңы мақала мен рефераттарға дейін жазылды. Ыбырай Алтынсариннің әдеби мұрасына оның өлеңдері, әңгімелері, аудармалары жатады. Айта кетелік, Ыбырайдың бойында дарыны болғанымен ол өз алдына ақын, не болмаса жазушы болайын деген мақсат қойған жоқ, бойындағы дарын мен қабілетті қазақ балаларына білім мен тәрбие берудің құралы ретінде ғана пайдаланды. Сөйтіп жүріп, қазақ әдебиетінің аударма және проза жанрының негізін қалаушылардың бірі болды», – деді Айбек Қалиев.

Жиында кітапханашылар мен музей қызметкерлерінің де еңбегі айрықша аталды. Бибігүл Латыпова кітап пен білімнің ұлт болашағындағы орнын атап өтсе, Назгүл Шектібаева музей қорындағы сирек жәдігерлердің тарихи құндылығына тоқталды.

blank

Іс-шара аясында «АлтынсаринLife» облыстық букток байқауының жеңімпаздары марапатталып, жастардың ұлы ағартушы мұрасына деген қызығушылығының артып келе жатқаны байқалды. Жиын соңында қатысушылар Ыбырай Алтынсарин ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлт ұстазының рухына тағзым етті. Осылайша тағылымды басқосу тағы бір мәрте Ыбырай мұрасының мәңгілік құндылық екенін айқындады. Оның еңбектері – ұлт руханиятының сарқылмас қазынасы, ал ағартушының асыл идеялары – болашақ ұрпаққа бағыт берер темірқазық болып қала бермек.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ