«Өнеріміз саған, Қазақстан!» – өнердің өрісін кеңейткен кеш

«Өнеріміз саған, Қазақстан!» – өнердің өрісін кеңейткен кеш

«Өнеріміз саған, Қазақстан!» атты XXXVIII облыстық көркемөнерпаздар байқау-фестивалінің кезегі Қостанай ауданына келіп жетті. Биылғы бағдарлама облыстың 90 жылдығына арналып отыр.

Фестивальде жергілікті көрермен түрлі жанрдағы өнер туындыларын тамашалады. Концерт бағдарламасы мазмұндық жағынан бай әрі жан-жақты болды. Сахна төрінде әншілер, аспапта орындаушылар, халық шығармашылығы, би өнері, заманауи бағыттағы битбокс та көрініс тапты. Әсіресе, биікте қауіпті трюктер көрсеткен «Арена чудес» халық цирк ұжымының шеберлігі таңдай қақтырмай қоймайды.

blankblank

Мұндай әртүрлі жанрлардың үйлесуі көрерменге ерекше әсер сыйлары сөзсіз.

Байқауға әзірлік бір күндік еңбек емес. Жыл бойы аудан өнерпаздары арасынан іріктеу жүргізіліп, ең үздік нөмірлер ғана додаға ұсынылған. Биыл қатысушылар жаңа костюмдермен, заманауи жарық құралдарымен өнер көрсетіп, қойылым сапасын айтарлықтай арттырды. Бұл – аудан мәдениетіне көрсетілген қолдаудың нақты нәтижесі.

blank

Мәдени кештің мазмұнын байыта түскен тағы бір маңызды бөлім – сәндік-қолданбалы өнер көрмесі. Оны балалар шығармашылығы үйі мен Заречный №1 мектебінің мұғалімдері мен оқушылары ұйымдастырып, облыстың 90 жылдық мерейтойына арнады. Көрме көрермен жұртшылықтың қызығушылығын тудырып, ұлттық өнердің терең тамырын танытты.

blank

Сахна шымылдығын «Тобыл сазы» қазақ халық аспаптар оркестрі ашты. Оркестрдің орындауындағы «Мұрагер» мен «Туған ел» шығармалары халықты ұлттық әуеннің құдіретімен баурап алды. Домбыра мен қобыздың қоңыр үні арқылы қазақ даласының кеңдігі мен рухы айқын сезілді.

Кештің көркемдік шырайын аша түскен ұжымдардың бірі – «Надежда» халық би ансамблі. Олардың «Жарық» және «Тарту» билері сахнада шынайы өмір көрінісін бейнелеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ержан Әуезбековтің орындауындағы «Тойбастар» термесі де кештің мазмұнын байыта түскендей. Әншінің жүрекке жететін үні мен орындаушылық шеберлігі көрерменді терең ойға жетеледі.

«Шалқыма», «Бойтұмар», «Зарянка» ансамбльдері қошеметке көміліп, ықыласқа бөленсе, «Шабыт» тобының «Туған жер» әуені дүйім елдің көңілін толқытып, туған елге деген сағынышты оятты.

blank

Ал «Боярыня» халық ансамблі мен битбоксер Нұрлан Досжановтың бірлескен өнерін кештің басты жаңалығы десек болады. Дәстүрлі өнер мен заманауи бағыттың үйлесуі тыңдарманға ерекше әсер қалдырғандай.

Көрермен қауым бұл кештен ерекше әсер алғанын жасырмады. Тобыл қаласының тұрғыны, мемлекеттік қызмет ардагері Вера Ильминская фестивальдің жылдан-жылға деңгейі артып келе жатқанын айтады. Оның пікірінше, әрбір қатысушы өз өнерін шыңдап, барынша жоғары бағаға лайықты өнер көрсетті.

Байқау-фестивальдің қорытындысы алдағы мамыр айында өтетін гала-концертте жарияланады. Сол кезде облыстың үздік өнер ұжымдары анықталады.

«Өнеріміз саған, Қазақстан!» фестивалі тек шығармашылық жарыс емес, ол – ұлт мәдениетін дәріптейтін, өнер арқылы елді біріктіретін үлкен жоба. Бұл кеш тағы бір мәрте өнердің шекарасыз екенін, оның адамдарды жақындастырып, рухани тұрғыдан байытатын құдіретін айқын көрсетті.

Суреттерді түсірген Рабиға Атуллина