Ұзынкөл ауданында биыл үш жаңа бизнес нысаны ашылып, 38 жұмыс орны құрылды. Аудан экономикасына тартылған жеке инвестиция көлемі 11,9 миллиард теңгеден асты. Бұл туралы аудан әкімі Марат Жұрқабаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
Аудан әкімінің айтуынша, биыл Ұзынкөл ауданының бюджеті 3,9 миллиард теңгені құраған. Оның ішінде салық түсімдері – 1,4 миллиард теңге. Қаржының басым бөлігі әлеуметтік міндеттемелерді орындауға, инфрақұрылымды дамытуға және елді мекендердің жағдайын жақсартуға бағытталған.
«Аудан экономикасының тұрақты дамуы үшін кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу маңызды. Биыл осы бағытта бірқатар жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар алдағы жылдарға арналған инвестициялық бастамаларға да жол ашылды», – деді Марат Жұрқабаев.
Ауданда жаңа өндіріс орындары ашылады
Жыл басынан бері ауданда үш бизнес нысаны іске қосылды. Атап айтқанда, Троебрат ауылында «JANA DALA JQ» серіктестігі жеңіл болат жұқа қабырғалы конструкциялар өндіретін цех ашты. Жобаға 750 миллион теңге инвестиция салынып, 30 адам жұмыспен қамтылды. Осы серіктестік ауылда 30 орындық қонақүй де ашқан. Бұдан бөлек, Ұзынкөл ауылында «Ягодка» жеке кәсіпкерлігіне тиесілі өзіне-өзі қызмет көрсету автожуу орны жұмысын бастады.
Жыл соңына дейін тағы төрт жобаны іске қосу жоспарланған. Олардың қатарында Отынағаш ауылындағы асхана, Ұзынкөлдегі хостел мен кемпинг, сондай-ақ жол бойындағы сервистік кафе бар. Жобалардың жалпы құны – 103 миллион теңге.
Ал 2027 жылға дейін жалпы инвестиция көлемі 935 миллион теңге болатын үш жобаны жүзеге асыру көзделген. Оның ішінде Троебрат ауылында астық қабылдау, кептіру және сақтау кешені салынады. Сонымен бірге Ұзынкөлде дәріхана, Сатай ауылында наубайхана ашу жоспарланып отыр.
Ауыл шаруашылығына құйылған инвестиция
Ұзынкөл ауданы үшін ауыл шаруашылығы негізгі экономикалық бағыттардың бірі болып қала береді. Биыл дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 230,8 мың гектарға егілген. Ал майлы дақылдар алқабы өткен жылмен салыстырғанда 20,8 мың гектарға ұлғайып, 97,8 мың гектарға жетті.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары да жалғасуда. «ҚазАгроҚаржы» арқылы жеңілдікті лизинг бағдарламасы аясында жалпы құны 5,4 миллиард теңгеге 71 техника сатып алынған.
Мал шаруашылығын дамыту мақсатында ет бағытындағы 640 бас ірі қара сатып алуды көздейтін үш инвестициялық жоба жоспарланған. Олардың жалпы құны 1 миллиард 255 миллион теңгені құрайды.
«Біз өсімдік шаруашылығымен қатар мал шаруашылығын да дамытуға басымдық беріп отырмыз. Бұл үшін мал азығы базасын нығайту, асыл тұқымды мал басын көбейту және ветеринариялық инфрақұрылымды жақсарту бағытында жұмыс жүргізілуде», – деді аудан әкімі.
Осы бағытта облыстық бюджеттен бес мал қорымын сатып алуға 242,5 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар төрт ауылда малды бекітуге арналған құрылғылармен жабдықталған ветеринариялық пункттер орнату жоспарланған.
Ауылдарға су тартылып, жолдар жөнделді
Ауданда тұрғындарды орталықтандырылған ауызсумен қамту жұмыстары жалғасып жатыр. Новопокров ауылында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қаражаты есебінен 240 миллион теңгеге тоғыз шақырым су тарату желісі салынды. Нәтижесінде 104 тұрғын үй орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Сатай ауылында 134 үйді орталықтандырылған сумен қамтуға мүмкіндік жасалған. Қазіргі уақытта оның 34-і су жүйесіне қосылған. Ал Сокол ауылында су желілерін санациялау жұмыстары аяқталуға жақын.
Жол инфрақұрылымына да қомақты қаражат бөлінген. Биыл автомобиль жолдарын күтіп ұстау және жөндеу жұмыстарына 824,5 миллион теңге бағытталды. Соның ішінде жалпы ұзындығы 11 шақырым болатын жеті көшеде жөндеу жүргізілген. Аудандық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 325,4 шақырым болса, оның 89,7 пайызы жақсы немесе қанағаттанарлық жағдайда. Ал елді мекендер ішіндегі жолдардың 52,7 пайызы осындай деңгейде.
«Таза Қазақстан»: 4 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды
Ұзынкөл ауданында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында да жұмыстар жүргізілген. Биыл аудан аумағында 2 800-ден астам көшет отырғызылып, 4 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Экологиялық және тазалық шараларына 6,2 мыңнан астам адам қатысқан. Сонымен қатар 14 саябақ пен қоғамдық алаң абаттандырылып, 23 тарихи-мәдени нысан ретке келтірілді. Рұқсат етілмеген 26 қоқыс орны жойылды.
Аудан әкімінің мәліметінше, демеушілер мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қолдауымен бес саябақ пен алаң салынған. Жобалардың жалпы құны 258,7 миллион теңге, оның 208,7 миллионы – тартылған бюджеттен тыс қаражат.
Бұдан бөлек, ауылдарда 31,6 миллион теңгеге төрт балалар ойын алаңы орнатылып, 10 ғимаратқа сәндік жарықтандыру жасалған.
«Елді мекендердің тазалығы мен көріктілігі тек коммуналдық қызметтердің жұмысына байланысты емес. Бұл – тұрғындар, кәсіпкерлер және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер бірлесіп атқаратын ортақ іс. Биыл осы бағыттағы әріптестік нәтижесінде ауданның әлеуметтік маңызы бар мәселелерін шешуге 770 миллион теңгеден астам бюджеттен тыс қаражат тартылды», – деді Марат Кенжебекұлы.
Мектептер жөнделіп, аурухана қайта жаңғыртылады
Әлеуметтік салада да бірқатар жоба жүзеге асырылған. Биыл төрт мектепке 62 миллион теңгеден астам сомаға ағымдағы жөндеу жүргізілді. Тағы үш мектепті бейімдеу жұмыстарына 24,5 миллион теңге жұмсалған. Обаған мектебіне 12,37 миллион теңгеге жаңа биология кабинеті сатып алынса, Күләш Дөненбаева атындағы мектепке 8,45 миллион теңгеге инклюзияны қолдау кабинеті алынған.
Денсаулық сақтау саласында медициналық жабдықтарды жаңартуға 94,3 миллион теңге бағытталған. Ал Ұзынкөл аудандық ауруханасының ғимаратын реконструкциялау жобасының жалпы сметалық құны 1 миллиард 52,3 миллион теңгені құрайды. Жобаны іске асыру 2026-2027 жылдарға жоспарланған.
Тұрғын үй құрылысы да назардан тыс қалмады. Биыл ауданда 2 960 шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның ішінде әлеуметтік осал топтарға арналған 34 пәтерлі тұрғын үй құрылысына облыстық бюджеттен 741,2 миллион теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта 2 024 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Троебратское ауылында жаңа демалыс орталығы ашылды
Ауданның мәдени-әлеуметтік өміріндегі маңызды жаңалықтардың бірі – Троебратское ауылында Демалыс орталығының пайдалануға берілуі. Жобаны іске асыру кезеңінде бюджет қаражатынан 448,1 миллион теңге игерілген. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен нысанға 130,4 миллион теңгеге қажетті жабдықтар сатып алынған. Орталықта акт залы, хореография залы, кітапхана, театр студиясы, сәндік-қолданбалы өнер және қыш өнері шеберханалары жабдықталған. Ғимаратқа іргелес 4 400 шаршы метр қоғамдық кеңістік абаттандырылған. Спорт саласында да жаңа нысан пайдалануға беруге дайын. Ершов ауылдық округінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қаражаты есебінен құны 110 миллион теңгеден асатын ангар үлгісіндегі спорт залының құрылысы аяқталған.
Аудан жастарын жұмыспен қамту мақсатында «Жасыл Ел» жобасы аясында жазғы маусымда 53 оқушы еңбекке тартылған. Бұған қоса жастар мен еріктілердің қатысуымен 30-дан астам экологиялық акция мен сенбілік ұйымдастырылған.
Брифинг соңында Марат Жұрқабаев ауданның алдағы дамуында инвестициялық жобаларды жалғастыру, ауыл шаруашылығын әртараптандыру, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру негізгі бағыттар болып қала беретінін атап өтті.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Ұзынкөл ауданы
