Жиын-терім: жетістік пен жауапкершілік default

Жиын-терім: жетістік пен жауапкершілік

Бүгін облыс әкімдігінде егін жинау науқанын қорытындылауға, маңызды міндеттерді талқылауға арналған жиын өтті.

Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында ауыл шаруашылығының одан әрі қарқынды дамуына барлық күш-жігерді салу қажет екенін, шаруаларға алдағы жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлауға жол ашатын кең ауқымды қаржыландыру жүйесі керегін айтқан еді. Бұл, расымен, тірек саланы ілгерілететін бірден-бір тәсіл. Әсіресе АӨК-ге арқа сүйеген біздің өңір үшін маңызы аса зор.  Астықты аймақтың кейінгі жылдардағы толайым табысы да диқандар қауымын қолдау тетіктерінің жетіле түскенін дәлелдейді.

Мәселен, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, биыл мемлекеттік қолдау бағдарламалары аясында облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 326,1 млрд теңге бөлінген. Бұл – былтырғыдан 57% артық қаражат. Оның жартысына жуығы көктемгі егіске беріліпті.

            «Несиелік қаржыландыру тетіктерінен бөлек, кәсіпкерлерге жеңілдетілген бағамен 162,9 мың тонна дизель отыны бөлінді. Оның ішінде егіске – 73,3 мың тонна, орақ науқанына – 79,1 мың тонна және өнімдерді кептіруге қосымша 10,5 мың тонна отын берілді. Құны нарықтағы бағадан он-он бес пайыз арзан. Осы қолдау шаралары егіс алқаптарын қорғау және егін жинау жұмыстарының уақтылы аяқталуына оң ықпал етті», – дейді басқарма басшысы Ибрагим Бекмұхамедов.

Биыл өңірде 5,3 млн гектар алқапқа дән себілді. Орақ науқанының нәтижесі олқы емес – 6 млн тоннадан астам астық жиналды. Орташа шығым – гектарына 14,9 центнер. Егіні бітік шыққан аудандар тізімін Қарабалық, Федоров, Сарыкөл, Ұзынкөл және Меңдіқара бастап тұр. Ал орылған майлы дақылдар көлемі 1 млн тоннадан асып түседі.blankБасқарма басшысы өткен жылмен салыстырғанда астық сапасының көрсеткіштері жақсарғанын да айтып отыр. Бидай құрамындағы желімтек (клейковина) мөлшері арта түскен. Бастысы, барлық өңір шығымы жақсы өнімді шығынсыз, дер шағында жинап үлгерді. Бұған қолайлы күн райы мен сапалы әрі жеткілікті техниканың оң әсері бар.

    «Шаруашылық субъектілерімен техника жаңарту бағытында тұрақты жұмыс жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері олар 536 трактор, 342 комбайн сатып алды. Былтырғыдан әжептәуір көп көрсеткіш. Техника паркін жаңартуда «ҚазАгроҚаржы» АҚ лизингтік бағдарламаларының маңызы зор. Биыл республика бойынша 350 млрд теңге қарастырылса, оның 45,5 млрд теңгесі облысымызға бөлінді. Қаржының белсенді игерілуіне байланысты қаржыландыру көлемі ұлғайтылды. Нәтижесінде шаруашылықтар 67,8 млрд теңгеге мыңнан астам өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасымен, агрегаттармен толықты», – деді басқарма басшысы.

blank Келер жылдың қамын да қаперсіз қалдырмау керек. Оған биыл енгізілген тыңайтқыштардың көлемі ықпал етпек. Себебі минералды тыңайтқыштардың әсері бірнеше жылға дейін сақталады. Атап айтқанда, аммофостың дақылдар өнімділігіне бес жылға дейін кепіл бола алады. Әсіресе ең жоғары тиімділігі бастапқы екі-үш жылда байқалатын көрінеді. Жалпы, биыл егін егу кезінде, сүрі жерлерге және күзгі топырақ өңдеу жұмыстары барысында 434 мың тонна тыңайтқыш сіңіріліпті. Оларды субсидиялауға бөлінген қаржы – 11,1 млрд теңге. Қазір қаражатты игеру жұмыстары жүріп жатыр. Қаржы игеру дегеннен шығады, бүгінде шаруалар алдында тұрған бірінші кезектегі міндеттердің бірі – жеңілдетілген несиелендіру шартының міндеттемелерін орындау.blank

            «Биыл «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ арқылы форвардтық сатып алу бағдарламасы аясында облыстың 14 ауданындағы 73 шаруашылыққа 16,1 млрд теңге қаржы берілді. Осы күнге дейін 162,7 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі 15,6 млрд теңгеге қайта рәсімделді. Қазір бес ауданның жеті шаруашылығы 525 млн теңге көлеміндегі міндеттемелерін өтемеген. Қазір корпорацияның облыстық өкілдігімен және аудан әкімдіктерімен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізіп жатырмыз», – дейді Ибрагим Бекмұхамедов.

Бұдан бөлек, «Кең дала 2» бағдарламасы аясында «Тобыл» ӘКК арқылы егін егу және астық жинау жұмыстары үшін 66 шаруашылыққа 40 млрд теңге қаржы берілген-ді. Енді қарыз алушылар осы жылдың 4 желтоқсанына дейін және 2027 жылғы 2 наурызға дейін негізгі борыш сомасының жартысын өтеуге тиіс. Сондықта аудан әкімдіктеріне осы жұмысты жеделдету тапсырылып отыр.blank

            «1 қазаннан бастап «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 2027 жылғы егіс жұмысын несиелендіруге өтінім қабылдай бастады. Әзірге диқандардан 3,1 млрд теңгенің 29 өтінімі түскен.  Алда тұрған көктемгі дала жұмыстарын ерте қаржыландыру бағдарламасына қатысу тәртібін түсіндіру шаралары да әр өңірде жүргізілуі қажет», – деді басқарма басшысы.

blankПрезидент тапсырмасымен ауыл шаруашылығына құйылып жатқан қаражат қомақты. Мысалы, 2025 жылы облысымызда 207 млрд теңге жұмсалса, биыл 326 млрд теңге бөлінге. Былтыр жалпы егіс және егін жинау жұмыстарына 80 млрд теңге жұмсалған-ды. Ал биыл бағытталған сома екі есеге жетті – 151 млрд теңге. Жиынның түйін сөзін өңір басшысы осындай деректермен бастады.

            «Облыста дәнді дақылдарды жинау аяқталды. Орташа өнімділік гектарынан 14,9 центнер. Нәтижесінде 6 млн тонна астық, 1 млн тонна майлы дақыл жиналды. Бұл нәтижеге шаруалардың еңбегі мен мемлекет қолдауының арқасында қол жеткіздік. Дегенмен мол өнім алу ғана маңызды емес. Жерді тиімді пайдаланып, өнімділікті арттыру қажет. Биыл астық сапасы айтарлықтай жақсарды. 3-класты бидайдың үлесі – 63,6%. Бұл – жақсы нәтиже. Ендігі міндет – астықты тиімді бағамен өткізіп, оны өңдеу мүмкіндіктерін кеңейту» – деді облыс әкімі.

blankОл алдағы уақытта дақылдардың өнімділігін арттыруға және агротехнологиялық талаптардың сақталуына ерекше назар аудару қажет екенін айтты. Тәжірибе көрсеткендей, табиғи-климаттық жағдайлары бірдей болғанның өзінде, әр шаруашылықтың қол жеткізген нәтижелері әртүрлі. Өңір басшысы бұған бірнеше мысал келтіре өтті.blank

          «Меңдіқара ауданындағы «Егін» ЖШС-де бидайдың ең жоғары өнімділігі гектарына 55,2 центнер болса, шаруашылық бойынша орташа көрсеткіш 41,2 центнерге жеткен. Ал аудандағы орташа өнімділік – 22 центнер. Сарыкөл ауданындағы «Burli Agro» ЖШС арпадан гектарына 61,9 центнер өнім алған. Аудан бойынша орташа көрсеткіш – 21 центнер. Мұндай жоғары нәтижелерге қол жеткізген шаруашылықтарды облыстың әр ауданынан кездестіруге болады. Бұл агротехнологиялық талаптарды қатаң сақтау мен егіншілікке жүйелі көзқарастың маңыздылығын көрсетеді», – дейді Құмар Ақсақалов.

blankОл әртараптандыру, климаттық бақылау жүйесі бар көкөніс қоймаларын салу жұмыстарын жалғастыру қажет екенін ерекшелеп айтты. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу жобалары жүзеге асып жатқанын, оларды шикізатпен қамту маңызды міндет екенін алға тартты. Бұған қоса, аудан-қала әкімдіктеріне жеңілдетілген несие қарызын қайтару ісін жеделдетуге күш салуды тапсырды. Алдағы егіс науқанын қаржыландыруға өтінім беруді жылдамдату да міндеттеліп отыр.

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ