Облыста 540 мыңнан астам сайлаушы дауыс береді

Облыста 540 мыңнан астам сайлаушы дауыс береді

Елімізде 29 қарашада барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Маңызды саяси науқанға Қостанай облысы да қызу дайындық үстінде. Өңірде сайлау учаскелері құрылып, комиссия мүшелері жұмысқа кіріскен.

Алдағы дауыс беру нәтижесінде облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың жаңа құрамы жасақталмақ. Облыс аумағында барлығы 716 сайлау учаскесі құрылған. Олардың жұмысына 4310 комиссия мүшесі тартылған. Қазіргі таңда сайлаушылар тізіміне 540 мыңнан астам азамат енгізілген.

Бұл жолғы сайлауда облыс бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттарға барлығы 264 депутат сайлануы тиіс. Оның ішінде 32 депутат Қостанай облыстық мәслихатының құрамын жасақтайды. Олардың 16-сы партиялық тізімдер бойынша, қалған 16-сы бірмандатты сайлау округтері арқылы сайланады. Сонымен қатар аудандық және қалалық мәслихаттардың 232 депутаты бірмандатты сайлау округтері бойынша анықталады.

Осылайша, сайлау қорытындысы бойынша өңірдегі жергілікті өкілді органдардың жаңа құрамы қалыптасады. Мәслихат депутаттары алдағы уақытта өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерді талқылап, тұрғындардың ұсыныс-тілектері мен мүдделерін білдіруге атсалысады.

«Сайлау науқанының маңызды кезеңдерінің бірі кандидаттарды тіркеу жұмыстары. Осы жылдың 1 қарашасында сағат 18:00-де кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталды. Қостанай облысы бойынша бес саяси партияның партиялық тізімдері тіркелді. Олардың қатарында «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы, «Respublica» партиясы, Қазақстан Халық партиясы, «Ауыл» партиясы және «Әділет» партиясы бар. Партиялық тізімдерге барлығы 62 кандидат енгізілген. Ал бірмандатты сайлау округтері бойынша 745 кандидат тіркелді. Олардың 248-і саяси партиялар атынан ұсынылса, 497-сі өзін-өзі ұсыну тәртібімен сайлауға қатысуда», – дейді Қостанай облысының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Александр Малашко.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы мәслихат депутаттарын сайлауға арналған дауыс беру бюллетеньдерінің үлгілерін бекітті. Бұл жолғы сайлау науқаны үшін А5 форматындағы төрт түрлі бюллетень қарастырылған. Олар мәслихат деңгейіне қарай түсімен ажыратылады.

«Атап айтқанда, көгілдір түсті бюллетень облыстық мәслихат депутаттарын партиялық тізімдер бойынша сайлау үшін беріледі. Ал жасыл түсті бюллетень бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша облыстық мәслихат депутаттарын таңдауға арналған. Күлгін түсті бюллетень облыстық маңызы бар қалалардың мәслихат депутаттарын сайлау кезінде қолданылады. Қостанай облысында бұл санатқа Қостанай, Рудный, Лисаков және Арқалық қалалары кіреді. Ал қызғылт сары түсті бюллетень аудандық мәслихат депутаттарын сайлауға арналған», – дейді Александр Малашко.

Мәслихат депутаттарын сайлау жергілікті деңгейдегі маңызды мәселелерді шешуге қатысатын өкілдерді анықтайтын саяси науқан. Өйткені мәслихат жұмысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, жергілікті бюджет, жол, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да маңызды салалармен тығыз байланысты. Сондықтан сайлаушылардың кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларымен танысып, олардың ұсыныстарын саралап, өз таңдауын саналы түрде жасауы маңызды.

Ал Қостанай қаласы бойынша осы сайлауда 26 округтік комиссия және 101 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс атқаруда. Округтік комиссиялар кандидаттармен жұмыс істеп, олардың құжаттарын қабылдап, тіркеген.

«Учаскелік тізім бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, қазіргі уақытта шақыру қағаздары таратылып жатыр. Учаскелік сайлау комиссия мүшелері әр пәтерге жеткізуде. Үгіт-насихат жұмыстары қалай жүріп жатқанын, қандай ақпарат таратып жатыр, кімдермен қалай кездесіп жатыр, барлығы заң шеңберінде өтіп жатқандығын қадағалап жатырмыз», – дейді Қостанай қаласының аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Сәния Шәріпова.

Әзірлік жұмыстарымен танысу үшін қаладағы Жастар сарайы ғимаратында орналасқан №857-ші сайлау учаскесінде болып қайттық. Мұнда 2409 сайлаушы бар. Әзірлік жұмыстары тыңғылықты жүргізілуде.

«Ақпараттық тақтамыз талапқа сай жасақталған. Сайлаушылар үміткерлермен, олардың сайлау алды бағдарламаларымен және сайлау өткізу тәртібімен толық таныса алады. Сонда-ақ сайлаушылар смартфонның көмегімен QR код сканерлеу арқылы Қостанай облысының аумақтық сайлау комиссиясының интернет-парақшасына, Telegram каналына өтіп, ақпарат ала алады. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасалған. Көзі нашар көретін және зағип жандардың саусақпен жүргізіп оқуына арналған арнайы бедерлі-нүктелі жазу жүйесі мен оның тақтайшасы яғни, Брайль тақтайшасы орнатылған», – дейді №857-ші сайлау учаскесінің хатшысы Базаркүл Арыстанбекова.

Бұл сайлау учаскесінде 24 адам алғашқы рет дауыс берсе, екі адамның дәл сайлау күні дүниеге келген күні. Ол кісілер үшін және алғаш келген дауыс берушіге арнайы сыйлықтар да қарастырылған.

 

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суретті түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ