Облыстағы орақ науқаны қорытындыланған жиында жекелеген өңірлердегі жиын-терім есебі тыңдалды.
Атап айтқанда, Денисов, Ұзынкөл, Федоров аудандарының басшылары егін жинау нәтижесін баяндады. Әр өңірдегі көрсеткіш әркелкі. Мәселен, Денисов ауданы биыл егіс алқабын ұлғайтыңқырай түскенімен, өнімділік былтырғыдан кемірек. Осы жылы 360 мың гектардан 303 мың тонна астық жиналыпты. Орташа шығым гектарына 13 центнерден айналды. Былтыр 298 мың гектар танаптан 378 мың тонна өнім алынған. Ол кездегі өнімділік те 16 ц/га еді. Мұны аудан басшысы күн райының қолайсыздығынан көреді.
«Шілде айында ауа температурасының 40°C-қа дейін көтерілуі егіннің қалыптасуына кері әсерін тигізді. Соның салдарынан нақты алынған өнімділік біз күткен көрсеткіштен төмен болды», – дейді аудан әкімі Руслан Қатпаев.
Бірақ аудан диқандары сұрып жаңарту, зиянкес өскіндермен күрес жөнінен осал жұмыс істеген жоқ. Айталық, биыл жоғары репродукциялы 4 мың тоннадан астам тұқым сатып алды. Нәтижесінде сұрып жаңарту тапсырмасы толықтай орындалған. Осы жылы жалпы қажеттілікті толық қамтамасыз ететін 32 мың тонна тұқым дайындалыпты. Тұқым материалы зертханалық тексеруден өтіп, егістік сапасына қойылатын талаптарға сәйкестігін растаған.
«Арамшөптермен күресу мақсатында 130 мың гектар алқапта тиісті агротехникалық шаралар қабылданды. Зиянкестерге қарсы 36 мың гектар жер өңделсе, өсімдік ауруларының алдын алу үшін 25 мың гектардан астам алқапқа фунгицидтік өңдеу жұмыстары жүргізілді. Сатып алынған 7,08 мың тонна минералды тыңайтқыш топыраққа енгізілді», – дейді аудан басшысы.
Диқандар егін егу жұмысы үшін жолдаған 4,1 млрд теңгенің 31 өтінімі қаржыландырылып, қажеттілік толық көлемде қанағаттандырылған. Ал биыл машина-трактор паркіне 68 жаңа техника қосылған. Оның 47-і лизингтік бағдарлама арқылы сатып алынып отыр.
«Бұдан бөлек, 2024–2026 жылдар аралығында аудан шаруашылықтары 250 млн теңгеге бес астық кептіргіш қондырғы сатып алды. Сондай-ақ биыл «Приреченское» ЖШС, «Зааятский Элеватор» ЖШС және «Арыстан 2012» ЖШС ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге арналған жабдықтар орнатты. Жобалардың жалпы құны – 300 млн теңге», – деп толықтырды Руслан Қатпаев.
Егіс және егін жинау жұмыстарын сәтті жүргізіп, жақсы көрсеткішпен көзге түскен өңірлердің бірі – Ұзынкөл ауданы. Биыл 230,8 мың алқаптан 480 мың тонна өнім жиналған. Орташа өнімділік – гектарына 20,8 центнер.
«Дәнді дақылдардың жоғары өнімділік көрсеткіштеріне мына шаруашылықтар қолжеткізді: «Иржанов Ахметкан» ШҚ – 31 ц/га, «Алфеев Н.В.» ШҚ – 30 ц/га, «Агро Торрес» ЖШС – 28 ц/га, «Олжа Ряжское» ЖШС – 23 ц/га. Биыл аудан шаруалары 27 мың тоннадан астам минералды тыңайтқыш сатып алды. Бұл ретте мемлекеттік қолдау көлемі – 6,559 млрд теңгені, ал шаруашылықтардың өз қаражаты – 6,121 млрд теңге. Келер жылғы егіс науқанынан 40 мың тонна тұқым дайындалып отыр», – деп ақпарат берді аудан әкімі Марат Жұрқабаев.
Астықты форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша 3,9 млрд теңгеге он өтінім беріліп, бәрі оң нәтижеге ие болған. Оның 3,8 млрд теңгесі өтеліп отыр. «Кең Дала 2» бағдарламасы арқылы 37 шаруашылыққа 9 млрд теңге қаржылық қолдау көрсетілген.
«Биыл аудан шаруашылықтарына 4 млрд теңгеден астам субсидия төленді. Сондай-ақ «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында ауданның аграрлық сала өкілдері 7,4 млрд теңгеге 88 техника сатып алды. Материалдық-техникалық базаны жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр», – деді аудан басшысы.
Ал Федоров ауданында биыл 400 мың гектар алқапқа тұқым себілген. Егістікті әртараптандыру жұмысы аясында бидай алқабының ауқымы жиырма мың гектарға дейін кемітілді. Сәйкесінше, майлы және бұршақты дақылдар танабы кеңейіп отыр. Шығымды көбейту мақсатымен 8,8 мың тонна тыңайтқыш пайдаланылыпты. Нәтиже аса жаман емес. Дей тұрғанмен жауын-шашын мен аптап ыстық жорамалды жоспарға нұқсан келтіргенін айтады аудан басшысы.
«Күрделі ауа райы егін өнімділігіне кері әсерін тигізді. Вегетациялық кезеңде 500 мм-ден астам жауын-шашын түссе, дақылдардың пісіп-жетілу кезеңінде ауа температурасы шамадан тыс жоғары болды. Нәтижесінде дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 21,1 центнер, жалпы жиналған астық көлемі 584,2 мың тонна болды. Майлы дақылдардың өнімділігі гектарына 13 центнерден асып, жалпы түсімі 132,3 мың тоннаға жетті», – дейді Тәуба Исабаев.
Ауданда алдағы жылғы егіс науқанына қажетті 53,3 мың тонна тұқым қоры дайындалып отыр. Қазіргі уақытта тұқымдардың егістік сапасын тексеру жұмыстары жүргізілу үстінде. Алдағы міндет – қолда бар ресурстарды тиімді пайдаланып, саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету.
Толығырақ — газеттің ертеңгі санында.
Суреттерді түсірген — Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
