Ұжым еңбегінің еленген сәті: әріптестерге мерекелік медаль табысталды

Ұжым еңбегінің еленген сәті: әріптестерге мерекелік медаль табысталды

Ақпарат саласындағы адал еңбек пен кәсіби шеберліктің лайықты бағалануы – саланың дамуына серпін беретін маңызды оқиға. Соның айғағы ретінде,  «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Нұркелген Өтеулин «Қостанай таңы» газетінің директор-бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы мен бас редактордың орынбасары Аслан Қанғожинге партияның мерекелік  медальдарын табыс етті.

Марапат – жылдар бойы адал қызмет етіп, халықтың үнін жеткізіп жүрген ұжым еңбегінің нақты бағасы. Партия филиалының төрағасы Нұркелген Өтеулин өз сөзінде ақпарат құралдарының қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті:

— «Қостанай таңы» – халықтың үні, елдің шынайы болмысын көрсетіп келе жатқан беделді басылым. Біз бұл марапатты жеке адамдарға ғана емес, тұтас редакция ұжымына деген құрмет ретінде табыстап отырмыз. Ауылдың тынысын, халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп, мемлекеттік саясатты насихаттауда бұл басылымның еңбегі зор. Әлі де елмен етене, қоғаммен тығыз байланыста жұмыс істей береді деп сенеміз, – деді ол.

Төрағаның бұл пікірі – БАҚ пен партия арасындағы сындарлы серіктестіктің жарқын көрінісі.

— Бұл тек менің немесе әріптесімнің емес, бүкіл редакция ұжымының тынымсыз ізденісі мен халық алдындағы жауапкершілігінің жемісі, — деді газеттің директор-бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы. — Оқырманмен арадағы алтын көпірді сақтау үшін журналист үнемі дамып, қоғамның тамырын тап баса білуі керек. Сол жолда жұмыла еңбек ете береміз.

Ал Аслан Қанғожин бұл марапатты ауыл тынысын, өңірдің басты мәселелерін үздіксіз көтеріп келе жатқан басылымның қоғамдық рөлін мойындау деп бағалады.

Ауыл партиясының осындай құрметі – жергілікті баспасөзге деген сенімнің, құрметтің белгісі. Бұл — ұлт мүддесіне қызмет етіп жүрген ақпарат саласы мамандарына берілген лайықты баға.