Кэтрин Майер қазақша сөйлейді  

Кэтрин Майер қазақша сөйлейді  

Денисов ауданындағы №3 қазақ мектебінің оқушысы Кэтрин Майер мемлекеттік тілді шебер меңгерген шәкірт. Оның ұлты неміс, тілі қазақша.

Біз Денисов ауданына іс-сапармен барғанымызда қазақ мектебіне соғып, білім ошағының тыныс-тіршілігімен таныс болған едік.

Сол кезде топ баланың ішінен Кэтрин алға сытылып шығып, ерекше көзге түскен-ді.

Неміс қызының қазақ мектебінде білім алып жүргені, оның мемлекеттік тілге деген құрметі ішімізді жылытты. Кэтринмен жақын сөйлесіп, тіл үйренудегі алғашқы қадамын сұрадық.

blank

«Қазақ тіліне деген алғашқы адымым кішкентайымда мемлекеттік тілдегі балабақшадан басталған. Одан кейін анам мені қазақ мектебіне берді. Осылайша, қазақ халқының мәдениетін, тілін және ұлттық құндылықтарын терең түсінуім үшін үлкен қадам жасалды. Бүгінде өзімнің қалауыммен, ата-анамның қолдауымен, ұлағаты ұстаздарымның көмегімен қара шаңырақ қазақ мектебінде оқып жүрмін. Қазақ тілі менің биік белестерге шығуыма жол ашты. Сондықтан қазақ халқына, қазақ тіліне деген ризашылығым шексіз», – дейді №3 Денисов жалпы білім беретін мектебінің 11-сынып оқушысы Кэтрин Майер.

Қазақ тілі – бала шәкірттің бастау бұлағына айналғанын көрмейсіз бе. Ұясында мемлекеттік тілге деген құрметті сезініп өскен балапан бұл күндері көпшілікке үлгі болып жүр. Ол аз десеңіз, Кэтрин қазақтың халық әндерін тамылжыта шырқайды. Оның есімі облысқа, республикаға да танылып қалды. Ауылдастары да Кэтринді мақтан тұтады.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суретте: Кэтрин Майер әпкелерімен бірге. Анасы мен қыздары.

Сурет кейіпкердің мұрағатынан алынды

Денисов ауданы