Қазіргі таңда Ұзынкөл, Сарыкөл, Денисов ауданындағы спорт мектептерінің директорларының орны бос тұр. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының тарапынан осы уақытқа дейін бұл олқылыққа қандай шара қолданылды? Облыс әкімінің аппарат жиыны осы мәселеге жауап іздеуден басталды.
Мәселен, Ұзынкөл ауданында бұл кадр тапшылығы төрт жылдан бері байқалған. Жергілікті әкімдік тарап лауазым иесінің міндетін атқаратын кадрмен шектеліп отырған ұқсайды. Үміткерлер қарастырылып жатыр, ол аудандарға баратын адам жоқ емес, ниет танытқан жандар бар. Басты жағдай – билік тарапынан қойылып жатқан талапта.

«Ол орындарға ұсынылған адамдардың біліктілігі сәйкес келмей тұр. Ұзынкөл ауданында спорт мектебінің басшысы 2021 жылдан бері бекітілген жоқ. Уақытша міндетін атқарып жатыр. Лайықты адам тапқанымызбен, ол адам мемлекеттік қызметке ауысып, бөлім бастығы болып тағайындалды. Қалған ауданға адам жоқ. Білікті жаттықтырушылардың арасынан іздеуге тура келеді», – дейді бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Елена Киреева.
Бұл талап бойынша тағайындалған адамның дене шынықтыру мамандығын игеруімен қатар, бес жыл жетекшілік қызметте болды деген еңбек өтілі болуы шарт. Ал бұл біліктіліктен өткен мамандарға басқа ұсыныстар түсетіні бесенеден белгілі. Сонда жетекшілік өтілі жоқ мамандар бұл лауазымға қалай келмек?
«Бұл тұстан шығатын түрлі амалдарды қарастырып жатырмыз. алдағы уақытта бұл кадрларды оңтүстіктен солтүсттікке қоныс аударған азаматтардың арасынан қарастыруды жөн деп таптық. Миниситрлікке де талапты өзгерту туралы хат жаздық», – деді мекеме басшысының орынбасары.
Облыс басшысы Құмар Ақсақалов бұл түйткілді әкімдікпен бірлесіп шешуді тапсырды.
«Білікті бапкерлермен қамтамасыз етілмеген болса түсінуге болады. Білдей мекемеде басшылықтың болмауы – күрделі мәселе. Мәселені әкімдік арқылы қайта қараңыздар. Арада қаншама уақыт өткен. Бір маманды осы күнге дейін дайындауға болар ед», – деді облыс әкімі.
Басқарма басшысы бұл тұста әлеуметтік саладағы жүйенің олқы екенін сынға алды.

«Мәселе маманның жұмыс өтілінде ғана емес. Ол қызметке лайықты жақсы бапкерлер бар. Ол мамандардың жетекшілік жұмыс өтілінің болғанының өзінде түбінде аз жалақымен қамтылады. Ал сағатпен толық қамтылған бапкерлер оның жанында қомақты табыс табады», – деді дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дулат Советханұлы.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев
