Ұзынкөл ауданында кезінде Абай, Есмырза, Үкіатқан, Отынағаш, Обаған тәрізді қазақ ауылдары көп еді. Тоқсаныншы жылдардан бері бұларда халық саны едәуір азайып қалды. Бүгінде Обаған ауылынан басқасы жабылудың сәл-ақ алдында тұр.
Шекара түбінде орналасқан қазақ ауылында күні бүгін жүзден астам үй түтін түтетіп отыр. Аудан бойынша он бір жылдық білім ошағы да осы Обағанда. Айрандай ұйыған ауыл тұрғындарының басқа жаққа көшпеуіне себеп, тұрмысы оңды, шаруасы жайлы. Мұнда бос отырған ешкім жоқ. Жұрт қаладағыдан кем тұрмайды.
Мамандығы – мұғалім
Кәсіпкер Болат Қарабаев тоқсаныншы жылдардың басында Ершов елді мекеніндегі мектепте тарих пәнінен сабақ берді. Кейін денсаулығына байланысты жұмыстан шығып, ауылдың малын бағуға тура келді. Қолы боста кереует, сандық тәрізді үй жиһаздарын істеп сатты. Әйтеуір, бос отырған күні жоқ. 1995 жылы Обаған ауылына қоныс аударды. Бұл өзінің туған жері, өскен ортасы. Әкесі – Жұмаш ақсақал жиырма жыл “Обаған” колхозын басқарған кісі еді. Елге сыйлы қария еді, жарықтық. Болат мұнда көшіп келгесін бірер жыл ата-анасына қарайласты. Ол әлі күнге дейін баяғы, әкесі тұрған шаңыраққа иелік етіп отыр. 1997 жылы 200 гектар жер алып, егін салды. Ал Қостанайда жолаушылар тасмалдаумен айналысатын екі бірдей маршруттың тендерін ұтып алды. Меншігінде отыз шақты автобусы бар еді. Яғни, Бөкең, бизнесін тақыр жерден бастаған жоқ. Ептеп қаржының басы құрала бастағанда ауылдағы жер телімін ұлғайтты. Бұл жақтың бонитеті жоғары болғанмен, кей жылдары жауын-шашын болмай егін шықпаған кездері де болған. Бірақ, Болат мойыған жоқ. Әр нәрсенің қайыры бар, екі мыңыншы жылы ауыл тұрғындары жиналып, бұған өз пайларын ұсынды. “Әкеңмен бірге жұмыс істестік. Бізді далаға тастама. Жетекшілік тізгінді қолыңа ал”,-деп сенім білдірді. Сол жылдары бір Обағанның өзінде 33 шаруа қожалығы бар еді. Соның бәрінің басын біріктірді. “Обаған ауылы” шаруа қожалығы осылай іс бастаған еді. Меншігінде 3000 гектар жерге қоса мемлекеттік резервінен тағы 1235 гектар жер қосып алды. Одан кейін тағы қосымша шаруашылықтар құрды. Бүгінде Болат Жұмашұлы басқаратын “Мирас” шаруа қожалығының еншісінде 5000 гектар алқап, 200-ден астам етті бағыттағы қара мал, осынша жылқы, жүз қаралы қой-ешкі бар.
Сөз бен істің арасы
Малдан бәлендей кіріс жоқ. Бірақ, дала тусырап қалмасын деп төрт түлік өсіріп отыр. Малшылары қысы-жазы сонда. Бір жағы егінді күзетеді. Жер-Ана да жетімсіремейді. Шіркін, иен даланың көркі малы емес пе! Қысқасы, ауылдағы еңбекке жарамдының бәрі “Мирас” шаруа қожағында жұмыс істейді. Олар жыл он екі ай бойы қарап отыруды білмейтін жандар. Науқандық жұмыстардан босаса, техниканы жөндеп-жасқайды, мектептің отын жағады, ауылдағы ресторан-барда жұмыс істейді. Шөп шабады. Қыс-тық отын жинайды. Басқа да шаруаларға қолғабыс етеді. Әйтеуір, қарап отыр-ған бірі жоқ. Тәртіп солай. Бөкеңнің өзі: “Тәртіпке бағынған құл болмайды” деген Б.Момышұлының қанатты сөзін берік ұстанған. Тәртіп бар жерде береке бар. Ауылда басы артық қылтың-сылтың жүріс жоқ. Қайда бармаңыз, қайнаған тірлік.
Кез келген шаруаны қолға алғанда мемлекеттік көмегіне арқа сүйейсің. Құдайға шүкір, Үкімет қолын қағып көрген емес. Ана бір жылдары мемлекеттен 330 мың АҚШ доллары көлемінде субсидия алғаны бар. Оған қыруар техника сатып алып, машина-техника паркін түгел жаңартып алды. Қазір шаруа қожалығының меншігінде 10 “Беларасуь” тракторы, 5 К-700, 5 комабин, 4 “КАМАЗ”, 1 “Урал” жүк көлігі бар. Оның сыртында әлгі қаржыға тыңайтқыш, химиялық препараттар, мал алды. “Алмақтың да салмағын” жақсы білетін шаруақор азамат қолындағысын елмен бөлісуге дағдыланған.
– Міне, сол жылдары мен ауылдан үй сала бастадым. Өзіңіз де көрген шығарсыз, айналасы аз жылдың ішінде он үш үй бой көтерді. Оған көгілдір отын құбырын тарттырдым. Суы ішінде. Жиһазы түгел. Ауылдың бірнеше көшесін асфальтап, ойын алаңын, жұрт бір уақ демалатын ресторан-бар салып бердім. Енді моншаның құрылысын бастадым. Қайткенде, ауылдағы ағайын қала адамынан бір мысқал да кем тұрмауы керек. Қайсыбір жетістікке жетіп жатсақ, ол қарапайым еңбек адамының арқасы. Оларға лайықты жағдай жасау арқылы ауыл көркейеді. Мен құр сөзді малдануға жоқпын. Жатпай-тұрмай еңбек ет, тұрмысыңды түзе. құр уәде опа бермейді, – дейді “Мирас” шаруа қожалығының директоры Болат Қарабаев.
Еңбек еткен ішіп-жейді
Шаруашылықта екі-үш жылдан бері еңбек етіп келе жатқан мақтаулы маманның бірі Ермек Қарамергенов қаладан туған жеріне қоныс аударды. Өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарай білетін Ермектің өзі осы ауылдың тумасы. Белді механизатор. Жұмысты өндірте істеген соң, шаруашылық басшысының да оған деген көзқарасы түзу. Обағанға көшіп келген жылы іші жиһазға толы су жаңа үй берді. Бір бұзаулы сиыр, құлынды бие, он шақты қойды және тарту етті. Қазір қорасынан өрген малдың қарасы едәуір.
– Адал еңбек еткен жанға қай кезде де құрмет көрсетілуі заңды құбылыс деп есептеймін өз басым. Бір қаладан көшіп келгенде, қолымызда сумкадан басқа ештеңе жоқ еді. Қазір міне, басымызда басыбайлы баспана, қорамызда малымыз бар. Тұрмысымыз ешкімнен кем емес. Мұндай жерден кім кеткісі келеді? Қайта ауыл тұрғындардың қатары көбейе түссе екен, – дейді Ермек Қарамергенов.
Мұнда Ермек тәрізді шаруақор азаматтар жетерлік. Солардың бірі – Ақтас Жәркенов. Обағанның бойында дүниеге келген. Осы жерден ешқайда ірге аудармаймын деп отыр.
– Біздің ауылдың орналасқан жері кілең орман. Шекараның түбі ғой. Әдеби тілмен бейнелесек, “түгін тартса, майы шығатын” құйқалы өңір. Егіні қандай! Мал жайылымына таптыртпайды. Осындай жұмақ-мекеннен басқа жаққа көшіп кету менің қауашағыма сыймайды. Ұзақ жыл осында жұмыс істедік. Әлі де қар-ап отырғанымыз жоқ. Шаруашылықтың кез келген жұмысын атқара береміз. Табысымыз да соғұрлым. Мұнда Қуантай Жәркенов, Қуандық Жаукин, Жомарт Құлмағамбетов, Болат Нұжанов есімді мықты мамандар бар. Олар өздеріне бекітілген міндетті артығымен орындайды. Сондықтан шығар, жұмыс кестесінен ешқашан жаңылып көрген жоқпыз, – дейді егіс бригадасының бригадирі Ақтас Жәркенов.
Қорасы малды, көңілі жайлы
Бригадир Ақтас Жәркенов айтқан мақтаулы маманның бірі – Жомарт Құлмағамбетовтің үйіне бас сұқтық. Шаруабасты азамат жол жүріп кеткенмен, үйінде келіншегі Бақыт, балалары бізді жылы-шырайлы қарсы алды. Олар 2021 жылы баспаналы болыпты. Шаруашылық мал да берген. Үйінде тұрмыстық техникасы, жиһазы сықасып тұр. Қысқасы, не керектің бәрі бар. Ешқандай мұқтаждық. Тек, жұмысыңды істе, малыңды бақ. Басты принцип осы.
– Үйіміз жылы, жарық, кең. Өзіміз үшін хан сарайына бергісіз. Осындай жағдайды жасап қойған Болат ағамызға алғысымыз шексіз, – дейді Бақыт Құлмағамбетова.
Расында, үй сапасы жағынан қаланың үйлерінен кем емес. Ішінде душы, ваннасы, ыстық, суық суы бар. Газ жанып тұр. Осындай қуанышқа кенелгендердің бірі Руслан Оразбеков те шаруашылық басшысының қамқор ісіне дән риза.
– Келгенде бір ала сөмкемен көштік қой. Қазір қараңыз, малымыз-жанымыз түгел. Жұмысымыз бар. Астымызға көлік міндік. Осындай жағдайға Болат Жұмашұлының арқасында кенелдік, – дейді Руслан Оразбеков. Бүгінде оның қой-ешкісінің өзі жиырмадан асып,жығылады. Қара малы, жылқысы көбейген.
Шекараның шебіндегі қазақы ауылда 415 адам тұрады. Он бір жылдық мектебі бар. 2012 жылы Болат Жұмашұлы білім ошағына 100 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы бөліп, күрделі-жөндеу жасап берді. Одан бері ауылда медпункт, саябақ, он үш жаңа үй салынды. Қызығы, шағын ғана ауылда үш кафе тұрақты жұмыс істейді. Мұның сырында ресторан-бардың есігі үнемі ашық. Ауылдағы ағайын ас, той-томалақ жасаймын десе, шаруашылықтың заманға сай салынған асханасы дайын. Болат Қарабаев қарамағында істейтін жұмыскерлерге отын-суды, шөпті, жемдік азықты екі-үш есе арзан бағамен береді. Мәселен, былайғы жұрт шөптің әр тоннасын 150 мың теңгеден алса, мұндағылар қалтасынан 15 мың теңге ғана шығарады. 5 куб ағаш бар болғаны 16 мың теңге тұрады. Басқасы да солай. Арзан әрі татымды. Асқа жарамды судың бір багы 150 теңге, шаруашылық жұмысшыларына 70 теңгеден босатылады. Үй-үйге кіргізген су ыдыс-аяқ, кір жууға, мал суаруға, бақша суаруға жарайды. Үздіксіз ағып тұр.
Әлеуметтік саланың әлеуеті зор
Болат Жұмашұлы жыл сайын әлеуметтік саланың өзіне 150 млн теңгедей жұмсайды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін азаматтық парызым деп түсінетін ол кісіге жасаған еңбектің қайтарымы еселене түсетінін жақсы біледі. Әрі-беріден соң туған жерін Болаттай жанашыр азаматтар түлетпегенде, кім түлетеді?
– Биыл тағы екі үй салып беремін. Келесі жылы екі үйді көтеруді жоспарлап отырмын. Қысқасы, жақын жылдары ауылда сегіз үй тұрғызуды міндетіме алып отырмын, – дейді кәсіпкер. Осындай іскер азаматтың еңбегі де мемлекет тарапынан елеусіз қалған жоқ. Бұрынғы мемлекет басшысының қолын “Парыз” сыйлығын алды. “Құрмет” ордені, “Ерен еңбегі үшін” медалінің иегері. “Жомарт жүрек” сыйлығының республикалық, облыстық, аудандық деңгейде бірнеше мәрте жеңіп алды. Ұзынкөл ауданының Құрметті азаматы. Облыстық мәслихаттың депутаты. Мұның бәрі туған жерін үлгілі ауылға айналдырып қана қоймай, әлеуетін арттырып, әлеуметтік мәселесін түгендеп отырған азаматтың шынайы бет-бейнесін айқынап тұрғаны ақиқат.
Ұзынкөл ауданы