Тұрмыстық зорлық – бір отбасының трагедиясы ма?

Тұрмыстық зорлық – бір отбасының трагедиясы ма?

«Мен баламды қорғай алмадым ба деп, ұзақ уақыт бойы өзімді кінәладым. Бір күні ішкі даусымды тыңдап, полицияға баруға бел будым. Өмірімдегі ең дұрыс шешім болды», – деп бастады әңгімесін 37 жастағы екі баланың анасы, Қостанай қаласының тұрғыны Жанна (аты өзгертілген). Ол өзінің ауыр тағдырымен бөлісе отырып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған жағдайда үндемей қалмауға шақырады.

 Бір ананың тағдыры

2014 жылы Жанна алғаш рет тұрмысқа шықты. Бірінші некеден қызы дүние есігін ашты. Алайда, тағдырдың басқа салғаны ма, кенеттен күйеуі қайтыс болды. Арада бірталай уақыт өткен соң, ол екінші рет тұрмыс құрады. Бұл жолы тағдыр оны басқа ұлт өкілінің азаматына табыстырды. Отбасылық өмір қайта жанданып, орталарында  екінші бала өмірге келді.

– Басында бәрі тамаша еді. Қызымды жақсы қабылдады, сыйлықтар беріп, қамқорлық танытты. Бірақ, ұлымыз туғаннан кейін бәрі өзгеріп кетті. Қызым оған кедергі бола бастағандай сезілді, – деп есіне алады Жанна.

Уақыт өте келе, ер адамның қыз балама деген қатынасы нашарлай бастайды: дауыс көтеру, айқай, тіпті кей жағдайлар күн сайын қайталана берді. Жанжал жиілеп, отбасындағы атмосфера ушыға бастады. Жанна бірнеше рет ата-анасының үйіне кетіп қалып та жүрді. Бірақ мәселе мұнымен шешілмеді. Алайда бір бөлмелі пәтерде тұратын ата-анасының үстіне екі баламен тұру қиынға соқты.

– Қызым өте тұйықталып бара жатты. Көзінен қорқынышты байқадым. Мен үшін соңғы шешім болды, – дейді ол.

Әлеуметтік желіде полиция парақшаларына тіркелген ол бірде әйелдерге арналған зорлық-зомбылыққа қарсы бейнероликті көзі шалады. Сол сәтте полиция бөліміне жүгінеді. Онда әйелдерді қорғау бөлімінің инспекторы Лейла Шаяхметова Жаннаға психологтық қолдау көрсетіп, арызын қабылдап, оны Қостанай қаласындағы дағдарыс орталығына орналастырады.

– Мені мұндағылар туғанымдай қарсы алды. Екі баламмен бірге он күн тұрдық. Психологтар жұмыс істеді. Сол жерде алғаш рет өзімді қауіпсіз сезіндім, – деп бөліседі ол.

Жанна қазір қайта аяқтан тұрып келеді. Дағдарыс орталығының қолдауымен жұмыс орнына хабарласып, қашықтан жұмыс істеуге келісім алды. Қазір ол екі баласымен пәтер жалдап тұрады, үлкен қызын жақын маңдағы мектепке орналастырып үлгерді.

– Мен енді ұрыс-керіссіз тыныш өмір кешудемін. Бұл шешім менің өмірімді түбейгейлі өзгертті, – дейді ол.

 

Заң не дейді?

Жаннаның бұрынғы күйеуіне қорғау ұйғарымы берілген. Ол енді оған жақындай алмайды. Әрине, ер адам ресми алимент төлемейді, бірақ кейде Kaspi арқылы қаражат салып тұрады. Соңғы өзгерістерге сәйкес, ҚР ҚК 108 және 109-баптары (дене жарақаты мен ұрып-соғу) қылмыстық баптар ретінде қайта қаралған. Бұрын әкімшілік жаза қолданылса, енді бұл, сот шешімі арқылы қаралады. Мысалы, ұрып-соғу үшін 80 АЕК көлемінде айыппұл немесе 80 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылады.

Қостанай облысында Алматы, Түркістан сияқты аймақтарға қарағанда отбасылық зорлық деңгейі төмен болғанымен, соңғы жылда статистика өсіп отыр. Басты себебі, аталған қылмыстық баптардың енді әкімшілік емес, қылмыстық деңгейге ауысуы.

Жаннаның оқиғасы – жалғыз ананың өмірі емес, жүздеген әйелдің үнсіз күресі, айтылмаған мұңы. Бірақ бұл оқиға бір нәрсені дәлелдейді, үнсіз қалу, шешім емес. Көмек сұрау, әлсіздік емес, керісінше, батылдықтың белгісі.

Қазіргі таңда Қостанай облыстық Полиция департаментінде отбасылық зорлық-зомбылықпен күреске жауапты 62 маман қызмет етеді. Биыл жыл басынан бері ішкі істер органдарына 3147 тұрмыстық жанжал туралы хабарлама түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, аз. Алайда, қайта орын алған деректер саны 16,7%—ға артқан.

Осы жылдың сегіз айында 7 кісі өлтіру, 5 ауыр дене жарақаты, 28 жеңіл жарақат, 40 ұрып-соғу жағдайы тіркелген. Көп жағдайда қылмыстардың дені ішімдіктің салдарынан орын алған.

2024 жылдың 15 маусымынан бастап, ҚР Қылмыстық кодексі жаңа екі баппен толықты, яғни, ҚР ҚК 108-1-бабы «Қасақана жеңіл дене жарақатын келтіру», 109-1-бабы «Ұрып-соғу». Бұрын бұл әрекеттер әкімшілік құқықбұзушылық санатына кірсе, енді қылмыстық жауапкершілікке ауыстырылды.

Облыстық ПД жергілікті полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы Мәдина Валиеваның айтуынша, биыл Қостанай облысы бойынша тұрмыстық зорлық-зомлыққа қатысты 3520 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды (ҚР ӘҚБтК 73-бап), 5936 қорғау ұйғарымы шығарылды,  2917 агрессорға мінез-құлық шектеуі қойылды, 95 адам психокоррекциялық көмек алуға жіберілді,  10 дерек бойынша бірге тұруға тыйым салынды, ҚР ҚПК 165-бабы бойынша 4 агрессорға жәбірленушіге жақындауға шектеу қойылды.

Қостанай облысы бойынша үш дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Олар Арқалық, Рудный, Лисаков қалаларында.  Сонымен қатар, облыс бойынша 30 психокоррекциялық кабинет ашылған, оның алтауы Қостанай қаласында орналасқан. Бұл кабинеттерде агрессорлармен жүйелі жұмыс жүргізіледі. Қостанай, Рудный және Қостанай ауданында 3 арнайы сұхбат бөлмесі бар. Мұнда балалар мен әйелдерден жауап алу психологиялық тұрғыдан қауіпсіз жүргізіледі.

– Жыл басынан бері тталған дағдарыс орталығының жедел желісіне 89 адам телефон арқылы кеңес алды. Полиция мен әлеуметтік қызметтер тек шағымды қабылдап қана қоймай, пана, азық-түлік, психолог, заңгерлік көмек те ұсынады. Егер сіз немесе сіздің туысқандарыңыз, таныстарыңыз күш көрсету және моральдық зорлыққа ұшыраса, осы орталықтың қызметкерлеріне жолығыңыз, олар сізге моралдық және құқықтық көмек көрсетеді. Сондай-ақ, 102 нөміріне немесе 55-81-29, 111, 150 (күндіз-түні) сенім телефондарына хабарласыңа аласыз, – дейді Мәдина Валиева.

Күн сайын жанұяда береке көрмеген көптеген әйелдер мен балалар көмек сұрап келеді. Түрлі әлеуметтік ортадан шыққан әйелдердің басындағы жағдайлар бір-біріне ұқсас.

– Біздің орталыққа келетіндердің барлығына дерлігі күйеуінен зәбір көрген әйелдер не болмаса әке-шешеден жапа шеккен, ата-ананың бір ауыз жылы сөзін сезінбеген, ықыласына бөленбегендер. Оның сыртында әйелінен жапа шеккен ер адамдар да көмек сұрап келіп жатады. Қолдан келгенше қол ұшын берудеміз. Кейбір әйелдер болса, баламен үйде отырады, жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ. Сөйтіп, олар күйеуіне толықтай тәуелді болып қалған. Олар бізге келіп, өздерінің құқықтары туралы кеңес сұрайды. Тығырықтан шығаруға септігімізді тигіземіз, – дейді облыстық ПД жергілікті полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы Мәдина Валиева.

«Отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламауы мүмкін емес Кейде ашумен хабарласып, кейін өкініп жататын қыз-келіншектер де кездеседі», – дейді Мәдина Амангелдіқызы.

Тақырыпқа орай

Біз Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының белсенді мүшесі Мәрияш Қадыралиновадан осы мәселе тұрғысында жеке көзқарасын сұрап білгенбіз.

–Үйдегі зорлық көп жағдайда жасырын жүреді, әсіресе бәрі бір-бірін танитын ауылдық жерде қиын. «Арызданба», «дымыңды шығармай шыда», «жақсы әйел бол», жалпы «күйеуің мен отбасыңа кір келтірме» дегендей толып жатқан қысым бар». Әсіресе, қаладан шалғай жерлердегі аудандарда, ауылдарда мұндай жағдайға ұшыраған әйелдер не істерін білмей шарасыз күйге түседі. Ең өкініштісі, зорлық-зомбылықтың көбісі осындай жерлерде кездеседі. Олар мұндай орталықтар туралы мүлде білмейді. Сондықтан мұндай орталықтардың болғаны дұрыс. Соңғы жылдары отбасында жәбір көру, кісі шошырлық оқиғалары жиілеп кетті. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, жыл сайын әйелін тірідей өртеп жіберу, үйінде қорқытып ұстау сияқты жантүршігерлік оқиғалар көптеп тіркеледі. Алайда, ең өкініштісі – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарынан жыл сайын елімізде 600 әйел адам көз жұмады, – дейді профессор.

Зорлықтын түрлері:

— эмоциялық зорлық – балағаттау, қорлау, өзін-өзі құрметтеуді жоғалтуға әкелетін немқұрайлы қарым-қатынас, негізсіз қызғаншақтық;

— физикалық зорлық — отбасы мүшелерін мас күйінде немесе сау күйінде ұруды қолданатын эмоционалдық зорлық;

— экономикалық зорлық — үйден тыс жерде жұмыс істеуге тыйым салатын, ақша бермей, табысын жасыратын эмоционалдық зорлық;

— жыныстық зорлық — әйелдің қалауына қарамай жыныстық қатынасқа мәжбірлеу, зорлау, балаларды жыныстық зорлау;

— қауіп- қатер — отбасын тастап кетемін деп қорқыту, әйелін немесе балаларын ұру немесе өлтіру, өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу, заңға қайшы әрекеттер жасауға мәжбірлеу;

— балаларды анасына қарсы қолдану — әйелін өз балаларын ешқашан көрсетпейтіндігімен қорқыту, тастап кеткен балаларына қатысты өзін кінәлі деп санаумен қорқыту;

— қорқыту – жиҺаздарды немесе ыдыс-аяқты сындыру, қирату, үй хайуанаттарына қатыгез қарым-қатынас жасау, үйде қару-жарақ ұстау;

— айналасындағылардан оқшаулау — туысқандарымен және достарымен қарым- қатынасына шектеу қою.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суретті түсірген – Айдана МАРАТ